Basty bet
Аграрлы аймақтың асыраушы саладағы әлеуеті өте жоғары
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы елдің дамуына, тұрғындар тұрмысының артуына және әлемде қиын саяси жағдай кезінде ел өміріне үлкен серпіліс әкеледі деген сенім мол. Олай болатыны, жаңа Жолдаудың өн бойында елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына байланысты кеңінен айтылып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеліп отыр. Иә, мұның бәрі таяу жылдары атқарылуға тиісті межелі міндеттер.
Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында әдеттегідей ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіптік кешенді жаңа заманға сай дамыту мәселесіне де баса назар аударылды. Бұл заңды нәрсе. Себебі, адамзатты асыраушы саланың төңірегіндегі қордаланған мәселелерді оң шешіп алмай, қай салада да дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес нәрсе. Халықты сапалы әрі қолжетімді азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі қай кезеңде де маңызын жоймақ емес.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы.
Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады»,- деді.
Шындығына келгенде, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласындағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісі кенжелеп келеді. Өйткені, ел өңірлеріндегі шаруаларға Үкімет тарапынан берілетін мемлекеттік көмек-қолдаулардың уақтылы жетпеуі асыраушы саланың жұмысын ширатуға үлкен қолбайлау болып отыр. Оған қоса, қазіргі таңда өңірлерде егістік жер мен мал жайылымының тапшылығы, онымен бірге, ауыл шаруашылығы техникаларының әбден тозуы, науқандық жұмыстардың уақтысында жанар-жағармайдың тапшылық туындататыны сияқты негізгі мәселелер бар. Міне, мұның барлығы қосыла келгенде онсыз да күрмеуге келмей отырған қысқа жіптің одан сайын қысқара түсетіні анық.
Бұл туралы да Президент Қ.Тоқаев өз Жолдауында баса айтты.
«Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек.
Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс.
Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал»,- деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өңірде жиын-терін жұмыстары аяқталуға таяу
Топырағы құнарлы Жуалы ауданының аграрлық саладағы әлеуеті мен мүмкіндігінің жоғары екені бұрыннан белгілі. Қазіргі таңда ауданда егін жинау жұмыстары, оның ішінде, масақты дәнді дақылдардың орағы толығымен аяқталды. Мұндай мәліметті бізге аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің жауапты мамандары беріп отыр.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаевтың айтуынша, жалпы жауапты науқанның барысында ораққа түскен барлық егін алқабының көлемі – 39 233 гектарды құрайды екен. Оның ішінде, күздік бидай -10 107 га, жаздық арпа -28 970 га және дәндік жүгері 156 гектар. Бүгінгі күнге орылғаны -39 077 гектар (100 пайызды құрайды). Орташа өнімділік әр гектардан 12,7 центнерді құрап, жалпы түсім -49 628 тоннаны құрады.
Ал дәстүрлі күзгі дала жұмыстарына келсек, жиналатын дақылдар картоп алқабының көлемі – 2 723 гектарға тең. Көкөніс -728,6 га және бақша дақылдары -12 гектар. Бүгінгі күнге жиналған көкөніс алқабының көлемі -321 гектарды құрап, орташа өнімділік әр гектардан -244,0 центнерден айналып отыр. Түсім -783 тонна. (43,0 пайыз), Ал бақша дақылдарының гектарынан (12 га) алынған орташа өнімділікке келсек, бұл көрсеткіш гектарына 268,0 центнерді құрады.
Ораққа түсетін майлы дақылдар алқабының көлемі -22 504 гектарды құраса, оның ішінде, мақсары -21 604 гектар, ал күнбағыс -900 гектар. Нақты жиналған мақсары алқабы -4120 гектар. Одан түскен орташа өнімділік әр гектардан 7,9 центнерді құрап, әзірге түсім көлемі -3254,8 тоннаға теңеліп отыр.
Бұл ретте келер жылдың қамын бүгіннен бастап ойлайтын жуалылық шаруалар күзгі дала жұмыстарының дайындығына да қызу кірісіп кетті. 2024 жылдың өнімі үшін егілетін күздік бидай алқабының көлемі – 9 750 гектар. Оған қажетті тұқым -1755 тонна болса, бүгінгі күнге тұқымдық зертханадан тексеруден өткізілгені -730 тонна. Бүгінгі күнге алдын ала дайындалған сүрі алқаптарға себілгені – 285 гектар. Сүдігер көтеру жоспары 58 900 гектар болса, әзірге дайындалғаны – 885 гектар. Бұл бағыттағы жұмыстар қар түскенше жалғаса береді.
Сонымен қатар Жамбыл облысындағы тұқым шаруашылықтарынан және Алматы облысының ғылыми-зерттеу институттарынан 20-35 тонна элиталық және І репродукциялы тұқым сатып алудың жолдары қарастырылуда.
