Basty bet

Тұрғындар ауызсуды қашанға дейін күтеді?

Қасиетті Жуалы ауданында ынтымақ-бірлігі жарасқан ауылдардың қатарында Ынтымақ ауылы да бар. Құлантаудың бауырында орналасқан «Ынтымақ» деген атауының өзі-ақ білдіріп тұрғандай бұл ауылдан ауданымызға, облысқа, республикаға есімі белгілі қайраткер және қаламгер азаматтар көптеп шыққан. Бұл ауылдың ынтымағы ажырап көрген емес. Тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Ауданымыз аграрлы өңір саналатындықтан бұлай болуы заңды да. Тұрғындар мал және егін шаруашылығын өркендету арқылы тұрмыстарын да түзеп, аудан ырысын еселеуге елеулі үлес қосуда. Ауылдағы 87 аулада барлығы 450 тұрғын тұрады. 32 шаруа қожалық бар.

Хош делік! Өз күніңді өзің көрсең, мемлекетке алақан жаймасаң болды деген түсінік дұрыс емес. Аянбай еңбек ету, балаларының болашағын қамтамасыз ету ата-ананың негізгі борышы. Түсіне білген адамға ауылда тұрып, жыл он екі ай демалмай малдың соңында жүру немесе басқа да толып жатқан тірліктерді атқару ауылдағы ағайынға оңай емес. Басқасын былай қойғанда, біздің ауданда қазіргі таңда бірнеше жылдан бері ауызсусыз отырған немесе мүлдем ауызсу құбыры, табиғи газ тартылмаған ауылдар бар. Біз мұны көбінесе таулы аймақта орналасқан ауылдарға қатысты айтып отырмыз.
«Мың күнде сынбаған құмыра бір күнде сынады» дейді дана халқымыз. Қашанда сабақты иненің сәтін күтуге тура келеді. Биылғы жылы сәті түсіп ел қазынасынан қыруар қаражат бөлініп, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы тұңғыш рет шалғайдағы ауылдарға ауызсу құбырларымен қатар табиғи газ тартуға нақты іс әрекеттер жасалуда. Бұған әрине тұрғындар қуанышты. Алайда құрылысты тендерден ұтып алып, жұмысты орта жолда қалдырып жатқан мердігер компаниялар да кездесіп жатыр. Бұған не дейміз? Жұмыста кеткен кемшіліктерге тұрғындар да наразылық білдіруде.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты елімізде енгізілген карантин режимі жағдайында ауыл-аймақтарды көркейтумен қатар, азаматтарды жұмыспен қамту арқылы табысын арттыруды көздей отырып, қолға алынған ізгі шараның бірі екені даусыз. Алайда, мемлекеттен қисапсыз қаржы бөлініп, іске асырылып жатқан бағдарламаның мақсатын тендерде «жеңімпаз» атанған мердігерлер жете түсінбеген сыңайлы.
Шақпақ ауылдық округінің Ынтымақ ауылына ауызсу құбырының құрылысын жүргізіп бастаған «Байсын-А» ЖШС-ның өнімсіз тірлігі тұрғындардың ашу-ызасын тудырып отыр. Маусым айының басында басталған құрылыстың соңы қазір сиырқұйымшақтанып тұр. Су құбырларын жүргізу үшін қазылған шұңқырлар қаншама уақыт бойы қараусыз ашық-шашық жатты. Ауыл болған соң тұрғындарға күнделікті тіршілік қажет. Ынтымақ ауылының мал және егін шаруашылығымен айналысатынын ескерсек, шаруалар жаз мезгілінде мал азығын дайындап, ауласына кіргізуі қажет. Үйді-үйге күнделікті төрт түлік кіріп-шығады. Осындай сәттерде көше жолының жиегінен қазылған терең шұңқырларға ойнап жүрген балалар да, малдардың да түсіп кеткен жағдайлары жиі орын алды. Бұл біріншіден адамның өміріне қауіпті. Жұмысты бастағанда мердігер компанияның өкілдері осыны ескерді ме, ескермеді ме бұл жағы бізге беймәлім.
