Basty bet

ТҰРҒЫНДАР ТАЛАБЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАЙДЫ

Сәрсенбіде ауданның үш бірдей өңірінде аудан және ауылдық округтер әкімдерінің өткен жылдың қорытындыларына арналған есептік кездесулері өтті.
Көктөбе орта мектебінде аудан әкімі Олжас Қаржауов пен Көкбастау ауылдық округінің әкімі Ержан Серкебаев округ халқының алдында қорытынды есеп берді. Шараға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев, аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев, аудан әкімдігінің сала бойынша ұсыныс жасалған бөлімдері мен аудандық мекеме басшылары, тұрғындар қатысты.
Ауылдық округ әкімі Ержан Байұзақұлы жиынның күн тәртібінде тұрған мәселелерді атап өте келе, сөз кезегін учаскелік полиция инспекторы Диас Үсіпбаевқа берді.
Учаскелік полиция инспекторы есептік кезеңде аймақта өткен жылы алты қылмыс тіркеліп, оның біреуі ашылмағанын алға тартты. Қылмыстың алдын алу және болдырмау мақсатында 181 әкімшілік хаттама толтырылып, төрт азамат профилактикалық есепке алынған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сай қоршаған ортаны ластаған 16 азамат жауапкершілікке тартылған. Округ аумағында қаңтар айында елімізде орын алған жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар тұрғындар анықталуда. Жалпы тұрғындармен, жеке кәсіпкерлермен округ әкімі аппаратының қызметкерлерімен бірлесе отырып, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізілген түсіндірме жұмыстары нәтижесін берген.
Баяндамашы сөз соңында алдағы уақытта халықтың сенімін арттыру, округ тұрғындарын қауіпсіздендіру мақсатында жұмысты жандандыруға уәде етті.
Одан кейін округ әкімі Ержан Серкебаев өткен жылы аймақта атқарылған және ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарды шолып өтті. Оның айтуынша, өткен жылғы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған 6 мәселенің 4-уі орындалған. Ағымдағы жылы ауылдық округте шаруашылық ішілік каналдарды тазалау, Көктөбе орта мектебін күрделі жөндеуден өткізу, елді мекендерде шағын спорт алаңдарын ашу міндеттері тұр.
Баяндамадан соң кезек сұрақ-жауапқа берілді. Көктөбе ауылының тұрғыны Жапарбек Қасаболатов ауылдағы Жамбыл көшесін орта жөндеуден өткізу және жарықтандыру қажеттігін еске салды. Ол сонымен бірге аудан әкіміне ауылға кіреберіс тұстағы бастаудан 44 ауланың су алатынын айтып, осы су көзінің жолын тазалап, арнасын бұрып беруге ықпал етуін өтінді.
Теріс ауылының тұрғыны Аташбек Әмірқұл тәуелсіздік алғалы бері ауылда бірде-бір әлеуметтік нысан салынбағанын, мәдениет ошағы мен спорт кешенінің жоқтығын, балабақшаның мектепке ыңғайластырыла ашылғанын айтып, әлеумет үшін маңызды осынау түйінді мәселенің шешілуіне атсалысуды сұранды. Ауылдағы көп жылдан бері қаңырап бос тұрған бұрынғы мәдениет үйінің қабырғасы тастан қаланған, ішкі бөлмелері мен шатыры бүтін, алайда мемлекеттік сараптаманың қорытындысымен жарамсыз деп танылған. Теріс ауылының тұрғыны Қалан Мәмбетәлиевтің пікірінше, бұл мәдениет үйі жөнделсе, әлі талай ұрпақтың кәдесіне жарайды, ол үшін тәуелсіз сарапшы тартып, қайта сараптама жасату қажет.
Бұл сұрақтарға жауап ретінде аудан әкімі Олжас Қаржауов ескіні жамағаннан, жаңа ғимарат тұрғызудың пайдалы екенін алға тарта отырып, тұрғындарға елді мекендердегі есептік жиындар аяқталғаннан кейін ауылға арнайы барып, аталған мәдениет ошағын бірге көруге уәде берді.
Тұрғындар бұдан бөлек, ағын судың тапшылығы, елді мекендерден спорт инфрақұрылымдарын салу, тозған электр бағандарын ауыстыру және т.б. сұрақтарды көтерді. Бұл сұрақтарға аудан әкімі Олжас Қаржауов тұшымды жауап берді.
Жиында аудандық соттың төрағасы Бабырхан Әбуев сөз алып, тұрғындарға сот жүйесінде биылдан бастап енгізілген жағымды жаңалықтармен бөлісті.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close