Basty bet
Ағаш егу – сауапты іс!
аудан орталығындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағына тал-дарақтар егілді
Дана халқымыздың ұғымындағы: «Тазалық – иманның жартысы» деген сөздің мағынасына үңілсек, жалпы табиғат пен өзімізді қоршаған ортаны аялап, экологиялық ахуалды жақсарту – маңызды мәселе. Оның ішінде, өңірдің тазалығына, оның көрікті де көркем болуына бәріміз де жауаптымыз. Көзі қарақты азаматтар білсе керек, соңғы жылдары ауданда саябақтарға тал-дарақтар отырғызу, жаппай сенбіліктер аясында тазалық жұмыстарын жүргізу жұмыстары жүйелі жолға қойылып отыр. Соның нәтижесінде, аудан орталығына кіреберіс аймақ, одан бөлек, көшелердің бойы, ескерткіш-тақталардың айналасы жасыл желекке айналып келеді. Бұл жұмыстардың атқарылуына әлбетте көктемгі және күзгі көріктендіру және көгеріштендіру, санитарлық тазалық айлығының тигізіп отырған әсері мол деп білеміз.
Наурыз – тазалық айы. Тал-дарақ егу жұмыстары Наурыз мерекесінің қарсаңында қарқын алатыны белгілі. Осыған орай Наурыз мерекесін атап өтуге арналған «Наурызнама» мерекелік іс-шараларының аясында 19 наурыз – Жаңару күніне орай ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағында экологиялық акция ұйымдастырылған болатын. Аудан орталығындағы бірқатар мекеме ұжымдары белсене қатысқан сенбілік жұмыстарының аясында аталған саябаққа тал-дарақтың бірнеше түрінен жас көшеттер отырғызылып, тазалық жұмыстары да қоса жүргізілді.
Жуалы ауданы әкімімен бекітілген «Ұлыстың ұлы күні – «Наурыз» мейрамын дайындау және өткізу жөніндегі» іс-шаралар жоспарына сәйкес, 19 наурыз күні аудан аумағында өткізілген «Таза табиғат» экологиялық акциясы өңірге қарасты барлық ауылдық округтер мен мемлекеттік мекемелерді қамтыды. Акцияны ұйымдастыру бойынша жасалған іс-шара жоспарына сәйкес дайындалған аумақтық бөлініс картасының аясында тазалық жұмыстары атқарылды.
Экологиялық акцияның барысында Б.Момышұлы ауылындағы саябақтың (Б.Момышұлы ескеркішінің аумағы) аумағына 700 түп әртүрлі тал-дарақтың көшеттері отырғызылды. Аудан орталығындағы көшелердің бойында, сай-салаларда және саябақтарда тазарту жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 15 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Жалпы аудандағы тазалық жұмыстарына екі мыңға жуық адам белсене қатысып, олар көшелер мен сай-салалар, ғимарат аумақтарын тазартып, сонымен қатар тал-дарақтар егу жұмыстарын жүргізді.
«Таза табиғат» экологиялық акциясына аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудан әкімінің орынбасарлары қатысып, көпшілікпен бірге ағаш көшеттерін егу жұмыстарына атсалысты. Сондай-ақ экологиялық іс-шараға аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен қызметкерлері, «Жуалы ауданының ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің қызметкерлері, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің мамандары және аудан жастары белсене қатысып, ағаш егумен қатар, тазалық жұмыстарын белсене атқарды.
Қоршаған ортаны қорғап, тазалықты сақтауға бағытталған мұндай маңызды шаралар тек бір реттік науқан болмай, уақтылы ұйымдастырылуы қажет деп білеміз. Егер әрбір азамат өзі өмір сүріп отырған табиғатты жанындай сүйіп, оны аялайтын болса, жалпы қоғамда тазалық орнайтыны даусыз. Сондықтан, қоғам өкілдерін табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға шақырамыз!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»