Basty bet

Аудандық ұйым “үздік” деп танылды

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің жалпы жиналысы өтті. Оған аудан әкімі Жалғас Мұртаза, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы, аудандық сот төрағасының міндетін атқарушы Байжан Жамалбекұлы, ауылдық округ әкімдері, ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, мүшелері, әкелер, аналар алқасының жетекшілері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестіктің аудандық филиалының 2022 жылы атқарылған жұмыстары туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев ауқымды баяндама жасады.
Екінші облыс ардагерлері кеңесінің жанынан құрылған Билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов аудандық билер кеңесі жұмысының жетістіктері мен кемшіліктері туралы баяндады. Баяндамашы Б.Момышұлы ауылдық билер кеңесінің төрағасы Шора Искаковтың жұмысын жоғары бағалап, алғысын білдірді. Сонымен бірге Оңласын Қарабайұлы аудандық соттан билер кеңесіне берілген кабинетті жабдықтап, тиісті іс-шараларды ұйымдастыру, БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, ауданда алты ауылдық округте билер кеңесіне кабинет беру туралы мәселелерді көтерді.
Аудандық аурухананың ардагерлерге көрсеткен медициналық көмегі туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев баяндады. С.Шерелханұлы бас дәрігермен емханада алдағы уақытта айына бір күн уақытын белгілеп, ардагерлерге қызмет көрсетуге және “Айша бибі” шипажайына айына үш ардагерге тегін жолдама беруге келісіп отырғандықтарын жеткізді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ардагерлерді сауықтыру орталықтарына көбірек жіберуді ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Налекова бөлім арқылы ардагерлер мен мүгедек жандарға үкімет тарапынан көрсетілген көмектер туралы баяндады.
Баяндамашыға ардагерлер сұрақтарын жолдап, жауап алды.
Облыстық арадагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысына оң баға берді. Әрі қарай да қариялар халықтың ауызбіршілігі, ынтымағы жолында ұйымшылдық таныту керектігін, сонымен қатар ардагерлер кеңесіне жергілікті билік тарапынан әрдайым қолдау қажеттігіне ерекше тоқталды. Ардагерлерді идеологиялық жұмыста белсенді болуға шақырды.
Сөз соңынан облыстағы 16 ардагерлер ұйымының жұмысын саралай келіп, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесі “Үздік ұйым” болып танылғанын қуанышпен жеткізіп, С.Жұмашевқа арнайы диплом тапсырды. Бұл әрине аудандағы барша ардагерлердің ұйымдасқан жұмысының нәтижесі.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Жалғас Әлижанұлы ардагерлермен өткен кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталды. Яғни, ауданнан ардагерлер үйін соғу мәселесі биылғы жылы “Ауыл – Ел бесігі” жобасы аясында құрылысын бастауды жоспарлап отырғанын, аудан орталығының төменгі бөлігіндегі саябақтан ардагерлер аллеясын жасау жұмысының қолға алынатынын жеткізді.
Сонымен берге Оңласын Қарабайұлы айтқан сын-ескертпелердің назарға алынатынын айта келіп, аузы дуалы, адуынды қарияларымыздың елдің дамуы, жас ұрпақтың болашағы үшін еткен еңбектеріне алғысын білдірді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close