Basty bet

Облыс аумағына баса-көктеп кірмек болған

шымкенттік азаматқа қылмыстық іс қозғалды

Әлемді шарпыған коронавирустық пандемияның таралуын болдырмау мақсатында Мемлекет басшысының Жарлығымен енгізілген карантин режімін бұзушылар аудан аумағында да ұшырасуда.

Төтенше жағдай режімі енгізілген уақыттан бері ауданда ҚР ӘҚБтК-нің 476, яғни «Төтенше жағдай режімін бұзу» бабымен 44 әкімшілік хаттама толтырылған. Екі азаматқа ескерту беріліп, аудандық соттың шешімімен екі азамат әкімшілік қамаққа алынған. 25 тұлғаға қатысты 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынса, 16 әкімшілік іс соттың қарауына жолданған. Сонымен қатар, карантин режімін өрескел бұзып, облыс аумағына баса-көктеп кірмек болған бір азаматқа қылмыстық іс қозғалған.
Сәуір айының 13-інде Жуалы ауданының Шақпақата ауылында орналасқан санитариялық бекетте Жамбыл облысы аумағында енгізілген карантин режіміне сай аумаққа кіріп-шығу режимін қамтамасыз етіп отырған Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ ЖПП қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанты Е.Өскенбаев пен полиция лейтенанты А.Киікбайұлы карантин режімін бұзып, бекет арқылы өтіп бара жатқан «Тойота-Камри» маркілі мемлекеттік нөмірі 590 XQZ 17 автокөлігінің жүргізушісі, Шымкент қаласы, Терешкова көшесінің тұрғыны, 1988 жылы туған Ерболат Естаевты тоқтатып, оған карантин режіміне байланысты бекеттен өтуге болмайтыны туралы ескертіп, көлікті қайта бұруына заңды талаптар қойған. Алайда, аталған азамат билік өкілдерінің талаптарына бағынбай, бекет арқылы Жуалы ауданының аумағына кіріп кеткен. Бұл дерек бойынша Жуалы ауданының полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 379-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру ісін жүргізуде.
Жуалы ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиевтің айтуынша, бөлім қызметкерлері карантин кезінде аудан орталығының, ауылдық елді мекендердің аумағына шығуы және кіруі, жеке көліктің қозғалысын шектеу, қажет болған жағдайларды қоспағанда, тұрғындардың тұрғын үйінен шығуын, 65 жастан асқан адамдардың және 18 жасқа толмаған адамдардың тұрғын үй-жайдан шығуын, тұрғылықты жерінде отбасылық іс-шараларды өткізуін, азық-түлік, тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешек базарларының жұмыс тәртібі мен адамдар көп жиналатын басқа да нысандарды бақылауда.
Төтенше жағдай енгізілген уақыттан бері аудан орталығынан және ауылдық елді мекендерден Тараз қаласына қатынайтын қоғамдық және жекеменшік жолаушылар көлік тасымалы толықтай тоқтатылған. Облыс аумағында эпидемиологиялық жағдайдың өршуіне байланысты аудан орталығындағы және ауылішілік жолаушылар тасымалына да тыйым салынған. Аудан орталығының төрт тұсына және бірқатар ауылдарға кіріп-шығуды шектейтін блок-бекеттер орнатылды.
– Аудан аумағында жеке автокөлікпен тек азық-түлік және дәрі-дәрмек алу мақсатында күніне екі мезгіл, таңғы сағат 08:00-ден 10:00-ге дейін, ал кешкі сағат 17:00-ден 19:00-ге дейін ғана жүруге рұқсат беріліп отыр. Тұрғындардан бұдан басқа мезгілдерде, мақсатсыз, бей-берекет жүре бермеуді талап етудеміз.
Көктемгі дала жұмыстарын қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы техникалары мен азық-түлік, жанармай тасымалдайтын автокөліктерден басқа көліктердің де қозғалысына тыйым салынған. Бұл ретте ШҚ төрағалары мен жұмысшыларынан куәлік пен арнайы анықтама талап етіледі.
Карантин режімін сақтамайтын адамдар қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Аудандық полиция бөлімі аймақ тұрғындарын әр азаматтың және жалпы қоғамның денсаулығы үшін қабылданатын, енгізілген карантиндік режім талаптарына жауапкершілікпен қарауды сұрайды, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дархан Нұралиев.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close