-Ауыл шаруашылығын дамыту ісінде мал шаруашылығы, оның ішінде, жауапты науқанның бірі – қысқы мал азығын дайындау жұмыстары туралы айтар болсам, алдағы мал қыстату науқанына жергілікті шаруалар мал азығына пішен (сено) – 175 000 тонна, пішендеме (сенаж) – 15 000 тонна, сабан (солома) – 37 000 тонна, сүрлем (силос) – 17 000 тонна дайындалу үстінде.
Ағымдағы жылы шабуға белгіленген алқаптардың көлемі барлығы -34 190 гектар болса, оның ішінде, көпжылдық шөп -30 570 га, табиғи шөптер – 3020 га, ал сүрлемдік жүгері алқабының көлемі -600 гектар. Бүгінгі күнге көпжылдық шөп, оның ішінде, екінші орым – 612 гектар және 3020 гектар табиғи шөп алқабы толығымен орылып, қысқы мал қыстату науқанына жиналуда. Дайындалған пішен – 175 000 тонна (2022 жылы -155 335 тонна), пішендеме – 15 120 тонна, сабан -38 950 тонна (105,3 пайыз), әзірге дайындалған сүрлем көлемі -4 985 тоннаны құрап отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар күздің суығы түскенше аяқталады.
Жалпы ауыл шаруашылығындағы науқандық жұмыстарды атқару ісінде жанар-жағармай мәселесі де маңызды рөл атқаратыны белгілі. Күзгі дала жұмыстарына, оның ішінде, масақты, майлы дәнді дақылдарды ору және күзгі өнім жинау, сонымен қатар күздік бидай егу науқанына бөлінген отын көлемі -2812,97 тонна, оның ішінде, шілде айында -840 тонна, тамызда -840, қыркүйекте -540 және қазан айына -592,97 тонна бөлініп отыр. Бүгінгі күнге тамыз айына бөлінген 840 тонна дизель отынына қаражат аударылып, оның 500 тоннасы алынып, аудан шаруашылықтарына таратылды. Дизель отынының тарату бағасы әр литріне -260 теңге болып белгіленген,- дейді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Агроөнеркәсіп кешенін дамыту – басты талап
Жалпы ауыл шаруашылығындағы агроөнеркәсіп кешенінің жұмысын дамыту ісінде заманауи ғылым мен білімге баса назар аударған жөн. Қай істе де тиімділікке және сол арқылы өнімділікті арттыру шаруашылық басшыларының басты назарында болуы қажет.
Бұл туралы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылып отыр.
Президент өз сөзінде: «Қазіргі ауыл шаруашылығы – жоғары технологиялы сала. Шаруаларды жер жағдайы немесе ауа райы емес, инновациялық амал-тәсілдер табысқа жеткізеді. Заманауи ғылымға сүйенбесе, ауыл шаруашылығы жай тоқырауға емес, құрдымға кетеді. Агроғылымды дамыту және ең бастысы, оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану үшін шаралар қабылдау қажет.
Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын зерттеу ісінің барлық сатысын қамтитын агротехнология хабына айналдыру керек.
Сондай-ақ шетелдің танымал агро-ғылыми орталықтарымен толыққанды ғылыми-тәжірибелік ынтымақтастық орнату керек. Біз жеке ғылыми-технологиялық бастамаларды қолдаймыз. Білім беру бағдарламаларын ауыл шаруашылығы талаптарына бейімдейміз. Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек.
Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн»,- деді.
Осы тұста аудан шаруаларына егістіктен әдеттегіден мол өнім алуға қажетті минералды тыңайтқыш мәселесіне де баса назар аударылып, бұл бағытта өңір шаруашылықтары мемлекет тарапынан берілетін минералды тыңайтқышқа заңды жолмен қол жеткізіп келеді.
Бұл ретте тағы да аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінен алынған ресми мәліметке жүгінеміз. Минералды тыңайтқыш алудың 2023 жылғы жоспары – 5608,5 тонна болса, бұл көрсеткіш былтыр 5005,8 тоннаны құраған болатын. Бүгінгі күнге «ҚазАзот» және «ҚазФосфат» ЖШС-мен аудан агроқұрылымдары тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қажетті минералды тыңайтқыш сатып алуға 208 шаруа қожалық жалпы көлемі 5 375 тоннаға келісім-шарт жасап, осының нәтижесінде 2 259,4 тонна аммиакты селитра, аммофос – 930,5 тонна, минералды тыңайтқыштардың басқа түрлері – 1 450,0 тонна, барлығы 24 639,9 тонна алынды. Жоспарды орындау 82,7 пайызды құрап отыр. Жалпы ауданда тыңайтқыш енгізілген алқаптардың жалпы көлемі – 11 599,6 гектарға ұлғайтылып отыр.
Асыраушы саланың жұмысын заманға сай дамыту ісі қай кезеңде де маңызды мәселе болып қала бермек. Ал шаруашылықтар мен агроқұрылымдарды тиімді несиемен қамтамасыз ету ісіне де соңғы жылдары басымдық беріліп отыр. Бұл мақсатта 2023 жылы «Жуалы» несие серіктестігі арқылы барлығы 37 шаруа қожалық 403,260 миллион теңге, оның ішінде, өңірдегі 15 шаруашылық «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 140,3 млн теңге несиеге қол жеткізді.
Ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысқа сақадай сай болуы да саланың жұмысын одан сайын ширатып, сонымен қоса еңбек өнімділігін арттыра түсетіні анық. Бұл ретте техника паркінің жаңартылуына да баса мән берген жөн. Бүгінде ауданның агроқұрылымдары мен шаруашылықтарында барлығы 634 дана трактор, 158 комбайн, 790 ауыл шаруашылығы тіркемесі тіркелген. Барлығы – 1 582 дананы құрап отыр. Бұл техникалар науқандық жұмыстарға қатысуда.
Үстіміздегі жылы жаңа техникалар сатып алудың жоспары 199 дана болып белгіленсе, бұл жұмыстар да мүмкіндігінше межеге жақындап келеді. Бүгінгі күнге 503,2 млн теңгеге барлығы 138 дана жаңа техника сатып алынды. Оның 17 данасы доңғалақты трактор болса, 116 данасы ауыл шаруашылығы тіркемелері. Атап айтқанда, Жетітөбе ауылдық округіндегі «Құдайберген» шаруа қожалығы екі дана, Боралдайда «Әділет» ШҚ үш дана, «Алтын дән» ШҚ екі дана, Қызыларықтағы «Надежда» ШҚ екі дана, Қарасазда «Бақнұр» ШҚ екі дана, Ақсай ауылдық округіндегі «Асылхан» шаруа қожалығы бір дана , Б.Момышұлы ауылында бір дана техника сатып алынса, Жетітөбе ауылдық округіндегі «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі барлығы төрт дана доңғалақты тракторды түрлі бағдарламалардың аясында сатып алып, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруына мол үлес қосып отыр. Қосымша айта кететін болсақ, сегіз шаруашылық тарапынан жаңа техникалар сатып алуға басқа да несие серіктестіктерінен несие алуға құжаттарын тапсыруда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың 6 айындағы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы – 11 758,3 млн.теңгені құрады немесе нақты көлем индексі 101,3 пайызды құраған. Шөбі шүйгін өңірде ет, сүт және жұмыртқа өндіру көлемі де жыл санап артып келеді. Мал басына келетін болсақ, ауданда мүйізді ірі қараның басы – 56 617, қой-ешкі 286 353 бас, жылқы 17 058, құстар 140 054 басты құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдарға қарағанда едәуір көп.
Ауданда ақ егіс және техникалық дақылдар егетін шаруашылықтарды ағынсумен қамтамасыз ету жұмыстары да жолға қойылған. Атап айтқанда, өңір шаруаларына қызмет көрсетуде «Ақсай» өндірістік бөлімшесіндегі суландыру жүйесінің маңызы зор. Науқандық суғару кезеңінде барлығы 95 шаруа қожалық аталған өндірістік бөлімшемен келісім-шартқа отырған. Жазғы суғару кезеңінде Ақсай каналы арқылы шаруа қожалықтарға секундына 1 500 литр су берілді.
Өңірдегі маңызды суландыру жүйесінің бірі – Көксай суландыру жүйесі арқылы 61 шаруа қожалықпен келісім-шарт жасалып, бұдан секундына 1 800 литр су берілу үстінде. Ал Тихий каналының төңірегіндегі суғармалы жер көлемі – 639 гектар. Аталған каналдан төрт шаруа қожалыққа уақтылы су берілуде.
Су жүйелерін қалпына келтіру үшін биыл жергілікті бюджет есебінен қайта жаңғырту жұмыстарына, атап айтқанда, Дарбаза және Көксай каналы, Шақпақ ауылдық округіндегі Текеқамал каналына жобалық-сметалық құжаттамаларын жасауға қаражат қарастырылды. Қалған тоғыз ішкі шаруашылық каналы 2024 жылға жөндеуге жоспарлануда. Сонымен қатар ауылдық округтерде орналасқан иесіз шағын су тоғандары анықталды. Олар – Ақтөбе ауылдық округінде – 13, Қарасазда -1, Көкбастауда – 2 және Жетітөбеде- 1, барлығы 17 шағын су тоғанына алдағы жылдары құжаттарына қаражат қарастыру көзделуде.
Егістік алқаптарға су үнемдеу қондырғыларын ендіру бағытындағы жұмыстар да қоса атқарылуда. Биылғы жоспар – 295 га, бүгінгі күнге Қызыларық ауылдық округіндегі «Дархан» ШҚ 38 гектар картоп алқабына тамшылатып суғару қондырғысын іске қосса, Нұрлыкентте «Алинур» ШҚ, Қызыларық ауылдық округінде «Алатау» және Ақсайда «Азамат» шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару қондырғысының игілігін көріп отыр. Биылғы жоспар толығымен орындалды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»