Basty bet

Мемлекеттің болмысы – ұстаздардың тәлімінде

Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылық, тілегі – татулыққа негізделген Қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың 30 жылда бағындырған белестері орасан. Осы уақыт аралығында әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары жетерлік.
Тәуелсіздік күні – бар ғұмырын бостандық үшін күреске арнаған боздақтардың жанкешті еңбегі мен ерен ерлігін еске алатын қастерлі мереке. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, Тәуелсіздік – тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт! Бұл кешегі бабалар ерлігінің рухын алған, ертеңгі ұрпағына жол салған замандастарымыз – сіздердің еселі еңбектеріңіздің жемісі. Әсіресе ұстаздар – мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір тәріздес. Мемлекеттің идеологиясы, қоғамның дәстүрі мен құндылықтары, адамзаттың асыл қасиеттері, ғылым мен өнердің мұралары ұстаздар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жол тартады. Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.
Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Бұл жұмыс асқан жауапкершілікті, зор шыдамдылық пен шығармашылықты талап етеді. Еліміздің бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп, жауапкершілігі мол және абыройлы міндетті ұстаздар атқарады.
Қадірлі жерлестер! Құрметті ұстаздар! Баршаңызға осы мерейлі мерекеде зор денсаулық, шаңырақтарыңыз шаттық, берекелі бірлік пен баянды тірлік тілеймін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы, мәңгілік еліміздің келбеті сәнді, еткен еңбегіміз мәнді болсын!

Нұрмахан ТЫНЫБЕКОВ,
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Жуалы ауданының білім бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close