Basty bet
Құс өсірудің пайдасы да қыруар
Құс шаруашылығы – ауыл шаруашылығының жаңа және ең қарқынды дамып келе жатқан саласы. Бүгінде ауданда құс шаруашылығын қолға алып, сөздің емес, істің адамына айналған Айнагүл Ахмадбекованың тындырымды тіршілігі көпке үлгі. Ол құс етіне деген көпшіліктің сұранысының артқандығын байқап, құс шаруашылығын мықтап қолға алады. Кәсібінің қыр-сырын үйренген кәсіпкер қазіргі таңда жергілікті тұрғындарды экологиялық таза құс етімен қамтамасыз етіп келеді.
Бүгінде Ахмадбекова Айнагүл “ЖК Ахмадбекова” жеке кәсіпкерліктің басшысы. Оның үлкен фермасы жұмыртқадан бастап, құс етіне дейінгі барлық өнімдерді шығарады. Ауданда ең үлкен инкубаторы да бар, ол 21 күнде 15 000 балапан шығарады. Қазіргі таңда сертификатталған “Жуалы құс” брендін қалыптастырған. Түрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде жеке кәсіпкерліктің өнімдері саудаланып жүр. 2018 жылы “30 үздік жоба” қатарынан танылды. Еңбегі еленген әйелдер форумында “Жыл жетістігі” номинациясын иеленді.
Жанұясымен отбасылық кәсіпке кіріскен ол алғашында үй іргесіндегі қоражайда 40 шақты күркетауық сатып алып, содан балапан аштырып шығады. Балапандарды бір-екі апта енесінің бауырына салып, буынын бекітіп алғаннан кейін, базарға шығаратын болды. Балапанның ашып шыққан уақытына қарай, бағалары да әртүрлі болып белгіленеді. Біраз жыл осылай жұмыс жасап жүрді.
– Өзім Түркістан облысында туып-өскенмін. Тұрмыс құрған соң, Ақтасты ауылында өзеннің жағасында енем аппақ үйректі бағып жүретін. Ол сұлулықты көріп, үй құстарына деген қызығушылығым оянды. Міне, менің құс шаруашылығына келуіме осы бір әдемі көрініс әсер етті. Алғашында отбасымызбен өз қаражатымызға кәсібімізді бастап, тәуекелге бел будық. Нәтижесінде, оның пайдасын көріп, қыр-сырын үйрене бастадық. Аяққа тұрғаннан кейін қаз-үйректер, етті бройлер тауықтарын асырайтын болдық. Кейбір тұтынушылар тауықты сойып, еттей сатуға тапсырыс беріп жүрді. Сол уақыттары үй іргесінде құстарға арнап үлкен жылы қоражай салып, асырап отырған тауықтарды 2000-ға дейін жеткізген болатынбыз, – дейді кәсіпкер Айнагүл Жұмабекқызы.
Кәсіпкер құс өсірудегі тәжірибесімен, білгенімен үнемі айналасындағылармен бөлісіп жүреді. Ол инкубатордан шыққан балапанға алғашқыда жақсы күтім жасау аса маңызды дейді. Арнайы бір орында балапанды үш айға дейін асырау қажет. Бөлменің температурасы 36 градус болуы тиіс екен. Одан бөлек, арнайы құрамажем беріліп, тек аяқтанған соң ғана өзге де жемін береді. Құстарға үнемі жылы су беріп отыру да керек. Алғашында балапандарға глюкоза дәрумені беріледі, ол балапанның иммунитетін көтеруге көмектеседі екен. Сонымен қатар, алғашқы жедел көмек ретінде «Чиктоник» дәруменін береді. Бір жерде 4-5 мыңға жуық құс болғандықтан, вакциналау мақсатында балапандардың көздеріне респераторлық аппаратпен дәрі шашады. Ауруға төзімділігін арттыру үшін құстар ревакцинацияланады, «Оспа» ауруына қарсы дәрі беріледі.
