Basty bet
Оқушылар музейге саяхат жасады
Биыл ұлы ойшыл, дана, қазақ халқының бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтіп жатқаны баршаға белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл Абай жылы болып белгіленсе, бұдан былай биылдан бастап 10 тамызда ресми түрде Абай күнін атап өтетін боламыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен 10 тамыз Абай күні болып белгіленді.
«Өлді деуге, сыя ма, айтыңдаршы? Өлмейтұғын артына сөз қалдырған…» деп ұлы ақынның өзі жырлағандай, «арттағыға өлмейтін сөз қалдырған», халқына ұшан-теңіз мол мұра қалдырған Абай өнегесі, Абай тағылымы мәңгілікке, ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра болып қала беретіні анық.
Апта ішінде №10 Күреңбел орта мектебінің 2 сынып оқушылары аудандық тарихи-өлкетану музейіне танымдық саяхат жасады. «Біздің қала, біздің ауыл» тақырыбындағы танымдық саяхатты мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлдария Сейітбекова ұйымдастырды.
Оқушылар алдымен музейдің бірінші қабатындағы ежелгі дәуірлерден, көне замандардан сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Аудан аумағынан табылған көне де құнды жәдігерлер туралы тарихшы, өлкетанушы, музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев таныстырды.
– Құрметті ұстаздар және оқушылар. Жуалы ауданы тарихқа, тарихи оқиғаларға өте бай өлке. Осынау қасиетті өлкеде ерте замандарда көптеген тарихи оқиғалар болған. Одан бөлек, біздің кенен өлкемізде көптеген тарихи қалашықтар болған екен. Мұны кейінгі жылдары археолог ғалымдар нақты тарихи деректермен дәлелдеп отыр. Мысалы, әйгілі Теріс өзенінің бойында Баркуаб деп аталатын көне қалашықтың жұрты табылды. Жергілікті жұртшылық Жылқышытөбе деп аталатын төбе басында орын тепкен бұл қалашық көп сырды қойнына жасырып жатыр. Бұл нысан толыққанды зерттелгенде ежелге дәуір тұрғысында көп жұмбақтарға жауап табылады деп күтіп отырмыз.
Міне, біздің музейімізде аталған көне қалашықтан табылған және аудан тұрғындары кездейсоқ тауып алған көне жәдігерлер экспозицияға қойылған,- деді өлкетанушы ғалым. Ол сонымен қатар, балаларды музейдегі көне кірпіштер, қыш құмыралар мен құбырлар, шырағдандар мен балбал тастар, басқа да көне жәдігерлермен тереңірек таныстырып, сұрақтарға жауап берді.
Оқушылар келесі кезекте тарихи-өлкетану музейінің екінші қабатында орналасқан «Рухани жаңғыру» залында болып, мұнда оларға Абайдың 175 жылдығына байланысты сабақ өткізілді. Музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев ұлы ақын, ойшыл Абайдың мұраларын мектептің бастауыш сынып оқушыларына ұғынықты етіп түсіндіріп, ақынның өмірі мен шығармашылығынан сұрақтар қойды. Ал музей қызметкері Манзура Қырықбай Абайды әйгілі «Сегізаяқ» өлеңіне шағын талдау жасап, аталған өлеңнің ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар, оқушылар «Сегізаяқ» әнін қазақ халқының жезтаңдай әншісі, өнер қайраткері Жүсіпбек Елебековтың орындауында аудио нұсқасын тыңдады. Музейдің ғылыми қызметкері Д.Байдалиев оқушыларға өзінің қаламынан туған «Ұстаз ғибраты» атты шағын кітабын сыйлады. Оқушылар бұл танымдық саяхаттан ерекше әсер алып қайтты.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»