Basty bet
Медициналық маска мәселесіне баса мән беруіміз керек
Ауру – айтып келмейді. Аурумен бірге әлек те қоса жүретіні белгілі. Қазір әлем елдері «аты жаман» коронавирус ауруымен күресіп жатыр. Алғаш рет Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында тіркелген коронавирус инфекциясы іле-шала дүние жүзі елдеріне тарап кетті. Қазіргі таңда бұл аурудан әсіресе, Европа елдері, атап айтқанда, Италия, Испания, Германия мемлекеттері қатты зардап шегіп жатыр. Италияда адам өміріне қауіпті вирус салдарынан қаза болған құрбандардың саны күн санап артып барады.
Мұндайда халқымыз: «Жау жоқ деме, жар астында, бөрі жоқ деме, бөрік астында» дегенді тектен-текке меңземесе керек. Халқымыздың «Көппен көрген ұлы той» деген сөзі де бар. Әйтсе де, осындай қиын уақытта сақтық шараларын қатаң сақтамасқа болмайды. Өкінішке орай, СОVID-19 деген атаумен белгілі коронавирус инфекциясы біздің елде де таралды. Бізде де аты жаман ауруды жұқтырып жатқандар аз емес. Ел билігі мен Үкімет қауіпті аурудың алдын алуда белсенділік танытып жатқаны белгілі. Мұның бәрі ең алдымен қалың бұқараның сақтығы үшін жасалып жатқан игі жұмыстар.
Коронавирус инфекциясы таралғалы бері тұрғындардан маза кетті. Жаппай дәріханаларға ағылып, медициналық маскаларды көптеп сатып алып жатқандарды да көзіміз көрді. Бұл да жеке бастың қауіпсіздігі үшін, әрине. Жаппай сатып алудың салдарынан қазір біздің ауданның орталығындағы жекелеген дәріханаларда медициналық маскалар жоқтың қасы.
Алдыңғы аптада аудандағы жағдайды өз көзімен көру үшін Жамбыл облысының бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков келген болатын. Сол сапарында Бекболат Серікбекұлы аудан орталығындағы «Береке» дәріханасына бас сұғып, маска мен дәрі-дәрмектің қорын сұрап білді. Дәріхана фармацевті медициналық масканың жоқ екенін айтты. Базар аймағындағы, сонымен қатар, аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардағы дәріханаларда да жағдай әзірше осындай.
Өткен аптаның жұмасында орталықтағы базар аймағындағы бірқатар дәріханаларға кіріп, масканың жайын сұраған болатынбыз. Алғаш «Қасым фарм» дәріханасына бас сұқтық. Медициналық маска сұрап, қайырылған тұрғындардың қарасы қалың. Дәріхана фармацевті Жанна Бердешова медициналық масканың осында бір-екі апта бұрын аз ғана данамен жеткізілгенін айтты.
– Бір апта бұрын небәрі 200 дана маска әкелінген болатын. Қазір бәрі сатылып үлгерді. Оның үстіне сатылу бағасы да қымбаттау болып тұр. Дәл қазіргі жағдайда медициналық маска мен антисептикалық материалдарға сұраныс жоғары. Керек десеңіз, маска алу үшін тұрғындар кезекке тұрып жатыр. Маска, тағы басқа антисептикалық заттар сәуір айының басында жеткізіледі деп күтілуде,- дейді фармацевт Жанна.
«Қасым фарм» дәріханалар желісіне қарасты басқа да дәріханаларда да жағдай дәл осындай. Бәрінде бетперде тапшы. Базарға кіреберістегі тұрғындар жиі бас сұғатын үлкен дәріханада да маска жоқ. Мұндағы қызметкерлер де медициналық масканың фирмаларда жоқ екенін айтады.
Осынау олқылықтың орнын толтыру және тұрғындар арасында сақтық шараларын күшейту мақсатында аудан әкімі Нарбай Ергебековтың тапсырмасымен аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі арқылы қомақты қаржы бөлініп, оған 1140 медициналық маска, барлығы 20 мың маскаға тігу үшін арнайы материал сатып алынды. Аталған бөлімнің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың айтуынша, одан бөлек, 250 дана арнайы киім, 50 келі хлор, 30 дана медициналық көзәйнек, 200 жұп медициналық қолғап алынған. Бұл құралдар аудан аумағындағы санитарлық пунктте жұмыс жасап жатқан қызметкерлерге, сонымен бірге, қоғамдық орындарды залалсыздандыру үшін пайдаланылмақ.
20 мың маскаға арналған материалдан орталықтағы тігін шеберханасында маскалар шығарылып жатыр. Бұл жұмыстарға аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов басшылық жасауда. Тігін шеберханасында орталық қызметкерлерімен қатар ерікті жастар да жұмыс жасап жатыр. Олар мұнда күніне 500 маска тігіп шығаруда.
-Қауіпті індеттің алдын алу жұмыстарына біздің орталық қызметкерлері да аянбай атсалысып келеді. Бұған аудандағы ерікті жастардың қосып отырған үлесі де мол. Мұнда күніне 500 маска шығарылуда. Алдағы уақытта 10 мың дана медициналық маска шығарылады деген жоспар бар. Бұл маскалар көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар отбасыларға тегін таратылады. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығынан алған тізім бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Әзірше Мыңбұлақ, Ақсай, Күреңбел, Шақпақ ауылдық округтерінің тұрғындарына маскалар таратылды. Алда аудандағы барлық ауылдық округті қамтитын боламыз. Тігін цехында кәсіби тігінші Нина Письмак, одан бөлек, қосымша жұмыстарға Назира Айтбаева, Роза Жұмашева, Мария Сидоренко қолғабыс жасауда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады,- дейді Мейіржан Бегасылұлы.
Ел бірлігі сыналған қиын-қыстау кезеңде адамдардың бірін-бірі қолдауы өте маңызды болып отырғаны айтпаса да түсінікті. Бұл моральдық тұрғыдан да, материалдық тұрғыдан да маңызды. Еріктілер жылына орай ауданда «Қамқор» волонтерлік клубы құрылғаны белгілі. Мұнда 130-ға жуық ерікті жас «Жастар ресурстық орталығының» үйлестіруімен «Бір біргеміз!» акциясы аясында аудандағы тұрмыс жағдайлары төмен, көпбалалы отбасыларға азық-түлік апарып көмек қолын созып жатқаны көңіл қуантады. Бұл игілікті де сауапты істен кәсіпкерлер мен қалталы азаматтар да тыс қалып жатқан жоқ. Бұл жағдай біздің қандай қиын сәттерде де бірге екенімізді көрсетеді. Алда да туған еліне, жерлестеріне жаны ашитын қолы ашық қалталы азаматтар қайырымдылық жұмыстарына атсалысуды жалғастыра берсе құба-құп болмақ. Осынау бекем бірлігіміз бен қайырымдылығымыздың арқасында бұл індетті де жеңіп шығатынымызға сенім мол.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»