Basty bet
Даналықтың негізгі көзі
Жырымен ғасырларға үлгі болған Абай – қазақ поэзиясының тәңірі, құдіретті ақыны, қуатты таланты. Биылғы жылы Ұлы Абайдың туғанына 175 жыл толып отыр. Осы ретте, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның 175 жылдық мерейтойын республикалық деңгейде тойлау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің қаулысымен 10 тамыз Абай күні деп белгіленді. Бұл мерейлі күнді ұлт ретінде ұзақ күткеніміз рас. Абай хакімнің бай мұрасын, оның асқақ тұлғасын биік тұғырға шығару бір күнге байланып қалмайтыны белгілі. Дегенмен, дербес күн белгіленіп, Үкімет тарапынан қаулы қабылдануы қазақ баласының тағы бір жаңа белеске көтерілгендігін көрсетеді.
Абай тағылымына тағзым ету – рухани жаңғырудың үлкен кезеңі. Осы ретте, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директоры Гүлнар Мұсаханованың бастамасымен челендж ұйымдастырылып, әр бірлестіктің апталығында Абайдың 175 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар өткізіліп отырды. Әр сынып данышпан ақын Абайдың өнер, білім туралы өсиеттерін, өлеңдерін паш ету және білім алушылардың қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында «Абайды оқы, таңырқа» тақырыбында сынып сағаттарын өткізді. Ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, өз үлестерімен мектеп қоржынын жүлделермен толықтырып қуантты.
Атап айтар болсақ, Балнұр Реймбаева аудандық «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» тақырыбындағы аймақтық байқауда І дәрежелі және аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» байқауында ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұйымдастыруымен «Ұлы Абайға- 175 жыл» атты фестивальға қатысып, «Сахна саңлақтары» номинациясымен қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Г.Хабдуллаева, Ж.Көшкімбаева және бастауыш сынып мұғалімі А.Бозтаева марапатталып, шәкірттерімен мектептің абыройын асқақтатты.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ұйымдастыруымен «Абай тағылымы» атты облыстық фестивальда Абайдың қара сөздерін оқып, 10 сынып оқушысы Аяжан Асқар ІІІ орынды иеленді, жетекшісі Гүлбану Нысанбекова Алғысхат иеленді. Республикалық «Абайға арнау» онлайн мәнерлеп оқу байқауынан 7 сынып оқушысы Асылжан Тұрсынбек І орынды қанжығасына байлады. Жетекшісі – Сүлейменова Айжан.
Көптеген ұстаздарымыз шәкірттерін республикалық «Абай әлемі» және «AL-FARABY» білім қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай республикалық «Абай жолы» атты жас көркемсөз оқу шеберлерінің арасындағы сайысқа қатыстырып, мектебіміздің біраз шәкірттері жүлделі орындар иеленіп, ұстаздары Алғысхаттармен марапатталды.
Абайдың шығармашылығы – даналықтың, рухани жаңғырудың негізгі көзі. Мектебіміздің кітапхана меңгерушісі Гауһар Шитебаева ашық есік күнінде оқушыларымызға «Әлем таныған Ұлы Абай» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырып, кітап нәрімен сусындауға баулу мақсатында өз үлесін қосты. Оқушыларды өз тарапынан ынталандыру Алғысхаттармен марапаттады. «Ұлы ақын – Абай» тақырыбында мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері 5-8 сынып оқушылары арасында дөңгелек үстел өткізді.
Абай – қазақтың, адамзаттың ұлы. Абай – қайта тумас бір әлем. Абай әлемінде қазақ халқының болмысы, жан азабы мен ой тереңдігі жатыр. Абай халықтан сарқылмас нәр алды. Ал халқы Абайдан өзінің биік тұлғасын көрді. Халық Абайға қарап ой түзеді, Абайға қарап бой түзеді. Халық пен Абайдың тұтастығы – мәңгілік. Абайды әр жаңа ұрпаққа, әр пендеге қала берді, бүкіл адамзатқа жақындастыруға қадам жасау әр қазақтың борышы деп білеміз.
Гүлбану Нысанбекова,
Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының
ғылыми-әдістемелік
ісі жөніндегі орынбасары