Ауыл тұрғындарының мердігер ұйымның өкілдерін іздеп, дабыл қаққаны, сонымен қатар, құрылыс басталмай жатып онда кеткен кемшіліктер туралы ағымдағы жылдың үшінші шілдесіндегі газетіміздің №49 санында журналист Абылайхан Сәрсеннің «Мердігерімізді іздеп жүрміз» деген тақырыпта мақаласы жарық көрген болатын. Міне, одан бері де сынаптай сырғып бір ай уақыт өте шықты. Жоба бойынша серіктестік жұмысшылары маусым айының басында іске кірісіп, ауылдың екі көшесінің қапталын қазған. Бір аптаға жетер-жетпесте шұңқырларға құбырлар тастап, оны жарым-жартылай көміп, қалғанын ашық тастап кеткен.
Шаруаларға қолайсыздық тудырған осынау жай туралы бізге ең алдымен ауылдағы Е.Абылаев көшесінің тұрғыны Сапар Әбдірахов айтып берді.
-Ауылымызға ауызсу құбыры тартылады деген хабарды естігенде қуанышымызда шек болған жоқ. Себебі, тұрғындар қаншама жылдан бері таза ауызсусыз отыр. Екі ай бұрын басталған құрылыс жұмыстарынан ешқандай нәтиже шығып отырған жоқ. Ынтымақ ауылы негізінен Б.Момышұлы, Е.Абылаев деп аталатын екі ғана көшеден тұрады. Мердігер компанияның жұмысшылары құбырлар тастаймыз деп екі көшені де бірдей қазып тастады. Мейлі дедік. Алайда құбырлары уақтысында жеткізілмеді. Жұмыс жасайтын техникалары да, жұмысшы күші де жеткіліксіз. Құбырлардың аралығына қойылатын бетон құдықтары да жоқ. Оның мұнда қашан жеткізілетіні де белгісіз. Қазылған шұңқырдың кесірінен үйдің ауласына жем-шөбімізді кіргізе алмай әлек болдық. Оған адам да, малдар да түсіп кетіп жатты. Кейбірі жазым бола жаздады. Құрылысты мойнына алған мердігер компания жұмысын сапалы атқармайды. Құрылыстың барысын бақылап-қадағалайтын құзырлы орындар қайда қарап отыр? Біз осыған наразымыз,- дейді С.Әбдірахов.
Осы көшенің тау жақ бетінде тұратын ауыл тұрғыны, еңбек ардагері Асылхан Арымбаев та ауылға ауызсудың биылғы жылы кіргізілетініне сенбейтінін ашық жеткізді.
-Бұл ауызсудың жыры биыл ғана басталып отырған жоқ шырақтарым,- деп бастады ақсақал әңгімесін. –Жасым жетпістен асты. Әрі десе, осы ауылда туып-өстім. Ауылға ауызсудың да, ағынсудың да келмегеніне біраз жылдың жүзі болған. «Өз қамыңды өзің жаса» деген қағиданы ұстанып бірер жыл бұрын көршілес облыстың Сайрам ауданынан мамандарды жалдап, үйдің ауласынан 46 метр тереңдіктен құдық қазып, су шығардық. Қазір сонымен ауызсу ішіп отырмыз, кір жуғанға, басқа да қажеттіліктерге осы піспеқұдықтың суын пайдаланамыз. Онымен бау-бақшаны да суғарамыз. Құдыққа электр моторын орнатқанбыз. Алайда электр жарығының бірқалыпты берілмеуіне байланысты моторды бірнеше күйдіріп алған жағдайлар да болды. Осы электр тоғының әлсіз немесе қатты келуінен қаншама тоңазытқыш, тұрмыстық техникаларымыз істен шықты. Сайып келгенде, бәрі бір-біріне байланысты. Мәселенің бәрі ауызсудан шығып отыр емес пе? Бізге таза ауызсудың уақтылы келгені керек. Ауылдық округтің әкімшілігі ағынсуды да әкелудің жайын ойластырса дейміз.
Қазылған шұңқырға өткенде ғана көшеде ойнап жүрген немерем құлап кетіп, жазым бола жаздады. Айта берсең мұндай фактілер өте көп. Қаншама жылдан бері біздің күткеніміз осы ма еді? Біз ауызсудың құрылысын сапалы атқаруды қадағалауды құзырлы орындардан талап етеміз. Басқа айтарымыз жоқ.
Шақпақ ауылдық округінің әкімі аппаратының маманы Құлажан Жапарбаев және жанымызда газетіміздің фототілшісі Сәбит Күзембаев үшеуміз Ынтымақ ауылының екі көшесін де басынан-аяғына дейін аралап көріп шықтық. Тұрғындардың: «Баяғы жартас – сол жартас» дегеніндей-ақ бар екен. Құбыр тарту үшін қазылған шұңқырлар сол қазылған күйінде жатыр. Мердігер мекеме шұңқырлардың кей жерлерін жапқан сыңай танытып, қалай болса солай көміп кеткен. Ауыл тұрғындарымен сөйлесе жүріп, су тартуда кеткен кемшіліктердің барлығын фотоға түсіріп алдық.
Ынтымақ ауылындағы Б.Момышұлы мен Е.Абылаев көшелерінің арасын арналы сай бөліп тұр. Біз барғанда мердігер компанияның жұмысшылары су құбырын өткізу эксковатормен сайдың қабағын қазып жатыр екен. Мекеме басшысының қайда екенін сұрағанымызда: «Компанияның үлкен басшылары мұнда келмейді. Тек учаске басшысы Мақсат Маметов оқта-текте келіп кетеді. Қазіргі таңда көшелердегі шұңқырларды қазу жұмыстарын аяқтадық, енді абоненттерге бұрылатын тұстарын қазуды бастаймыз. Құрылыс басына бетон құдықтар жеткізілмей жатыр. Техникамыз да жеткіліксіз. Небәрі төрт қана жұмысшымыз бар»,- дейді өзін бригадирмін деп таныстырған Бақтияр есімді жігіт.
Ауыл тұрғындарының арыз-шағымы негізінде құрылыстағы кемшіліктерді аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейітхан Жұмашев тексеріп, шағымда айтылған фактілердің барлығы расталған. Жоспарға сай мемлекеттік бағдарлама аясында объектіде 47 азамат жұмыс істеуі тиіс болса, оның 24-і жергілікті тұрғындар қатарынан тартылуы қажет болатын. Қоғамдық кеңес төрағасы С.Жұмашев құрылыс барысындағы кеткен кемшіліктерді толығымен баяндап, фотосуреттерді тіркеп, шара қолдану үшін аудан әкіміне ұсынғанын айтады.
Бір бұл емес. Ауыл тұрғындары бізге көше жарықтандырудағы, ауылдың атауы жазылған арканы орнатқандағы кеткен өрескел кемшіліктерді де қоса жеткізді. Ынтымақ ауылына кіреберістегі Б.Момышұлы көшесінде орнатылған бағана басындағы жарықшамдары қараңғыда жарық беру үшін төменге қарап тұруы керек емес пе? Ал мұндағы шамдар төбеге қарап тұр. Дәл осы көшенің едәуір бөлігінде асфальт жабындысы жоқ. Айта берсе, бұдан да басқа ұсақ-түйек кемшіліктер көп.
«Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес» деген сөз бар халқымызда. Қай жұмыстың да артында халықтың тағдыры мен көпшіліктің игілігі тұр. Халықтың көңілінен шығу оңай емес. Сондықтан қазіргі таңда ауылдық округтерге әкім болып баратын азаматтар ең алдымен өзін «өсіруді» емес, елді өркендетуді тереңнен ойласа дейміз. Біздікі сынау емес, кеткен кемшіліктерді дер кезінде түзетуге ықпал ету.

Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close