Basty bet

Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған

өзбек ұлтының өкілдері өркен жайып келеді

Ресми деректерге қарағанда, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыстар бар. Оларды қасиетті қазақ жерінде қазақ халқымен тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған деп айтуға болады. Біздің елде тұратын өзге ұлттардың өкілдерімен бірге бір атаның балаларындай тату болып ғұмыр кешіп, тірлік етіп, жарқын болашақтың негізін бірге қаласып келе жатқанымызға да біраз ғасырлардың жүзі болды. Бұл – қазақ халқының біздің жеңісіміз. Бұл – достық пен биік адамгершілік қасиетінің жемісі. Бұл үрдістің болашақ ұрпағымызға да үлгі болып қала беретіні сөзсіз.

Өзбек ұлтының өкілдерінің де қасиетті Жуалы жерін құтты қоныс еткендеріне бір ғасырға жуықтап отыр. Бір айта кетерлігі, осындағы өзбек ұлтының өкілдері Мажитовтар, Исмайловтар, Мамаджановтардың отбасылары біздің ауданда 1917-ші жылдан бері тұрады екен. Газетіміздің өткен сандарында Мамаджановтар әулеті туралы, оның ішінде осы әулеттің ұрпағы, ата жолын жалғастырушы айтулы азамат Шәкіржан Мамаджанов жайында мақала жазсақ, ендігі кезекте тағы бір өзбек жанұясы Исмайловтар әулетінің ынтымақты тірлігі, қазақ халқымен арадағы мызғымас бірлігі туралы қалам тербегенді жөн көрдік.
Осыдан бір ғасырдай уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстанның сансыз бабты Сайрам ауданынан қасиетті Жуалы жеріне табан тіреген Исмайыл қарияның осындағы шаңырағының түтінін бүгінде немересі Рустам мен келіні Гүлчехра түтетіп отыр. Бізді бұл отбасына бастап алып барған өзбек ұлтының өкілі, еңбек ардагері Шәкіржан Мамаджановтың айтуынша, Рустам ағаның бабасы Исмайыл өткен ғасырдың 1920-шы жылдары Жуалыға қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауданынан қоныс аударған. Исмайыл қария «Түркісіб» теміржол торабының аудан аумағынан өтетін бөлігін салуға атсалысқан екен. Содан бұл әулет осында біржолата тұрақтап қалады.
Ел іші болған соң ондағы ұлттар да бір-бірлерімен араласпай тұрмайды. Исмайловтардың жергілікті қазақтарға қыз беріп, құда-жекжат болып келе жатқанына да біраз уақыт болды. Алғашында Исмайылдың қызы Зебінша ауданға белгілі Сопын ақсақалдың шаңырағына келін болып түседі. Дәлірек айтқанда, Сопын ақсақалдың ұлы Бейсенбек өзбек қызы Зебіншаға үйленіп, отбасын құрады. Исмайылдың әйелі Ташхан апаның туған сіңлісі Ұғылтай Жуалының түлегі, генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевтың анасы болатын.
-Мен 6, 7, 8-ші кластарда аудан орталығындағы Герцен атындағы мектепте Бақытжан Ертаевпен бірге оқыдым. Бақытжанның әкесі Ертай ертерек қайтыс боп кеткен соң, анасы Ұғылтай әпкеміз аудан орталығына көшіп келді. Олардың отбасыларының осында көшіп келуіне Ахмаль Исмайловтың әпкесі Зебінша әпке себеп болды. Бәріміздің үйіміз қатар болатын. Бала кезімізде Бақытжанмен бірге оқып, бірге балалық шағымызды өткізгенімді мақтан тұтамын. Өте өнегелі отбасы болатын. Бақытжан мектепті үздік бітірген соң Ташкент қаласына әскери училищеге оқуға түсіп, содан өмірінің көп бөлігін әскери қызметке арнап, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылуына да сүбелі үлес қосты,- дейді Шәкіржан Мамаджанов.
Исмайловтардың жанұясы аудан орталығындағы қазіргі базар маңында тұрған екен. Онда ол жерлерде «землянка» деп аталатын шағын үйлер болыпты. Ауданның таулы аймағынан келетін кісілердің көбісі осы үйге түседі екен. Содан да болар, қонақжай бұл жанұя жергілікті қазақтармен жақсы сыйласып, құдалы-құдандалы болып кетті.
