Basty bet
Тәуелсіздік – біздің тәу етер құбыламыз
Тәуелсіздік бізге оңай жолмен келмегені белгілі. Ұлт азаттығының жолында бабаларымыздың тебінгісі терге шіріп, талай көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыздың өмірі қиылып кетті. Уақыт өте келе халқымыздың сан ғасырлардан бергі асыл арманы орындалып, осыдан дәл 30 жыл бұрын Қазақстан Тәуелсіздікке қол жеткізіп, оны айдай әлемге жариялады. Қазір тәуелсіз ел болып қалыптастық. Еліміз 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағаннан бергі отыз жыл уақыт аралығында алға стратегиялық мақсаттар қойып, сол сындарлы жолмен жүріп келеміз. Еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде алға жылжу, даму байқалады. Тәуелсіздіктің 30 жылындағы жолымызды алып қарайтын болсақ, өсу мен өркендеуді анық көреміз. Бұл – ең алдымен халқымыздың ауызбіршілігінің, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, татулықта жұмыс жасағанымыздың айқын дәлелі.
Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толғалы отыр. Жыл бойына ел өмірі тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына байланысты іс-шаралармен айшықталмақ. 2021 Сиыр жылының ең алғашқы аптасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын жариялады. Онда Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ел өміріндегі үлкен белес екенін атап өтіп, алға бағыт-бағдар түзудің маңызды екенін баса атап өтті.
Мақаланы көңіл қойып, аса ықыласпен оқып таныстым. Мақала «Бағдар мен белес», «Таным мен тағылым», «Қоғам мен құндылық», «Ұлағат пен ұстаным» деп аталатын тараулардан тұрады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын үш кезеңге бөліп қарастырып отыр. Онда еліміздің тәй-тәй басқан алғашқы кезінен бастап, қазіргі қанаты қатайып, дамуға бет бұрған, бүгінде әлем таныған Қазақстанның әлеуеті жан-жақты көрсетілген.
Шынында, 30 жылдың бедерінде қай салада болсын еліміздің жеткен жетістіктері орасан. Өзге мемлекеттер ғасырлап жүріп өтетін жолды біз ширек ғасырдан аса уақытта жүріп өттік. Елімізде кәсіпкерлік дамыды, өндіріс ошақтары ашылды. Ең бастысы, халықтың тұрмысын түзеу бағытында әлеуметтік салаларға басымдық берілуде. Жалпылама айтқанда, халық тұрмысына қажетті барлық саланың жұмысына серпін берілуде. Мұның бәрі, әрине, тәуелсіздіктің арқасы.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан!» деген сөзінің мағынасы терең, маңызы ерекше. Тәуелсіз Қазақстан – біздің қасиетті атамекеніміз. Тәуелсіздік біздің – қасиетті бойтұмарымыз. Тәуелсіздік – біздің тәу етер құбыламыз. Президент айтқандай, тәуелсіздік шежіресі қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіту барша Қазақстан халқының міндеті.
Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылының ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы