Basty bet

«Бәрін білікті кадр шешеді…»

Бақыткүл Қанаеваның кітапхана ісін жетілдіруге сіңірген еңбегі зор

Саналы өмірінің елеулі бөлігін белгілі бір салаға арнаған азаматтар ортамызда көптеп кездеседі. Алайда адамның қашанда қоғам тарапынан сый-құрметке, биік беделге ие болуы ең алдымен оның адамгершілігіне байланысты. Осындайда: «Адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та, бақыт та қонбайды» деген Жүсіп Баласағұннан қалған әйгілі тәмсіл сөз еріксіз еске түседі. Ал адамға жақсы қасиет қайдан келеді? «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді де дана халқымыз текке айтпаса керек. Адамның жақсы болмағы – оның өскен ортасына, өмірге деген көзқарасына тікелей байланысты сияқты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, білікті маман, кітапхана ісінің терең білгірі, шебер ұйымдастырушы Бақыткүл Қанаеваның кітапхана ісін дамытуға қосқан үлесі қомақты. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген жақсы сөз біздің кейіпкерімізге қаратып айтылғандай. Өмірдегі барлық игіліктердің бастау көзі ауылда екенін дәлелдеп жатудың қажеті шамалы. Біздің кейіпкеріміз де ауылда туып-өскен адам. Бақыткүл Сыдықбекқызы 1960 жылы ауданға қарасты Амангелді (қазіргі Тәттібай Дүйсебайұлы) ауылында туған. 1980 жылы Жамбыл мәдени-ағарту училищесінің кітапхана ісі бөлімін бітіріп, сол жылы алғашқы еңбек жолын Жуалы аудандық орталық кітапханада кітапханашы, 1995 жылы аға библиограф, 1996-2001 жылдары аралығында әдістемелік бөлімнің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 2002 жылы білімін жетілдіру мақсатында Тараз қаласындағы Орта-Азия университетінің кітапхана ісі мамандығына сырттай бөлімге түсіп, 2006 жылы толық бітіріп шықты. 2001 жылдың 2 сәуірінен бастап биылғы жылдың басына дейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры қызметін абыроймен атқарды.
Бақыткүл Қанаева аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы қызметінде өзін тәжірибелі ұйымдастырушы, өз ісінің білікті маманы ретінде көрсете білді. Олай дейтініміз, жыл сайын өтетін «Ең үздік ауылдық кітапхана» облыстық байқауын ұйымдастыруға, кітапханалық мақсаттық бағдарламалар, жобаларды жасауға, ауылдық кітапханаларға ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізуге барынша оң ықпал жасады.
Атап айтқанда, осынау маңызы зор облыстық байқау аясында Қосбөлтек, Талапты, Көктөбе, Көлбастау ауылдық кітапханалары бірнеше дүркін жеңімпаз атанып, жүлделі орындардан көрініп отыр. Білімді де білікті басшы Бақыткүл Сыдықбекқызының саладағы мол тәжірибесі, ұйымдастырушылық қабілеті 2011 жылы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өткізілген «Заман талабына сай ақпараттық ресурстарының дамуы» атты облыстық тәжірибелік семинар барысында айшықтала көрінді. «Бәрін білікті кадр шешеді» деген ертеден келе жатқан ұстанымның бар екені белгілі. Осы орайда Бақыткүл Сыдықбекқызы кітапханалардағы арнаулы орта білімді мамандардың жоғары білім алуына да көп еңбек сіңірді. Жас мамандарға қолдау көрсетіп, кезі келгенде ақыл-кеңестерін де аямады. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде, одан кейін де ауылдық кітапханалар өзге мекемелердің құрамына ене бастағанда бұл кісі аса жанашырлықпен кітапханаларды аудандық ОКЖ-ның балансына қайта қосты. Бұл, әрине, кітапхана ісінде және оқырмандар үшін де игілікті іс болды. Бүгінгі таңда аудандағы барлық кітапханалар қазіргі заман талабына сай эстетикалық сипат алуда. Оған да Бақыткүл Қанаеваның қосқан үлесі қомақты. Басқасын былай қойғанда, соңғы екіжылдың бедерінде ауылдық кітапханаларда ұзын-ырғасы 17 цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Бұл ауыл тұрғындары үшін, оқырман қауымы үшін үлкен жаңалық болды.
