Basty bet

«Онлайн базар» өз жұмысын бастады

Ауданымызда шектеу шаралары күшейтілгеннен кейін орталық базардағы көкөніс, жеміс-жидек сауда орындары өз жұмысын 11 сәуірден бастап тоқтатқан болатын. Алайда тұрғындар көкөністерді күнделікті пайданалып, дәрумендерге бай жеміс-жидектерді жиі тұтынатын болғандықтан жеке кәсіпкер Мырзабек Садақбаев аудан жұртшылығына онлайн қызмет көрсетуді жөн санап, өз жұмысын қайта бастады. Оның тұрғындарға қаншалықты тиімді екенін білу мақсатында жеке кәсіпкермен хабарласып, телефон арқылы тілдескен болатынбыз.

-Біз осы уақытқа дейін жаңадан ашылған «Нұр» базарында сауда-саттық жасағанбыз. Шектеу шараларына байланысты базар жұмысын тоқтатқан соң отбасыммен ақылдаса келе, тұрғындарға көкөніс, жеміс-жидектерді онлайн жеткізіп беру қызметін қолға алуды жөн санадық. Әлеуметтік желілерде «Жуалы сауда» атауымен парақшалар мен чаттар аштық. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, ең алдымен азық-түлік дүкендеріндегі бағаларды бақылап, екі-үш есеге негізсіз көтерген кәсіпкерлерді көрдік. Бұл жағдай менің жаныма қатты батты. Себебі, осындай қиын-қыстау сәттерде өз пайдасын ойлап, бағаны көтеріп, тұрғындарға ауыртпашылық жасау әсте адамгершілікке жатпайды. Халықты қинамау керек. Керісінше, қиын кезеңде жұртымызбен бірге екенімізді танытып, нағыз азаматтығымызды көрсетуіміз керек. Барға қанағат ете білген жөн.
Жұмысымыз таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейінгі аралықта. Тауарлар Тараз қаласынан әкелінеді. Қалаға кіріп-шығуымыз үшін аудан әкімдігі тарапынан арнайы рұқсат қағазы берілген. Тапсырыстар ауданның барлық елді мекендерінен қабылданады. Егер тапсырыс беруші бес мың теңгеге дейін тапсырыс берсе, онда жеткізу құны үйге дейін 200 теңге. Одан да жоғары сомада тапсырыс берсе, жеткізу қызметі тегін. Ал, ауылдарға жеткізу қызметі сол елді мекендерге жол жүру ақысының үштен бір бөлігін аламыз. Төлемдер қолма-қол және онлайн түрде алынады. Әкелінген тауарлар бағасына 10 пайыз ғана қосылады, одан жоғары бағаны көтермейміз. Баға Тараз қаласындағы базардың өзінде әркезде әрқалай, яғни тұрақсыз. Баға бірде төмен, бірде жоғары.
Қызмет көрсету барысында сақтық шараларын да ұмытпаймыз. Қызмет көрсету көлігі міндетті түрде дезинфекцияланады. Жеткізушілер медициналық маска мен қолғаптар киеді.
Қазіргі таңда бұл қызмет тұрғындарға тиімді болып отыр. Сондықтан онлайн базардың аясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Яғни, дүкендерден азық-түлік пен дәріханадан дәрілерді жеткізу қызметін қолға алсақ деген ойымыз бар. Бастысы – тұрғындардың ризашылығын алу,- дейді жеке кәсіпкер Мырзабек Әбілұлы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close