Basty bet
«Орын алған кемшіліктер жұмыс барысында қатаң ескерілуі тиіс»
Өткен сейсенбіде аудан әкімдігінің мәжіліс залында кезекті аппараттық кеңес өтті. Аппараттық кеңестің күн тәртібінде 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлардың орындалуы туралы мәселе қаралды. Аталған мәселе бойынша аудан әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Қалима Тұрмағанбетқызы баяндама жасады.
Баяндамашы ауданымыздың ішкі өнімінің жалпы көлемі, оның ішінде өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы, көтерме сауда тауар айналымы, негізгі капиталға салынған инвестиция туралы баяндады. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі жайлы да айтып өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі мен Жуалы ауданы әкімі арасындағы 30 индикатор бойынша қойылған межелердің 2020 жылдың ІV тоқсанының қорытындысымен орындалмаған жеті индикаторына тоқталды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков орындалмаған индикаторлар бойынша тиісті бөлім басшыларын және аудан әкімі мен ауылдық округ әкімдері арасындағы жоспарланған индикаторларды орындамаған округ әкімдерін орнынан тұрғызып, орын алған олқылықтар жұмыс барысында қатаң ескерілуі қажеттігін ескертті.
-Межеге жыл басынан бастап үлкен жауапкершілікпен кірісу керек. Барлық істе алдын алу маңызды. Уақтылы орындалса, мұндай кемшіліктер орын алмас еді. Сіздерден тыңғылықты көзқарасты, жүйелі жұмысты талап етемін,- деді аудан басшысы.
Нарбай Әбілқасымұлы сонымен қатар хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысына да тоқталды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»