Basty bet
Түсіндірме жұмыстары жүргізілуде
«Сақтансаң, сақтаймын» демекші, бүгінгі күні өмір сүру дағдымызға айналған санитарлық талаптарды сақтау барша азаматтың міндетіне айналуда. Өйткені, төрткүл дүниемен қатар біздің елді де әбігерге салған коронавирустық инфекция жылдам қарқынмен таралып жатыр. Сондықтан әр азамат өзі және жақынына жанашырлық танытып, талап пен тәртіпке бағынғандары абзал.
Аудан аумағындағы кәсіпкерлік нысандарының және жеке тұлғалардың санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылайтын мониторингтік топтардың жұмысы қайта күшейтілді. Ондағы басты мақсаты – коронавирус инфекциясының одан ары таралуын болдырмау үшін санитариялық-эпидемиялық талаптардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету.
Осыған байланысты аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ мүшелері өткен аптаның сенбі, жексенбі күндері аудан әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы бастап рейдке шықты. Рейд жұмыстары барысында аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аппарат басшысы Серік Қойбақов бастаған топ мүшелері 15 кәсіпкерлік нысанын аралап, 5 құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырды.
Ал, жексенбі күні аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы бастаған мониторингтік топ мүшелері 8 кәсіпкерлік нысанын аралап, онда бес хаттама толтырылды.
Сонымен қатар, мониторингтік топ мүшелері аудан тұрғындарына санитарлық талаптарды сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын қоса жүргізді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
«Жаңа өмір»-ақпарат