Basty bet

мамандығын мақтан тұтатын кәсіби ветеринар

Бүгінде малдың жай-күйін баласынан кем күйттемейтін ауыл адамы таңертеңгі тірлігін алдымен қора-жайынан бастайтыны белгілі. Ежелден мал бағуды кәсіп еткен халқымыз бір-бірімен сәлемдескенде ең алдымен “мал-жаның аман ба?” деп сұраған. Осынау қағиданы ұстаным еткен ата-бабаларымыздың кәсібі әлі күнге дейін жалғасып келеді. Төрт түліктің саулығына жауап беретін ветеринария саласы, бүгінгі күнде де маңыздылығын еш жоғалтқан емес. «Медицина адамды емдесе, ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген нақыл сөз текке айтылмаса керек-ті.
Ауданның ветеринария саласында 40 жылдан аса тұрақты еңбек етіп келе жатқан білікті де білімді маман Ерғали Қыдыралиев артынан ерген әріптестеріне үлгі-өнеге көрсетіп келеді. Саналы ғұмырын саланың дамуына арнап, ауылда мал шаруашылығының өркендеуіне өз үлесін қосып келеді десек, артық айтқандық емес.
Мамандығын бес саусағындай жетік меңгерген Ерғали Қыдыралиев 2000 жылдан бастап, бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінінің Жуалы аудандық аумақтық инспекциясының бас маман- ветеринариялық-санитариялық инспекторы ретінде табан аудармастан жемісті еңбек етіп келеді. Осынау уақыт аралығында талай жұқпалы аурулар кезеңін бастан өткеріп, ауыл халқының алғысына бөленген кейіпкеріміз, қайнаған тірліктің ортасында жүріп, төрт түлікпен бірге, ұлт саулығы жолында қызмет ету үстінде.
– Ветеринария саласын таңдауым саналы түрде жасалған қадам болды. Себебі, көзімізді ашқалы көргенім – ауылдың өмірі. Атам қазақ ықылым заманнан мал шаруашылығымен айналысқан. Отбасында әкем малшы болып еңбек еткен. Содан да болар, бала кезімнен осы бір атакәсіптің дамуына өз үлесімді қосқым келді. Ауылды дамытатын іспен айналысуым керек деп шешім қабылдадым. Осылай, ветеринария саласына келдім,- дейді Ерғали Қалашұлы.
Құлан ветеринариялық техникумын «ветеринар» мамандығымен бітірген жас маман алғашқы еңбек жолын бұрынғы М.Горький атындағы колхозда мал дәрігері болып бастайды. Ол тұста бұл салада мамандар саусақпен санарлықтай еді. Аға мамандар оған өз тәжірибеcімен бөлісіп, саланың қыр-сырына үйретті. Кейіннен КСРО ыдырап, колхоз тарағаннан кейін ол Қарасаз ауылдық ветеринариялық пунктінде мал дәрігері және меңгеруші болып еңбек жолын жалғастырады.
Мал шаруашылығы – өте ауыр сала. Бұл саланың маманы ең алдымен, мал иелерімен тіл табысуы керек. Өз-өзіңді дамытып отырудың да маңызы зор. Себебі, ветеринария саласында жылма жыл енгізіліп жатқан жаңалықтар көп дейді ветеринар маман әңгіме барысында.
Саналы ғұмырын ветеринария саласының дамуына арнаған аға маман Ерғали Қыдыралиев былтыр мерейлі 60 жасқа толуына орай, ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” салалық медалімен наградталды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы абыройлы еңбегі үшін Құрмет грамотасымен бірнеше мәрте марапатталған. Өз мамандығын мақтан ететін ветеринар бұл салаға екі білекті сыбана кірісетін, қиындықтан қорықпайтын мамандардың көптеп келіп жатқанын аса зор мақтанышпен жеткізді. Мәртебелі мамандықты мақтан тұтатын Ерғали Қалашұлының айтуынша, аудандағы ветеринар мамандардың саны 103-ке жетіп отыр.
Ветеринария саласы қиындығы мен қызығы қатар жүретін, құпиясы көп сала және де салғырттықты көтере бермейтін мамандық екенін жақсы білеміз.
Малдың қауіпті кеселге шалдығуын болдырмай, төрт түліктен алынатын азық-түлік өнімдерінің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандардың мәртебесі қашанда биік!

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close