Basty bet

Ұлт тұтастығының негізі

Аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Жаңа қазақ әліпбиі – рухани жаңғыру мен ұлт тұтастығының негізі» және «Латын негізді қазақ әліпбиі: сауаттылық негіздері» атты семинар-тренинг өтті. Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Жамбыл облысы Қазақстан студенттерінің Альянсы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілген семинар-тренингке аудандағы түрлі сала қызметкерлері қатысты.
Шараның мақсаты – жаңа қазақ әліпбиі және емле ережелерімен таныстыру, емле ережелерінің түзу принциптерін түсіндіру, жаңа әліпбимен сауатты жазу, оқу машықтарын қалыптастыру.
Айтулы шараны мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова ашып, сөз кезегін қонақтарға берді.
Алғашқы сөзді Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық комиссияның мүшесі Қасиет Малғаждаров алды.
– Құрметті әріптестер! Латын әліпбиінің мәселесі тек бір күндік мәселе емес. Осы мәселе төңірегінде бізде күнде түрлі жаңалықтар туындап жатады. Қазіргі қазақ қоғамы жаһандану заманында дамып отыр. Кириллицадан латын әліпбиіне көшуге еліміздің тәуелсіздік алғаны және әлем елдеріне танымал болғаны бірден-бір себеп болуда. Ендігі мақсатымыз дамыған 30 елдің қатарына қосылу керектігі баршамызға белгілі. Осы дамыған елдердің 70 пайыздан астамы латын әліпбиін қолданады.
Аталған қаріп туралы сөз бола қалған жағдайда қоғамда қате түсініктер қалыптасып жатады. Қаріпке көшуді бірінші естіген адам дұрыс түсінбей қалады. Яғни, халықты көбінесе қазақ тілі жоғалып кетеді ме деген ой мазалайды. Сондықтан бұл тіл реформасының жүзеге асуын жіті түсініп, адамдарға дұрыс жеткізе білген жөн. Негізінен қаріпке көшкенде таңбаларда ғана өзгерістер болады. Жазылуымыз өзгергенімен, дыбысталуымыз өзгермейді. Әрине, мұның бәрін күнделікті өмірде бір-бірімізге айтып, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін болсақ, ешқандай қиындық туғызбайды деп ойлаймын. «Көш жүре келе түзеледі» деген бар. Қазіргі жаңа қазақ әліпбиінің таңбалануы жасалғанымен алдағы уақытта әлі де өзгерістер көп болады, – деп Қасиет Кәкенұлы қатысушыларға латын әліпбиіне көшудің кезең-кезеңіне нақты тоқталып, кеңінен мағлұмат беріп өтті.
Ал, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Күлзинат Қарымбаева латын әліпбиіне көшу жаңалық еместігін, қайта оралу болып есептелетінін баса айтты. Бұл қаріп Қазақстанда ғана емес, түркі мемлекеттерінде, туыстас республикаларда қолданыста екенін, сол себепті қазақ халқы да қаріпті қолданудан қалыс қалмау керектігін жеткізіп, жаңа қазақ әліпбиіне көшудің тиімділігіне жіті тоқталды. Сонымен қатар, Күлзинат Мейрамбайқызы қатысушыларға бұл мәселеге бей-жай қарамауға, бірге сауатты болуға, көпшілік болып тіл реформасының іске асуына атсалысуға шақырды.
Семинар-тренингте «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік» кабинетінің жетекшісі, лингвист Балмира Мырзабаева жаңа әліпби мен емле ережелеріне тоқталып өтті. Ол қатысушыларға жаңа әліпбиде кездеспейтін кейбір кирилл әріптерін жазу, айту ережесі және шет тілді сөздер емлесін түсіндірді. Нақты мысалдар келтіре отырып, қатысушылармен тапсырмалар орындады, латын әліпбиі негізінде мәтін оқыды.
Жиын соңында қатысушылармен сұрақ-жауап ұйымдастырылды. Онда қатысушылардың бірі «мұғалімдерге латын әліпбиін оқытудың арнайы курсы ұйымдастырылса» деген тілегін жеткізді. Сонымен қатар, қатысушылар «мектептегі оқулықтар қай сыныптан және қай жылдан бастап латын әліпбиіне көшірілетін болады?», «бірнеше дыбыстың бірдей таңбалануы шешімін табады ма?» сынды тағы да басқа сұрақтар қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close