Basty bet
Ұлы достық мекені – Қазақстан!
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі, ынтымағы күні. Бұл мерекенің жалпыхалықтық сипатта тойланатыны баршамызға белгілі. Бірнеше күн бойы жауған жаңбырдан соң сол күні аспан шайдай ашылып, аудан жұртшылығына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таңертеңнен орталық алаңда әуелеген ән қойылып, балалардың шат күлкісі сыңғырлап естіліп жатты. Жалпы, мерекеге жиналған көпшіліктің қарасы мол болды.
Алаңда «Славян», «Мехрибан» әзірбайжан және «Бахор» өзбек этномәдени бірлестіктерінің көрмесі жабдықталған. Әр этномәдени бірлестік мүшелері ұлттық киімдерін киіп, бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп жатты. Мерекелік іс-шара аудан әкімі Нарбай Ергебековтың этномәдени бірлестіктердің көрмесін тамашалаудан басталды.
Елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің тұрмысы – халқымыздың кеңпейілділігінің айқын көрінісі. Көпұлттылық біздің ауданға да тән.
«Ұлы достық мекені – Қазақстан!» атты мерекелік іс-шара әрі қарай жалғасты. Алаңда славян, украин, өзбек, шешен, әзірбайжан халықтарының ұлттық билері биленіп, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алғашқы құттықтау сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
– Құрметті жерлестер! Қадірменді қонақтар! Бүгінгі мамыражай мамыр айының алғашқы күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен барлықтарыңызды шын жүректен құттықтаймын!
Дарқан көңілді, кең пейілді қазақ халқы біздің жерімізде өмір сүріп жатқан өзге халықтарға кең құшағын ашты. Бұл – «Кемедегінің жаны бір» деген тамаша ұстанымға берік болған біздің ата-бабаларымыздан қалған тарихи қасиетіміз, өсіп-өркендеуіміздің басты негізі.
Бабаларымыз ежелден «Береке түбі – бірлік, бірлік түбі – ерлік» – деп бекер айтпаған. Алдағы уақытта тойланғалы отырған Ұлы Жеңіске де біздің ата-апаларымыз осы бірліктің арқасында жетті.
Өздеріңізге мәлім, еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жылдың 19 наурызында Президенттік өкілеттілігін тоқтатқан болатын. Бұл қазақстандықтар үшін күтпеген жағдай еді. Дегенмен, Елбасының экономикалық өсімге және рухани толысуға бағытталған бағдарламалары біздің жол сілтер бағдарымыз болып қала береді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 9 маусымда Президенттік сайлау өтетіні туралы Үндеу жариялады. Сайлауда барша жуалылықтар бірлікпен өз қалауларыңыздағы кандидатқа дауыс беріп, ел экономикасын ілгерілетуге атсалысады деп сенемін.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, табысты еңбек, отбасыларыңызға қуаныш пен шаттық тілеймін. Мерекелі күндерге жеткізген берекелі бірлігіміз мәңгі болсын!,- деді Нарбай Әбілқасымұлы. Аудан әкімінің құттықтау сөзінен кейін сахнаға этномәдени бірлестіктердің жетекшілері Ирина Протасова, Лечи Оздамиров, Эсмира Мамедова және Зубайда Мажитова көтеріліп, көпшілікке мерекелік игі тілектерін жеткізді.
Мереке аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.
* * *
Б.Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесі бойында 1 мамыр – Бірлік күні мерекесіне орай аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында марафон өтті.
Марафон нәтижесінде жүлделі І орынды №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің оқушысы Төлеген Ағатаев иеленді. Ал, ІІ орын №15 мектеп-лицейдің оқушысы Олжас Қасымбеков иеленсе, ІІІ орынның жүлдесі №2 Мыңбұлақ орта мектебінің оқушысы Ғалымжан Құралға бұйырды.
Жеңімпаздарға дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табыс етті. Жарысқа аудандық орталық аурухана мен полиция бөлімінің қызметкерлері де атсалысып, олар алғашқы көмек көрсету мен жол қауіпсіздігіне жауап берді. Сонымен қатар, мерекеге орай орталық стадионда да оқушылар арасында фуболдан жарыс өткізілсе, ауылдық округтерде де дәл осындай спорттық іс-шаралар жалғасын тауып жатты.
Айгүл Қалымханқызы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»