Қай салада да алға басу үшін, жан-жақты даму үшін алдағы уақыттарға нақты жобалар жасалады. Бұл істерді кітапхана ұжымынан да көруге болады. Мысалы, «Өрлігі мен ерлігі биік – Бауыржан» кітапханалық жобасында Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, қасиетті Жуалының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының шығармаларын, кітаптарын электронды цифрлық жүйеге көшіру жұмысы жүйелі жүргізіліп жатыр. Осы тақырыпта да оқырмандармен танымдық іс-шаралар өткізіліп отырады.
Кітапханалық мақсаттық бағдарламалар да өз жемісін беріп келеді. Оған «Жуалының ақын – жазушылары», «Ауылым – алтын бесігім!», «Тіл – қасиетті қазына», «Бабалар сөзі – даналық көзі» т.б. тақырыптардағы бағдарлама жұмыстарының өзі бір төбе.
Орталық кітапханаға келетін оқырмандарға барлық жағдай жасалған деп айтуға толық негіз бар. 2014 жылы аудандық орталық кітапханада Көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлім ашылды. Қызметкерлердің қәсіби біліктілігін арттыруға да көп көңіл бөлінеді. Оған «Ауыл кітапханалары: атқарылған жұмыстың қорытындылары және дамудың нақты бағыттары», «Кітап оқу арқылы жас ұрпақтың сана-сезімін қалыптастыру» және басқа да тақырыптарда өтетін семинар-тренингтер дәлел бола алады. «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, саладағы осы аталған қыруар жұмыстардың барлығында аудандық орталық кітапханада 40 жылға жуық жұмыс істеген, кейінгі 20 жыл көлемінде директорлық қызметті абыроймен атқарған білікті басшы Бақыткүл Қанаеваның қолтаңбасы бар.
Кітапханада ұзақ жылдар жұмыс істей жүріп оның бойында әр қызметкердің талабын танып, бағын ашуға деген талпынысты қалыптастыра білді. Ол іскерлік, ұйымдастырушылық және педагогикалық әдептілік қасиеттерін бойына жинаған жан. Жас кітапханашыларға жұмыста орнығуына қамқорлық көрсетіп, оларды шын мәнінде кітапханашы мамандығына баулуда сіңірген еңбегі зор.
Кітапханада директорлық қызметін атқарған Бақыткүл Сыдықбекқызы аудан, облыс көлемінде өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен, ауданның мәдениетін көтеру жолында облыс көлемінде аудандық кітапхананың көрсеткіштерін алдыңғы орынға жеткізді. Білікті басшы, кітапхана ісіне сүбелі үлес қосқан тәжірибелі маман осы жылдың басында зейнеткерлік жасқа толып, құрметті еңбек демалысына шықты. Бұл да Бақыткүл Сыдықбекқызының саналы ғұмырындағы үлкен белес, шуақты да жемісті кезең болып отыр.
Білікті басшының кітапхана ісіне сіңірген ұзақ жылғы еңбегі еленіп «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-20 жыл!», 2017 жылы облыстық кәсіподақ ұйымының «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісімен, «Кітапхана ісінің ардагері» медалімен, облыс, аудан әкімдерінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталғанын да айта кеткен жөн. Еңбегін еліне арнап, өзі жұмыс істеген салаға жанашырлық танытып жаңашылдықтар енгізе білген Бақыткүл Қанаеваның азаматтық келбеті міне осындай. Жанымызда жүрген жақсы адамдардың қасиеттерін дер кезінде тани білгенге, бағалай білгенге не жетеді?!

Таңдаулы материалдар

Close