Basty bet
Арулар, аяулылар, ардақтылар
Жыл мезгілдерінің ең көрікті де қуанышты мезгілі көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн тілектеріміз бен армандарымызды тығыз байланыстыратын көктемнің алғашқы айының басында келуі жақсылықтың нышаны болса керек. Қыстың ызғарлы күндері кетіп, көктемнің жайма-шуақты күндерінің лебі сезіліп тұратын бұл мерекені әйелдер қауымы асыға күтеді. Себебі, бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербететін әйелдер қауымы ардақталатын, құрметтелетін, ықылас білдіретін ерекше күннің бірі.
Мереке қарсаңында газетімізде жыл сайынғы дәстүр бойынша ауданда әр салада жемісті еңбек етіп, аудан мен ел дамуына қомақты үлес қосып жүрген қыз-келіншектерге «Мерекенің Сіз үшін маңызы қандай? Мерекеден не күтесіз, қалай атап өтесіз?» деген сұрақтар қойып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
Айжан Жұманова, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының орынбасары:
-Көктемнің алғашқы мерекесі көңілімізге қуаныш сыйлап, жүзімізден нұр шашатын күн. Осы тамаша көктемнің мерекесі әйелге тән әдемілік пен нәзіктіктің мәңгілік белгісі сияқты. Жер-дүниенің жаңарып, сәні мен мәні келіскен мереке болғандықтан мен үшін маңызы зор. Бұл күні отбасы ұйытқысы мен берекесі саналатын әйелдер қауымы ардақталады.
Жер бетіндегі жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді. Осы орайда, ең бірінші анамды мерекесімен құттықтауға асығамын. Сонымен қатар, отбасым, балаларым перзенттік лебіздерін білдіріп, құрмет көрсетеді. Есімде қалғаны студент балам мен кенже қызым екеуі бірлесіп маған тосынсый жасады. Жіберген сыйлығын көргенде қуанышымда шек болмады. Одан бөлек, әріптестеріммен, көрші қыз-келіншектермен бас қосып, мерекені атап өтеміз.
Құрметті әйелдер қауымы, көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен «Бақытыңды басқадан емес, балаңнан ізде» деп жақсы сөз қалдырған. Осы орайда, сіздерге әйел, ана бақытын сезінуге, балаларыңыздың қызығын көруге тілектеспін. Баршаңызға мол бақыт, істеріңізге сәттілік, дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін.
Гүлшат Наурызова, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары:
-8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесін бала күнімнен ерекше асыға күтемін. Сол кезден бастап менің өмірімде орын алатын ең маңызды мерекелердің біріне айналды. Себебі, көктемнің алғашқы лебімен бірге жылулық келеді. Барлық тіршілік оянып, айнала құлпырады. Айналаның тазалануымен қатар, өзіңнің жан дүниең де тазарады. Ең бастысы, бұл күні аналарға құрмет көрсетіледі.
Дәстүр бойынша жаныма жақын барша қыз-келіншектерді Аналар мерекесімен құттықтап, лебізімді білдіріп, тілегімді айтамын. Жұмыста да әріптестер бір-бірін құттықтайды. Міне, бұл арқылы күнделікті күйбең тіршіліктен уақыт таба алмай жүргенде бір-бірімізге көңіл бөлеміз. Барша ер азаматтар әйелдер қауымын құттықтап, қыз-келіншектерге кішіпейілділік көрсетеді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақта жақсы сөз бар. Осы ретте, бір-бірімізге жақсы тілек айтып, мерекемен құттықтасақ үлкен сыйлық осы болар еді.
Ауданның барша қыз-келіншектерін, аналарын көктемнің алғашқы мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әйелдер қауымына жүректеріне мейірімділік, көздеріне қуаныш, ана, әйел бақыт тілеймін. Отбасыларына амандық, дендеріне саулық, балаларының қызығын көріп, мағыналы, ғұмырлы өмір кешуге тілектеспін.
Роза Құрмашева, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
-Жер бетіндегі бар тіршілік нәр алып, бастау алатын, табиғат оянып, көңілге қуаныш ұялататын көктемнің тұңғыш мерекесі. Өмірдің мәні де, сәні де аяулы аналарымызда. Мерекеде аналарға, жалпы әйелдер қауымына құрмет көрсетіледі. Сол себепті бұл мерекені әйелдер қауымы асыға күтеді.
