Basty bet
Таразда 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді
Тараз қаласындағы жаңа 15 шағын ауданда 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. №28 көппәтерлі арендалық тұрғын үй талай жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді. Пәтерге ие болғандар сатып алу құқығынсыз жалдап тұра алады. Аталған нысанның құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аталған шағын ауданда барлығы 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Өткен жылы онда 26 тұрғын үй немесе 1300 пәтер халық игілігіне берілсе, ағымдағы жылы 29 үйдің құрылысы жүргізіледі.
Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша былтыр 323 пәтер берілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 млрд 360 млн теңгеге қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынды.
Ол ғана емес, облыс бойынша баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін 8 көппәтерлі жатақхана пайдалануға берілсе, 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Ол жатақханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын (санузел) бөлмесі бар.
Жалпы, бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұр. Оның ішінде 1784 көпбалалы отбасы, 8593 әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі