Basty bet
«Түйе боздап, Қой қоздап – қорада шу…»
Төрт түлік мал басын көбейту ауыл шаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Осындай жауапкершілік жүгі артылған шаруалар қауымы үшін мал қыстату ең жауапты кезең. Мал қыстату – түлікті қыстан қысылмай алып шығу ғана емес, төл мен мол өнім алудың да науқаны.
Міне, қытымыр қыстың сары аяздарын артқа тастап, ақпан айына да жеткен шаруалар үшін соңғы күндері күн жылынып, тіршіліктеріне біршама қолайлы уақыт туды. Бірақ, олар босаңсуға әлі ерте екенін жақсы біледі.
Жуалының қысы қатал болатындықтан, шаруалар қысқы мал азығын көптеп дайындайды. Қыстың қамын жасаған Қызыларық ауылындағы «Дархан» шаруа қожалығындағы қорада қой қоздап, мал төлдеп, у-шу.
2000 жылы құрылған шаруа қожалығын Дәулет Үсенбаев басқарады. Оның иелігінде 110 бас ірі қара, 20 шақты сиыр, 200 бас уақ мал, 65-тей жылқы бар. Сонымен қатар, 2 мыңдай гектар егістік және жайылым жері, үш МТЗ-82 тракторы, бір К-700 тракторы, жүктиегіш те бар.
Қожалықтың қора-жайы ауылдың маңында орналасқан. Екі қораға малын бөлген шаруашылық бүгінгі күні жергілікті төрт азаматты жұмыспен қамтып отыр. Қораның бірінде ірі қара мен қойларды, екіншісінде жылқыларды ұстайды.Жұмысшылар малдың жем-шөбін уақтылы беріп, осындағы тіршіліктің басы-қасында жүр.
– Шаруашылықтың жұмысын кеңейту үшін осыдан 6-7 жыл бұрын «Сыбаға» бағдарламасымен несие алып, ірі қара мал басын көбейттік. Берілген қаржыға өзіміздің ауданның жергілікті малдары алынды. Қазіргі таңда мал басы көбейіп, шаруамыз алға басуда. Еңбектің бәрі осындағы жұмысшылардікі. Таңертеңнен қара кешке дейін малдың қамын жасап, қора-жайға бас-көз болатындар да осы жігіттер. Екі жақтағы жұмысшыларға да ризамын. Бір-бірімен әзілдері жарасып, күліп-ойнап жүріп тірліктерін атқарады. Малды қарамасаң, күтпесең, өздігінен көбеймейді. Қорада қой қоздап, сиыр төлдеп жатыр. Науқан алдағы уақытта қыза түсетін болады.
Қожалықтағы сауынды сиырлардан сауын аппаратымен күндігіне 100-150 литрдей сүт сауылады. Сүтті осындағы жеке кәсіпкерлерге өткіземіз. Енді ойымыз аудан орталығындағы сүт компанияларына өткізуді қолға алсақ дейміз.
Осы ретте, биылғы мал қыстату науқанына 70-80 мажар сабан мен шөп, 50 тоннадай жем түсірдік. Мал қыстату науқанынан жем-шөбіміз жетіп, қысылмай шықсақ нұр үстіне нұр. Себебі, күннен-күнге жем-шөп қоры азайып жатыр. Жаз айларындағы егіннің аз шығуына байланысты жылдағыдан азырақ мал азығы жиналған болатын, – дейді қожалық иесі Дәулет Өмірбайұлы.
Шаруашылықтағы малдың ебін тауып жүрген жұмысшылардың бірі Мерей Нұржановтың қожалықта жұмыс істегеніне екі жылдың жүзі болыпты. «Біз осындағы бар шаруаны атқарамыз. Қожалық иесі балаларымен бірге келіп, көмектеседі. Арнайы жататын үй бар. Айлық жалақымыз 100 мың теңгені құрайды. Осы кісілердің сенімін ақтап, мал басының көбеюіне, күтіп-баптауына көмегіміз тиюде. Уақтылы жалақы беріліп, азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Шүкір, тек еңбек ете білу керек» дейді ол.
Шаруашылықтың қора-қопсысының жайлылығын, мал басын кемітпей, қайта жыл өткен сайын көбейтіп, осыншама малдың бабын тауып, шашау шығармай отбасылық кәсіпке айналдырып отырған жандардың еңбегі көпке үлгі.
«Мал баққанға бітеді» деген қазақы даналық осындай еңбекқор шаруаларға қаратып айтылғаны шүбәсіз. Жалпы, еңбек етсем деген адамға қашанда жұмыс табылады. Тек ісіңнің қыр-сырын білуің керек.
«Дархан» шаруа қожалығындағылар істің көзін таба білген шаруалар. Олар мал қыстату науқанынан қысылмай шығып, мал басы мен өнімдерін көбейтуді көздейді. Жұмыс қаншалықты ауыр болса, қайтарымының да соншалықты екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отырғанын осындай еңбекқор жандар арқылы білуге болады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»