Basty bet

Аналар ризашылығын білдіруде

Елбасы, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның 20 жылдығына арналған ХVІІІ съезінде балалар жәрдемақысын көтеру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту сынды мәселелер бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар беріп: «Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар балалы отбасыларды адрестік қолдау үшін көпбалалы отбасындағы әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20 789 теңге көлемінде белгілеу керек»,- деді. Бұл атаулы әлеуметтік көмек сәуір айынан бастап төленуі қажет деп бекітті. Осы тапсырманы орындау үшін тиісті нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар басшылыққа алынып елімізде шұғыл әрі өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Оның ішінде біздің ауданда да аудан басшылығынан бастап тиісті жауапты мекеме қызметкерлері уақытпен санаспай еңбек етті. Нәтижесінде, 1 мамыр мерекесі қарсаңында көмекке мұқтаж жандар жәрдемақыларын алып, қуанышқа бөленіп жатты.

Елбасы тапсырмасының ауданда орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік көмек көрсету секторының меңгерушісі Жаныгүл Махмудова баяндады.
– 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа механизмі бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы немесе 20 789 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орындарынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда, білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленетін болды. Ал, отбасының басқа кәмелетке толған әрбір мүшесіне АӘК мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен мұқтаждық белгісі арасындағы айырма есептеледі. Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде табыстың кейбір түрлері қайта қаралып, отбасының жиынтық табысына: төрт және одан көп балалары бар көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы; «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы; 16 жасқа дейінгі І-ІІ-ІІІ топтағы мүгедек балаларға мүгедектігі бойынша жәрдемақы және қаржыландыру көзіне қарамастан оқушыларға, студенттерге, аспиранттарға, доктаранттарға, оқу орнының басқа да тыңдаушыларына төленетін стипендия есептелмейтін болды. Бұл – көмек мөлшерін орта есеппен 40 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
2019 жылдың 1 сәуірінен бастап былтырғы жылы енгізілген жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа механизмдері «Е-Халық» модулінде автоматтандырылған жүйеге енгізілуі бойынша қыруар жұмыс атқарылды.
Жалпы 831 өтініш қабылданып, барлығы «Е-Халық» автоматтандырылған жүйеге енгізілді. Оның ішінде жаңа жүйе бойынша 535 отбасына 38516,0 мың теңге, 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін тағайындалған 1045 атаулы әлеуметтік көмек алушыға 96861,2 мың теңге төленді. Сонымен, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша республикалық бюджеттен 121400,0 мың теңге, жергілікті бюджеттен 13977,0 мың теңге, барлығы 135377,0 мың теңге 1578 отбасындағы 8068 адамына тағайындалып, төленді,- дейді Жаныгүл Махмудова.
Мереке қарсаңында тиісті жәрдемақыларын алып, қуанышқа бөленген аналар Елбасына деген ризашылықтарымен бөлісті.
Зоя Абдуллаева, үш баланың анасы:
-Үш ұлымыз бар. Өзім денсаулығыма байланысты жұмыссызбын. Жолдасым әртүрлі жұмыстар істейді. Тұрақты жұмысы жоқ. Үш баламыз да оқушы.
Атаулы әлеуметтік көмекті бұған дейін де алып тұрдық. Бірақ өте аз еді. Елбасымызға көмек-қолдауы үшін алғысым шексіз. Елімізде тыныштық болып, халықтың нәсібесі арта берсін!
Шынарай Күлімбетова, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:
-Үш баламыз бар. Төртіншісіне аяғым ауыр. Жолдасым жұмыссыз. Өзім бала күтіміне байланысты үйдемін. Үш балаға әр тоқсанда әртүрлі мөлшерде жәрдемақы алатынмын. Елбасының Nur Otan партиясының ХVІІІ съезінде Үкіметке берген тапсырмасымен бұл жолы әжептәуір жоғары жәрдемақы алдым. Балаларымның нәсібесі. Алла берекесін берсін. Елбасына алғыстан басқа айтарым жоқ.
Айсұлу Аралбаева, «Күміс алқалы» ана:
-Алты ұл-қызымыз бар. Тұңғышымыз әскерде. Әскерден келген соң оқуын жалғастырады, студент. Үшеуі оқушы. Екеуі әлі кішкентай. Жолдасымның тұрақты жұмысы жоқ. Әсіресе, қыста мүлдем жұмыссыз үйде отырып қалады. Әр балаға төленетін 20 789 теңге біз сияқты көпбалалы отбасына үлкен демеу болып отыр. Бұған мен ғана емес, осындағы барлық әйел-аналар қуанып жатыр. Әйелге, балаға жасалған қамқорлық елдің ертеңіне жасалған қамқорлық. Елбасымыз ана мен балаға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Елбасына аналардың атынан үлкен алғысымды білдіремін.
Аудан басшыларының, тиісті мекеме қызметкерлерінің еңбегі жана берсін!
Иә, бұл аналарымыздың ризашылықтан туындаған игі тілектері. Қалған қабылданған өтініштер де қатаң бақылауда. Өз мерзімінде, талапқа сай өз шешімін табатын болады.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close