-Құстардың да төрт түлік секілді ауруы болады. Оның алдын алу шараларын уақтылы жасаған дұрыс. Тәжірибем болғандықтан балапанның көзіне қарап-ақ, оның денінің саулығын ажырата аламын. Сонымен қатар, аналық пен аталық құсты айыра аламыз. Балапан сатып алушыларға ерік беріледі. Олар өздері таңдаған балапандарын сатып алып кетеді. Тұтынушыларға олардың күтімі жайлы жіті түсіндіріліп айтылады. Бізде күркетауықтың «Хайбрид», «Биг-6», қаздың «Крупно серый», «Линда», «Холмогорские», тауықтың «Несушка», «Бройлер», қазақы тұқымды және үйректің «Стар-53», «Адлер», «Бройлер» секілді тұқымдары өсіріліп, ет бағытында аудандағы және облыс орталығындағы сауда орындарына өткізіледі, – дейді Айнагүл Жұмабекқызы.
Оның айтуынша, негізгі жұмыстар наурыз айынан басталады. Желтоқсан айына дейін құстардың етін жан-жаққа өткізеді. Екі ай құс фермасында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тек қазақы тауықтар мен «Несушка» тұқымды тауық ұстайды.
Олар алдағы уақытта инкубаторға фермадағы тауықтардың жұмыртқаларын басуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Еуропа елдерінен және Ресейден арнайы тапсырыспен құстардың жұмыртқасын алдырады екен. Шет елден жұмыртқаларды алдыруының себебі, олар ет бағытындағы құс болғандықтан төрт айдың ішінде дайын болады.
Кейде әртүрлі тауықтардың жұмыртқасын жергілікті тұрғындардан сатып та алады. Бастырылған жұмыртқадан 100 пайыз балапан шықпайды. Тәуекелге бел буған олар инкубатордағы жұмыртқадан 70 пайыз ғана балапан бастырылып шығады дейді.
Ол үй жағдайында құс өсіруді меңгеріп алғаннан кейін кәсібін кеңейтуді ниет етіп, алғаш рет “Ауыл шаруашылығы қолдау қоры” АҚ-нан 6 пайызбен 4 млн теңге алып, бройлер тауық сатып алады. Одан кейін де кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйреніп, құс шаруашылығының ет бағытында жоба жасап, 3 млн теңге мемлекеттен инновациялық қайтарымсыз грант ұтып алады. Гранттан берілген қаражатқа ет бағытына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады. Бүгінде Б.Момышұлы ауылы Жібек жолы көшесінің бойынан жеке кәсіпкер 1,2 гектар жер алып, құс фермасының іргесін қалады. Кәсібін кеңейтіп, бес адамды жұмыспен қамтуда.
Кәсіпкер ет бағытындағы әртүрлі құстарды өсіргендіктен, оларға ең бірінші жайылым жер мен күннің сәулесі керек дейді. Оны ескерген Айнагүл Жұмабекқызы үй құстарының емін-еркін далада өз қорегін тауып жеу мақсатында үй іргесіндегі кәсіпкерлігін үлкен құс фермасына айналдырған. Кәсіпкер ендігі кезекте жарық пен жылу мәселесі қинап тұрғанын айтады. Сонымен қатар, құстардың жүнін де пайдаға асыру мақсатында арнайы аппараттың жоқтығы да проблеманың бірі екенін жеткізді.
Кәсібі өрге дөңгелеген Айнагүл Ахмадбекова мұның барлығы еңбектің арқасында келген жетістік дейді. “Еңбек бәрін жеңбек” деген жақсы сөз бар. Жалпы еңбек ете жүріп, өз ісіңді сүйікті кәсібіңе айналдырған жөн. Тек пайда үшін емес, нәтижеге жұмыс істей білу қажет. Жастарға кәсіпкерлік саласында сауаттылық қажет. Ол үшін жастардың бойындағы кәсіпкерлік саласы туралы сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалса, нұр үстіне нұр. Аудандағы Жастар ресурстық орталығы осы мәселені ескерсе деймін. Мен өзімнің білгенімді жастарға айтып, бөлісуге әрдайым дайынмын. Артымыздан ерген жастар да осы саланың қыр-сырын үйреніп, жұмысты дұрыс үйлестіре алса, мен қуанар едім” дейді сөз соңында кәсіпкер.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»