Basty bet
ҚАЗАҚҚА КЕЛІН БОЛҒАН ОРЫС ҚЫЗЫ
«Қазаққа келін болған – нағыз бақыт». Қазақ отбасына келін болып түскен Зина Иванова осылай дейді. Зинаның айтуынша, ұлт мәселесі еш қиындық туғызбайтын көрінеді. Зина үлгілі келін болуға, салт-дәстүрді сақтап жүруге әрқашан тырысады.
Шынымды айтсам, бала күнімнен қазақ балаларымен бірге ойнадым. Бірақ, отбасылық өмірімді қазақ жігітімен байланыстырамын деп ойламаппын. Асқармен шаңырақ көтеруге сөз байласқанда, бұған әке-шешем де, ағаларым да қарсы болмады. Сөйтіп, қазақ отбасының табалдырығын аттадым. Ата-енем мені өз қызындай бауырына тартты. Олар – өте мейірімді, адал, сабырлы, ауылдастарымыз сыйлайтын қарапайым жандар. Менің жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырып, қолдау көрсеткенін жадымнан шығармаймын.
Марқұм ата-енем 5 бала тәрбиелеген көпбалалы отбасы. Қайын апа-қайын сіңлілеріммен татулығымыз жарасқан.
Қазақ халқының әр салт-дәстүрі мен жоралғысының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Ата-енемнің өмірден өткені өкінішті-ақ. Үйімізден әлі күнге қонақ үзілген емес.
– Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Жолдасыммен де, балаларыммен де қазақ тілінде тілдесеміз. Келін болғаныма биыл 10 жыл толып отыр. Үлкен әулетке түскеніме қуанамын. Қазір 4 бала тәрбиелеп отырған анамын. Олардың есімін де қойған ата-енем. Қазақ отбасында бұл үлкен маңызға ие. Барлық салт-жоралғыларды ұстанып, қазақилықты бойыма сіңіріп жүрмін. Жалпы отбасымызбен қазақтың да, орыстың да мерекелерін бірге атап өтеміз. Әртүрлі әдеттер мен дәстүрлер жолдасым екеуміздің ара қатынасымызға ешқандай сызат түсірмейді. Ең бастысы – сыйластық, – дейді Кенжебековтар әулетінің келіні Зина.
– Қазақтың келіні болған шынымен де керемет екен. Мен барлық салт-дәстүрлерді ұстанамын, қолдаймын. Ал бәрінен бұрын, туыстардың көп болғаны жақсы екен. Қазаққа тұрмысқа шыққаныма қуанамын. Аралас некені сөгетіндерге айтарым, жаман ұлт болмайды, жаман адам болады дер едім. Бізге ең қатты ұнайтын мереке – Наурыз мейрамы. Бұл кезде сүрленген етімізді асып, көжемізді қайнатып, таң атқаннан бауырсақ пісіріп, қонақ күтуге әзірленеміз, – дейді Зина Николаевна.
Лаура Мұсабекова,
“Жаңа өмір”