Basty bet

«Спорт деген бір сиқыр…»

Ардагер спортшы Нұргелді Темірбеков 40 жасынан кейін-ақ чемпион атанды

Қазақ күресінен Қазақстан және әлем чемпионаттарының жүлдегері, ардагер спортшы, балуан Нұргелді Темірбеков 1962 жылы Жуалы ауданына қарасты Шыңбұлақ ауылында туған. 1977 жылға дейін ауыл мектебінде, 1981 жылдан Алматы құрылыс техникумында оқыған. Екі жыл әскер қатарында болып, әскери борышын өтеп келген естияр әрі еңбекқор азамат 1983-1991 жылдары аралығында «Жуалы жүн өңдеу» фабрикасында әртүрлі жұмыстар атқарған.

Еңбекпен егіз жаратылған іскер азамат Н.Темірбеков жаңа заманның талабына сай 1991 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, әлі күнге дейін отбасылық кәсіпті дөңгелетіп келеді. Биыл алпыс жастың асқарына иек артқан азаматтың кәсіпкерлік салада жеткен жетістіктері де аз емес, әрине. «Жігітке жеті өнер де аз» дейтін болсақ, біз бұл мақалада Нұргелді Нышанұлының балуандық қыры мен спортта жеткен жетістіктері мен өзі күнделікті өмірде ұстанатын саламатты өмір салты жайында әңгімелейтін боламыз.
-Ауылда туып, ауылда еңбекпен есейдік. Біз жастайымыздан еңбекке араласып, шынығып өскен ұрпақтың өкіліміз. Жас кезімде спортпен тиіп-қашып жүріп айналысқаным болмаса, бұл салада бәлендей жетістігім жоқ. Қырық жастан асқаннан кейін ғана қазақша күреспен айналыса бастадым. 2009 жылдан бастап спартакиадаларда жүлдегер болып жүрдім. 50 жастан бастап гір тасын көтеруден облыстық жарыстарда жүлдегер атандым. 2016 жылы қазақ күресінен облыстық және республикалық спартакиаданы ұтып, чемпион атандым. Ал 2012 жылдан бастап самбо күресінен Қазақстанда өтетін чемпионаттарға қатысып, әрдайым алғашқы үштіктен көрініп келемін,- дейді ардагер спортшы.
«Спорт деген бір сиқыр» деп қазақ спорт журналистикасы саласының негізін қалаушы, журналист-жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың сөзімен айтатын болсақ, Нұргелді Темірбековтың спорттағы жарқын жетістіктері туралы ауыз толтырып айтуымызға болады. Ол 2017 жылы өзі қатарлас ардагер спортшылар арасында самбодан Қазақстанның чемпионы атанып, Грекия елінің Солоника қаласында әлем чемпионатына жүлделі үшінші орынды қанжығасына байлап, әлемдік жарыстан тұңғыш жүлдені олжалады. Ал содан араға бір жыл салып, 2018 жылы елімізге жаңадан келген грэпплинг күресімен айналысып, ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан кубогын ұтып алады. 2019 жылы Тараз қаласында грэпплинг күресінен өткен елішілік жарыста қарсылас шақ келтірмей, Қазақстанның чемпионы атанды. Ал былтыр желтоқсан айында Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан чемпионатында еркін және грек-рим күресінен екінші жүлдеге ие болуын кездейсоқтық деп қалай айтамыз?! Мұны, әрине, ардагер спортшының бір қыры және шеберлігі деуімізге болады.
2022 жыл ардагер спортшы үшін жеңісті болып басталды. Дәлірек айтсақ, 16 наурыз күні Алматы облысының Талғар қаласында қол күресінен өткен жарыста үшінші орынның биігінен көрінді. Сонымен қатар, сәуір айының басында Жамбыл ауданының Аса ауылында дзюдо күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Онда да 60 жастан асқан спортшылар арасында екінші орын алады. Ал жарыстың екінші күні 50 жастан асқандар арасында үшінші орынға табан тірейді. Ардагер спортшы Талғар қаласындағы ел чемпионатында қол күресінен жүлдеге ілінгендіктен, сәуір айының 25-30-ы аралығында Өзбекстан Республикасының Самарқан қаласында өтетін Азия чемпионатында бағын сынап көруге бел буып, жүйелі дайындық жасап жатыр.
-Спорт пен күнделікті дене шынықтырумен айналысу ең алдымен адамның денсаулығын нығайтып, дене бітімін сымбатты етумен қатар, сонымен бірге, ішкі рухын да шыңдайды. Спортпен шындап айналысқан адам ешқандай жаман қылық жасап, жағымсыз әдеттерге бармайды. Мен мұны өз тәжірибемнен білемін. Менің өмірлік қағидам Абай атамыз айтатын: «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға» қағидасы. Мен мұны өз балаларыма, замандастарыма айтудан жалыққан емеспін.
Спортқа бала күнімнен әуес болдым. Қызығушылықпен бірқатар спорт түрлерімен айналысып көрдім. Соның ішінде жаныма ең жақыны – қазақ күресі. Ең алдымен қазақ күресін әлемге жайып, даңқын асырған әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы болатын. Құдайға шүкір, қазақ күресі осы күнге дейін өз биігінен төмендеген емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен соңғы 10 жылдың көлемінде қазақ күресінен «Қазақстан барысы», «Әлем барысы» республикалық және халықаралық турнирлер қолға алынып, жемісті өткізіліп келеді. Бұл – біздің мәртебеміз бен бақытымыз.
Спортпен айналысу менің – жан қалауым, сүйікті ісім, хоббиім деп айтсам да болады. Өмірімді спортсыз елестете алмаймын. «Спортзалға бар, шынық, жарыстарға қатыс» деп қинап жатқан адам жоқ мені. Маған ешкім қаржылай да көмектер беріп жатқан жоқ. Бәрін өз қалауыммен жасап жатырмын. Кейбір қатарластарым және бірге жаттығып жүрген жастар маған: -Сіздің спортзалға келуіңіздің өзі жастарға үлкен мотивация береді,- дегенді жиі айтады,- дейді Н.Темірбеков.
Ардагер спортшы қатысқан жарыстардың қай-қайсысынан болсын, жүлдесіз қайтқан кезі жоқ. Мұның бәрі әрине жүйелі түрде еңбектенудің арқасы және ащы тердің өтеуі. 60 жасқа келсе де спорттан қол үзбей, өзінен кейінгі жастарға саламатты өмір салтын ұстану арқылы үлгі-өнеге болып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген айтулы спортшының бағындырар белесі мен жеңісті жолы әлі алда деп білеміз…

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close