– Әкем Ахмаль ауданда тауар дайындаушы болып, біраз жыл жұмыс істеді. Көбінесе, таулы өңірдегі ауылдардан жүн-тері жинап, аудан орталығындағы тауар дайындайтын мекемеге өткізетін. Содан Рысбек батыр ауылынан Қылышбай деген кісімен, кейіннен оның балалары ағайынды Бегім, Шеріммен бірге жақсы сыйлас, жекжат болып, жұмыс жасады. Қазір біз ол кісілердің жанұяларымен жақын араласып тұрамыз. Ал анамыз Шарапат үй шаруасында болған кісі. Әкем мен анам отбасында екі ұл, үш қыз өсіріп, тәрбиеледі. Үлкеніміз Мұхтар автобазада жұмыс істеді. Бір өкініштісі, ертерек қайтыс болып кетті. Артында жеңгеміз Ғалия мен үш баласы қалды. Әпкем Махсуда мен қарындасым Мархамат екеуі Ташкент қаласында тұрады, отбасы, балалары бар. Ең кішіміз Мамләкәт деген қарындасымыз. Ол осында тұрады.
Келіншегім Гүлчехра екеуміз де аудан орталығындағы Ш.Үлеков басқарған пүліш тігін фабрикасында жұмыс істедік. Мен шебер болып жұмыс жасадым. Кейіннен фабрика тоқырауға ұшырап, жабылып қалды. Содан 1999 жылы несие алып, мақсары дақылынан май шығаратын цех аштық. Оған Меркі ауданында тұратын Бахадур деген досым себепші болды. Бұл кәсіп отбасылық кәсіп болған соң жұмысты өз үйімізде жүргіземіз. Шаруалардан мақсары қабылдап, май шығарамыз. Өткізген мақсарысы үшін шаруалармен маймен немесе ақшалай есеп айырысамыз. Экологиялық таза өнімге қашанда сұраныс жоғары. Құтыға құйылған өнімдерімізді облыс орталығына, Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау қалаларына жөнелтіп жатырмыз. Облыс орталығында болатын азық-түлік жәрмеңкелеріне де шығып тұрамыз,- дейді отағасы Рустам Исмайлов.
Исмайловтар әулетінің қара шаңырағында тұратын Рустам мен Гүлчехра отбасында екі ұл, екі қызы тәрбиелеп өсірді. Үлкен ұлдары Ильхам мен келіні Шырын Алматы қаласында тұрады. Екінші ұл Сухраб ауданда теміржолда байланысшы болып еңбек етуде. Ал Дильназа Түркістан облысына қарасты Ақсукент ауылына тұрмысқа шыққан екен. Қазір сонда денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп жүр. Кенже қыздары Дильфузаның мамандығы тіл маманы, аудармашы. Қазақ, өзбек тілдерімен қатар, орыс, ағылшын, түрік, қытай тілдерін еркін меңгерген білікті маман.
-Жуалы ауданындағы жергілікті қазақтармен біздің әулеттің құда болғанын жоғарыда отағасы Рустам әңгімелеп берді. Біздің отбасы да жақында ғана тағы да қазақ жанұясымен құда болып отырмыз. Осыдан үш ай бұрын кіші қызымыз Дильфузаны Талдықорған қаласында тұратын қазақ отбасына, дәлірек айтқанда, Арғын руының жігітіне ұзаттық. Күйеубаламның есімі Мират. Құда-құдағиларымыз өте жақсы кісілер екен. Негізінен, ұлттардың арасындағы достық, ынтымақтастық қатынастары осылай жақын араласқанда одан да берік болып, беки түседі екен. Біз осыған көп жылдан бері көз жеткізіп келеміз.
Өзімнің анам Умиренса Ешметова Арыс қаласында Киров, Жангелдин атындағы қазақ орта мектептерінде 42 жыл бойы физика-математика пәндерінен ұстаздық етті. Содан мен де өз жастайымнан қазақтардың ортасында өсіп, қазақ тілін еркін меңгеріп алдым. Қазір біз тұратын Б.Момышұлы ауылының Бейсенбек Сафинов көшесінде қазақ, орыс, шешен ұлтының өкілдері бір-бірімен тату-тәтті тұрады. Жыл сайын Наурыз мерекесін атап өтеміз. Көше болып жиналып, құдайы тамақ таратамыз. Бір сөзбен айтқанда, интернационал көшеде тұрамыз,- дейді Гүлчехра Сатыбалдықызы.
Тағдыр табыстырған, тарих тамырластырған, достығы мен бірлігі жарасқан ұлттардың бауырластығы һәм өркен жаюы тәуелсіз еліміздің де гүлденуінің негізгі түпқазығы болмақ…
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close