Basty bet

Жерлесіміз «Жыл меценаты» атанды

Жұма күні Тараз қаласында Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта «Жомарт түлек» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті.
«Жомарт жүрек» сыйлығы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен елімізде қайырымдылық саласын дамытуға елеулі үлес қосқан жанашыр жандарды іздестіру және көтермелеу, оларға қоғамдық назар аудару мақсатында тағайындалған. Аталған сыйлық «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төрт жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.

Шараға қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халқымыздың қасиетті құндылығы қайырымдылық жайлы айта келіп, өңірімізде атқарылып келе жатқан қайырымдылық шаралар туралы айтты.
-Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қолға алынған «Жомарт жүрек» жобасы біздің өңірімізде де табысты жүзеге асып келеді. Қамқорлықты қажет ететін отбасыларға біздің демеушілеріміз, кәсіпкерлеріміз үнемі қайырымдылық танытып келеді. Бұдан бөлек, облыста «Жомарт түлек» жобасын жүзеге асырудамыз. Ондағы мақсат – табысты түлектерді өзінің мектебіне, туған ауылының әлеуметтік мәселелерін шешуге, өркендетуге тарту, сондай-ақ, олардың өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсыну. Сонымен қатар, халқымызды бірлікке үндейтін «Асарлатып үй салу жобасын» қолға алған болатынбыз. Ежелден келе жатқан игі дәстүр – асар әдісін қайта жаңғыртқан бұл бастама аясында кәсіпкерлер мен қайырымды жандардың атсалысып, көптеген мұқтаж отбасыларға үй салып беруде. Біз бірлігіміз бен ұйымшылдығымыздың, табандылығымыздың арқасында барлық қиыншылықты еңсере аламыз,-деді облыс әкімі.
Бұдан соң, облыстық деңгейдегі «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жыл меценаты», «Жылдың үздік ұйымы» номинацияларының лауреаттарының марапаттары тапсырылды.
Байқау лауреаттарының қатарынан жуалылық жаны жомарт жандардың бірі Талғат Турумбаев та табылды. Яғни, «Жыл меценаты» номинациясының жеңімпазы Турумбаев Талғат Ералыұлы республикаға жолдама алды.
Талғат Турумбаев Жуалы ауданының тумасы, Сингапурдегі «Kusto Group Pte.Ltd» компаниясының директоры. Кәсіпкер аудандық орталық ауруханаға жалпы құны 109 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алып берді. Оның ішінде заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған реанимобиль (Автомобиль ГАЗ NEXT 733 AR 08), 30 оттегі баллоны, 3000 дана жеке қорғаныш киімдері, медициналық қызметкерлер жұмыс барысында күнделікті пайдаланатын қорғаныс құралдарын (5000 дана «КН-95» маркалы респиратор, 5000 дана бір рет және көп рет қолданылатын арнайы қорғаныс костюмдері, бір рет қолданылатын медициналық қолғаптар) және 10 дана оттегі концентраторлары бар.
Сонымен бірге өзі білім алған №29 орта мектебіне 2,5 миллион теңгеге 20 компьютер, 1 принтер, мектептің спорт залына 2 баскетбол құрылғысы (щит) сыйлаған.
Барлық жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай (200 мың теңгеден) сыйлықтар табысталды.
Қуанышты жаңалықты ауданға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова алып келді. Айта кету керек, Талғат Турумбаев бүгінгі таңда шет мемлекетте болғандықтан аталған сыйлықты досы, сыныптасы №29 орта мектебінің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұрлан Баймұхамбетовке тапсырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызымен марапаттау рәсімінен алған әсері жайлы бөліскен едік. Себебі, қайырымдылық жасау, кісіге жақсылық жасау – адам бойындағы ең жоғары қасиеттердің бірі. Қайырымды жан жақсылықты біреуге өзін көрсету үшін немесе мақтаныш үшін жасамайды. Алайда жақсылықты айналасы дұрыс сезініп, оны бағалап жатса, ондай тамаша сәт адам жанын одан әрі байытып, жүрегін нұрға бөлейді.
-Іс-шара ұйымдастырылған саябақтың ішінің өзі, аурасы әдемі. Айналадағы жасыл желек, іс-шараға келген адамдардың эмоциясы адамға ерекше әсер береді.
Мәселен, «Туған өлке» номинациясы бойынша Еркінбек Қуатбеков деген азамат лауреат атанды. Ол азамат ауылына Street workout алаңшасын соғып берген екен. Алайда бұл азамат Нұр-Сұлтанда болуына байланысты өзі келе алмапты. Орнына анасы келді. Кез келген ата-ана үшін балаң жақсы деген сөз есту, баланың жетістігін көруден асқан бақыт бар ма?! Осы арада баланың бақытынан басы айналған ананың жүзін көру кермет екен!
Одан кейін Шудан «Жыл тұлғасы» номинациясының жеңімпазы атанған Ғалия Әділқызының қуанышы. Жалпы ішкі жандүниесі бай, жаратылысынан жақсылыққа жаны құштар жанның жүзі де нұрланып тұрады. Ал, ондай жандардың еңбегінің бағаланып, қоғамның елегенін көріп, марқайғанын, жүздеріндегі қуаныштың лебін көру тамаша әсер екен.
Сонымен бірге «Ең үздік ұйым» номинациясын иеленген «Жамбыл облысының іскер әйелдері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меруерт Лештаева мен бірлестік мүшелерінің қуанышын көрдім.
Біздің ауданнан «Жыл меценаты» атанған Талғат Турумбаевтың марапатын алған досы Нұрлан Есімбекұлы да досының бала кезден «Менің қолымнан келмейді, мен істей алмаймын» деген сөзді айтпау керек деп айтатынын, сосын өз бетінше отырып, ертегідей әңгімелер жазатынын, яғни ерекше жаратылған жан екенін айтты.
Әлемде пандемия басталғанда жерлесіміздің анасы, артынша қарындасы осы індеттің салдарынан қайтыс болыпты. Осындай ауыр жағдайларды бастан өткізген азамат туған еліме, жеріме көмек болсын, ешкім қиналмасын, жерлестерім көмекке зәру болмасыншы деген ниетпен реанимобиль көлігін алып бергенін айтты.
Жалпы, бұл шарадағы адамдардың шынайы қуанышынан, бір-біріне деген құрметтерінен, мейірім-шапағат, жақсылық сезімдерінен ерекше ләззат алдым – дейді Анар Садыққызы.
Иә, адамдардың осындай сәтін, жүзіндегі нұрды, қуанышты өз көзіңмен көрудің, сезінудің өзі түсінген адамға бір бақыт, бір ғанибет.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close