Мереке күні ең бірінші өмірге әкелген аналарымызды құттықтап, үйлеріне барып, сыйлығымызды тапсырамыз. Мен де ана болғандықтан бірінші балаларымның құттықтауын күтемін. Сонымен қатар, жұмыста да әріптес ер азаматтар құттықтап, гүл шоқтарын беріп, қуантып жатады. Мерекенің сәні де – гүл. Сондықтан гүлді ерекше күтемін.
Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен барша әйелдер қауымын құттықтаймын. Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бақыт пен қуаныш тілеймін. Жылдың әр күні сіздерге және сіздердің жанұяларыңызға тек қана жақсылық пен игілік әкелсін.
Назипа Әзімбекова, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы:
-Көгілдір көктемнің шуақты күнімен бірге ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, қыз-келіншектердің төл мерекесі келеді. Бұл күн – ізгіліктің, мейірімділіктің, әдеміліктің нышаны. Біздің жүрегімізді шуаққа бөлейтін ананың алақаны сияқты көктемнің мерекесі мен үшін маңызы зор және асыға күтетін мерекемнің бірі.
Әйелдер қауымы ардақталатын күні бір-бірімізге мейірімділік, жылулық сыйлап, көңіл бөлінеді. Сыйластығымыз арта түседі.
Отбасымызда жолдасым мен қайын атам үйдегі қыз-келіншектерге мерекелік көңіл-күй сыйлауды жыл сайын дәстүрге айналдырған. Олар бізге дастарқан жайып, сыйлықтарын, гүлдерін беріп, ерекше құрмет көрсетеді. Біз осы сәтті асыға күтеміз. Сонымен қатар, аналар мерекесі болғандықтан анамызды да құттықтауды ұмытпаймыз.
Баршаңызды осынау көктемнің шуақты мереке күнімен ардақты апалар мен аяулы аналарды, гүлдей құлпырған қыз-келіншектерді шын жүректен құттықтаймын. Әрқашан отбасыларыңызды нұрландырып, шаңыраққа шаттық нұрын сеуіп жүре беріңіздер. Сіздерге зор денсаулық, баянды бақыт тілей отырып, береке мен бірліктің бастаушысы болуларыңызға тілектеспін.
Мөлдір Сәлімбек, аудан әкімдігі ветеринария бөлімінің сектор меңгерушісі:
-Бұл күн отбасының ұйытқысы, қамқоршысы, шырағы болып табылатын аналарымызға, қыз-келіншектерге жарқын көңіл мен жақсылық тілейтін күн. 8 наурыз мерекесінің маңызы мен үшін ғана емес, бүкіл қыз-келіншек пен әйел жаратылысының асыға күтетін, көктемнің алғашқы мейрамы деп ойлаймын. Бұл күні мен ең бірінші – маған осы өмірді сыйлаған анамды, маған жар сыйлаған екінші анамды, әпке-жеңгелерімді, жаныма жақын жандарды мейрамдарымен құттықтап, ізгі тілегімді білдіру мен үшін маңызды болып саналады. Мереке ерекше бір көңіл күймен, көктемгі күннің ерекше иісімен, табиғаттың оянып гүлденуімен тағы да басқа табиғи құбылыстардың сезілуімен есте қалады.
Мерекені үйде отбасымызбен атап өтеміз. Аналарымызға, туған-туыстарға сыйлық сыйлап, дастарқан жайып, түрлі тәттілер пісіремін. Ұжымдағы қыз-келіншектер бір-бірімізді құттықтап, жылы лебіздерімізді білдіреміз.
Қыздар қауымы сыйлық алғанды ұнатады ғой. Көктемгі мерекенің белгісі ретінде гүл берілсе, мерекенің ажарын аша түседі. Сонымен қатар, шын көңілмен сыйға тартқан сыйлық берілсе болғаны. Ерекше есімде қалған сәттің бірі – бала күнімде ата-анамның асыға күткен сыйлығымды алып беруі. Сол кездегі қуанышымда шек болмады. Ата-анамның шын көңілмен берген сыйлығы әлі күнге дейін сақтаулы тұр.
Барлық аналарымызды, қыз-келіншектерді, нәзік жанды әйелдер қауымын 8 – наурыз Халықаралық әйелдер мейрамымен шын жүректен құттықтап, әрқашан толысқан айдай ажарланып, күлімдеген күндей нұрланып, шаттық пен қуанышқа бөленіп, береке-бірліктің бастаушысы, игі істердің қостаушысы болып жүре беріңіздер деймін.
Көктемгі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, әрдайым әдемі, жылы жүректі аналық абыройлы атақтарыңыз биіктей берсін. Зор денсаулық, мәңгі жастық пен сұлулық тілеймін!
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