Basty bet
Батыр сөзін бойтұмарға айналдырған
«Отан қорғаушы». Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы болмақ.
Ендеше осындай абыройлы міндетін атқарып келген Жетітөбе ауылдық округіне қарасты, Шыңбұлақ ауылының азаматы Нұрзат Битұрсынды ерекше атап өткен жөн. Әскерге аттанған әрбір ер азаматтың аман-есен әскери борышын орындап, отбасына қайтуы үлкен бақыт.
Нұрзат Битұрсын осындағы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте білім алып, әскер қатарына аттанған. Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімінің 37 бригада да десанттық шабуылдаушы қызметін абыроймен атқарып, аға мерген, ефрейтор шендерін алып қайтты.
– Әскер ер азаматтың күш-жігерін жүріс-тұрысын, шапшаңдығы мен мергендігін арттыратын орта. Нағыз ер Отан алдындағы борышын еш қаймықпай, қорықпай атқарып қайтқандары әр азамат үшін абыройлы міндет саналмақ,- деп ағынан жарылды жігерлі азамат Нұрзат.
Әскердегі өмір, менің ерік-жігерімді қатайтып, іштегі үрей, қорқыныштарды сейілтіп, табанды, қажырлы болуға, барға қанағат етуге, өзіңе ғана сенім артып, тығырықтан шығу жолын жылдам әрі дұрыс ойлау білуге үйретті,- деп ой бөлісті Нұрзат.
Батыр Бауыржан бабаның «тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзі оның бойтұмарына айналды. Жылдың, тәуліктің кез келген уақытында, әр сәтінде тапсырманы шұғыл әрі толық орындаулары қажет. Әуе десантына физикалық және психика тұрғысынан дұрыс қалыптасқан азаматтарды жинайды. Спорттық ептілігі мығым сарбаз ғана, Бас қолбасшының резервінде тұрады. Күнделікті жаттығу зор жетістіктер көрсетулеріне жол ашады.
Бойдағы қорқыныш, үрейді артта қалдырып, парашютпен қайта жерге қона алу үшін тынымсыз еңбектің қажет екені белгілі. Мерзімді әскери қызметтен өту – қаруды, күрделі әскери техниканы қолдану дағдыларын үйренуге ғана емес, сол сияқты адамның физикалық және рухани толығуына ықпал ететінін дәлелдеді.
«Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті – Отан алдындағы өз борышын атқару деп есептеймін. Өзім де сол міндетті абыроймен атқару үшін әскерге барған дұрыс деп шештім. Әскери тақырыптағы фильмдерді көргенді ұнатамын. Әрқашан форма киюді, солдаттар секілді сымбатты, мінезді болуды армандайтынмын. Армандар орындалады», – деп жас сарбаз өз ойымен бөлісті.
Әскери өмірдің есігін жасқана ашып, кіріп келген жас жауынгер, есейген, әскери қызметті меңгерген, жанарынан жалын атқан құрыштай сарбаз болып, қызметін абыроймен аяқтағаны өзінен кейінгі жастарға үлгі болары сөзсіз!
Анар ТІЛЕНШИЕВА
«Жаңа өмір»