Basty bet
Қанағаттанарлық автожолдардың үлесі артып келеді
«Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» облыстық мәндегі автомобиль жолының 15 шақырымы орта жөндеуден өтуде
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне жағдай жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі екені белгілі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін ел өңірлеріндегі тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже.
Басқа өңірлер сияқты қасиетті Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, өңір тұрғындарын таза ауызсу жүйесімен, табиғи газ құбырымен, электр желілермен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен қамтамасыз ету мәселелеріне облыс басшылығының тарапынан да көбірек көңіл бөлініп отыр. Өңірдегі қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесін арттыру маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта аудан көлемінде қолға алынған бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылу үстінде.
Тұрмыстық игіліктердің бірі ретінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғырту, оның ішінде, басты қатынас құралы саналатын автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарын ерекше атап айтуға болады. Оның ішінде, ауыл-аймақтарды және алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын және ауылішілік көше жолдарын жөндеу жұмыстарының маңызы зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында инфрақұрылымдарды дамытумен қатар, автомобиль жолдарының жай-күйін жақсарту туралы маңызды міндет жүктегені белгілі.
«Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мен бұл туралы осыған дейін де айттым. Биыл елімізде 12 мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделіп жатыр. Қазақстанда мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды болмаған. Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды. 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі жүреді. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын» деді Президент.
Бұл мақсатта 2023 жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында барлығы – 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені белгілі. 2024 жылға жалпы ел қазынасынан 1 миллиардтан астам қаржы-қаражат қаралып, 40 жобаның аясында барлығы – 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. Қазір өңірдегі жол құрылысы бағытындағы жұмыстардың түгелге жуығы аяқталып та үлгерді.
Қазіргі таңда өңірдегі маңызды қатынас жолы саналатын – «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» облыстық мәндегі автомобиль жолының 15 шақырымы орта жөндеуден өту үстінде. Жұмысқа жауапты мердігер мекеме – тараздық «Corporation ABH» ЖШС. Аталған серіктестік аталған автожолдың 15 шақырымынан (Шыңбұлақ ауылының бұрылысынан) бастап аудан аумағын кесіп өтіп жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізіне қарай орта жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазір аталған автожолдың 8 шақырымына жуығы орта жөндеуден өтіп үлгерді. Жобаның 2025 жылға өтпелі екенін ескерсек, үлкен жолдың бойындағы жөндеу жұмыстары биыл күн суығанға дейін атқарылып, ал қалған бөлігінің құрылысы келер жылы жалғасын таппақ. Жол құрылысына бөлінген қазына қаражатының қомақты екенін ескерсек, жұмыстың сапасына баса мән берудің маңызы өте зор.
Жол құрылысына жауапты мердігер мекеменің учаске бастығы Нұргелді Қойлыбаев жол жөндеу жұмыстары биыл тамыз айының орта тұсында басталып, қазір аталған жол учаскесінде жөндеу және монтаждау жұмыстарының жобаның техникалық талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтады.
-Жол құрылысында ешқандай іркіліс болып жатқан жоқ. Құрылысқа қажетті материалдардың барлығы дерлік серіктестіктің өз зауытында өндірілген сапалы әрі отандық өнімдер. Құрылысқа қажетті шағал тас (щебень), цемент және ыстық асфальт серіктестіктің облыс орталығындағы зауытында өндіріліп, күнделікті осында жеткізілу үстінде.
Жол құрылысына қажетті арнайы техникаларға келсек, құрылыс-монтаж жұмыстары басталғалы бері мұнда жолдың табанын сырып, тегістеуге арналған автогрейдер, жол қопаруға арналған қуатты техника, су таситын көліктер, 10, 16, 18 тонналық грунттық катоктар, әмбебап жүктиегіш, дайын асфальтты жолға жайып-төсеуге арналған техника, жол құрылысына қажетті тракторлар және жолдың табанына битум шашуға арналған автогудронатор сияқты қуатты техникалар бар. Бұл өз кезегінде жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруға мүмкіндік береді. Айта кететін болсам, құрылыстың басында кәсіби мамандардан бөлек, жұмысшыларды қоса есептегенде, 20-ға жуық адам еңбектену үстінде.
Ендігі кезекте орта жөндеуден өтіп жатқан жол құрылысының сапасы туралы да айта кеткен жөн. Төселіп жатқан асфальт жабынының ені – 7 метрді құраса, жабынның қалыңдығы 6 сантиметрді құрауда. Мұның барлығы жобалық-сметалық құжатта көзделген негізгі техникалық талаптардың бірі. Біздің одан ауытқуға еш қақымыз жоқ. ЖСҚ-да жолдың ені 6 метр деп көрсетілсе, біз оны тағы да бір метрге үлкейтіп салып жатырмыз. Ең бастысы – жол құрылысының сапасына мән берудеміз,- дейді бізді жол құрылысының барысымен таныстырған учаске бастығы Нұргелді Ермаханұлы.
Жол жөндеу құрылысы жоғары сапаны талап ететіні сөзсіз. Бұл ретте аудан аумағындағы облыстық мәндегі автомобиль жолының құрылысына жауапты серіктестіктің атқарған жұмысына «пәлен-түген» деп баға беруден аулақпыз. Жол құрылысының сапасын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» тексеретінін жақсы білеміз. Ұлттық орталық қызметінің мақсаты – жолдарды салу, қайта құру, жөндеу және күтіп-ұстау, сондай-ақ жол активтерін басқару саласындағы жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптау екенін де сөз реті келгенде айта кеткен жөн. Орталықтың жұмысы жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде, жергілікті жолдарды тұтас қамтиды.
Қосымша айта кететін болсақ, биыл аудандық мәнге ие жалпы ұзындығы – 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі) орта жөндеуден өтсе, оған қоса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы – 11 жобаның аясында 12 шақырым жол жөнделді. Сонда биыл біздің өңірде барлығы 50 шақырымнан астам жол орта жөндеуден өтіп отыр. Бұл әрине, жақсы көрсеткіш. Жылдан жылға жол құрылысы қарқын алатын болса, өңірдегі қанағаттанарлық автожолдардың да үлесі артатыны анық.
Жол жөндеу ісінде аса маңызға ие бағдарламалардың бірі – «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында биыл 824,0 мың теңгеге 28 жобамен жалпы ұзындығы -28,47 шақырым жол жөндеуден өткенін айта кеткен жөн. Биыл жол жөндеу жұмыстары ауданға қарасты ауылдық округтердің басым бөлігінде жүргізілді.
Айтса айтқандай, жол – экономиканың күретамыры. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындарының күнделікті қарым-қатынас құралы саналатын ауылішілік және ауыларалық жолдардың сапасын арттыру өте маңызды мәселе. Осыған сәйкес, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының аясында өңірдегі үлкен ауылдардың бірі – Нұрлыкент ауылында жалпы ұзындығы жеті шақырымды құрайтын ауылішілік көше жолдарының құрылысы жүргізілді. Жалпы аталған ауылдағы көше жолдарының құрылысын атқаруға – 182 млн теңге бағытталып отыр.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»