Basty bet

Тұрғындар Hayat-Vax вакцинасын салдыруда

Әлемді әлекке салған індетті жеңудің бірден-бір жолы – халықты жаппай вакцинациялау. Бүгінгі таңда елімізде үлкен науқан жүріп жатыр. Яғни, халықты вакцина салдыруға шақыру мақсатында БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде вакцина салдырушылар саны күнен-күнге артып келеді.
Мемлекеттің байлығы – халқы. Сондықтан халықтың денсаулығы бәрінен де қымбат.
Халықты әбігерге салған індеттен қалай құтыламыз? Дәрігерлердің айтуынша, ересектердің 80 проценті вакцина салдырған жағдайда ғана құтыла аламыз. Бұл маңызды мәселе ауданда қалай жүзеге асуда? Мәселенің мән-жайы туралы аудандық аурухананың бас дәрігері Айгүл Айтбаева айтып берді.

-Жалпы ауданда 28 мыңнан астам ересектер бар. Оның 80 пайызын вакцинамен қамту үшін шамамен 23 мың адам вакцина салдыруы керек.
Бүгінгі таңда ауданда 3550 вакцина салынған. Оның 50-і отандық вакцина Qaz Vak болса, 3500-і ресейлік “Спутник V” вакцинасы. Екінші компонентті қабылдағандар 1000-ға жуықтады. Нақтысын айтқанда 970 адам.
30 сәуір күні еліміздің бас санитар дәрігерінің №17 Қаулысы шықты. Онда вакцинаның екі компонентін қабылдаған азаматтар ауырған адаммен контактіде болса да, оқшаулануға жіберілмейді. Яғни, тексеріліп, әрі қарай жұмысын атқара береді. Ал, вакцина салдырмаған азаматтар қашықтан жұмыс істеуге жіберілсін деп жазылған.
Вакцина салдырған адамдардың арасында ауыр түрде кері әсермен тіркелгендер жоқ. Әрине ауырсыну, әлсіздік, бас ауру, дене қызуы көтерілу сияқты жағдайлар сирек кездеседі. Алайда,бұл – вакцинадан кейін болуы мүмкін қалыпты жағдай.
Енді ерекше айта кететін жаңалық – 4 мамыр күні аудандық аурханаға 400 доза Hayat-Vax вакцинасы әкелінді. Бұл вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінде құйылып, дайындалған. Ғылыми зерттеуден Қытайдан өткен. Қытай елінде жасалған. Hayat-Vax вакцинасы Qaz Vak вакцинасына дайындалу әдістерімен ұқсас. Екеуі де инактивациядан өткен, тірі емес вирус. Вакцина адам ағзасына енгеннен кейін антидене бөлініп, иммунитет түзейді.
Hayat-Vax вакцинасы үш деңгейлі тексерістен өткен. Бүгінгі таңда бұл вакцина 68 мың адамды қамтып, үлкен дәрежедегі тексерістен өткізілген. Және де Араб, Пәкістан, Еуропаның көп елдерінде үшінші тексерістен өткен. Бұл вакцинаның 34 елге 50 млн дозасы сатылған. Қазақстанға “Самұрық Қазына” қорынан қаржы бөлініп, 1 млн дозасы алынды. Оның ішінде біздің ауданға 400 дозасы әкелінді. Бесінші мамыр күні 30 дозасы салынды.
Hayat-Vax жасы үлкен және әлсіз кісілерге де салынады.
Вакцинаны созылмалы аурулары бар адамдар ауруы өршімей тұрған сәтте салдыруына болады. Себебі, созылмалы ауруы бар адамдар індет жұқтырған болса, оларда ауыр халге түсіп қалу қаупі жоғары,- дейді Айгүл Қалдыбайқызы.
Қазіргі таңда вакцинаны өз еркімен келіп салдырып жатқан жандардың қатары көп. Себебі, кім үшін де өзіңнің, отбасыңның денсаулығы бірінші кезекте. Денсаулыққа немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Әлеуметтік желідегі алып-қашпа түрлі әңгімелерге сеніп, денсаулықпен ойнауға болмайды. Індетпен күрескелі бір жылдан астам уақыт болды. Бұл індеттен құтылу оңай болмай отыр. Одан құтылу үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет.
Вакцина салдырған адам да ауруы мүмкін. Алайда мамандардың айтуынша, ауырған жағдайда жеңіл өтеді.
Өздеріңіз ата-әжелеріміздің әңгімесінен, тарихтан жақсы білесіздер, адамдар қанашама жұқпалы, қауіпті ауруларды вакцина табылғанан кейін ғана жеңді. Қазіргі таңда жеңіл-желпі саналатын аурулар кезінде осы індет сияқты халықты әлекке салып, өлім құштырған. Түрлі жұқпалы аурулардан халықты вакцина ғана арашалады. Сондықтан халықты саналы көзқарас танытып, вакцина салдыруға шақырамыз.
Және де әр адам өзін, отбасын аурудан сақтау үшін өзін-өзі тәрбиелеуі керек. Яғни, саламатты өмір салтын ұстанып, сақтық шараларын қатаң сақтауы қажет. Ауырмайық. Ауырмау үшін ауырмаудың жолымен жүрейік, ағайын!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close