Basty bet

САУЛЫҚ САҚТЫҚТА ЕКЕНІН ҰМЫТПАЙЫҚ, АҒАЙЫН!

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ облыстық филиалының облыс жұртшылығына ҮНДЕУІ

Құрметті облыс тұрғындары!
Қадірменді әлеумет!
Бүгінде жер – жаһанға қауіп төндірген пандемия індеті әлі де таралуын тоқтатпай, өз зардабын тигізуде. Еліміз бойынша біршама тұрақталған эпидемиологиялық ахуал қазіргі таңда қайтадан күрделеніп, вирус жұқтырған науқастардың саны артып келеді.
Халқымыз осы күнге дейін пандемияны жұдырықтай жұмылып, бірлік пен татулықтың арқасында еңсеріп келеді. Енді індет қайта белең алған тұста, осындай ауызбіршілік секілді құнды қасиеттерімізді жоғалтпай, тұтастығымыз бен ынтымағымызды нығайта түсіп, пандемиямен күресте жұмылуға шақырамыз.
Ол үшін сақтық шараларын сақтап, медициналық нормаларды қатаң ұстанғанымыз жөн. Бетперде тағуды біздің күнделікті өмір салтымызға енгізуді жалғастыруымыз қажет.
Індетке қарсы вакцинациялау процесі туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар болып отырмыз. Бұл, ең алдымен ерікті түрде жүргізілетінін, бұған қорқыныш сезімімен қарамай, ең алдымен, тұрғындар денсаулығы үшін іске асырылатынын ескеруіміз тиіс!
Сонымен қатар шиеленісті ахуалға қарамай , қыз ұзату, құдалық, беташар, сүндет той секілді той-томалақтар әлі де жалғасуда. Бұл жиындар індеттің таралуына тікелей жол ашып отыр.
Осы тұста барша тұрғындарды ең алдымен өз денсаулығына және өз отбасыларының денсаулығына аса жауаптылықпен қарауға шақырамыз. Себебі, осындай жиында болған бір адамның тағдыры тұтастай бір отбасының тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін екендігін ешқашан жадымыздан шығармауымыз керек!
Құрметті жамбылдықтар! Өкінішке орай , бұл індетті жұқтыру ықтималдылығы әлі де өте жоғары деңгейде болып отыр. Сондықтан баршаңызды пандемияны өршітуге септігін тигізетін қандай да бір келеңсіз әрекеттерден аулақ болып, барынша сақтық шараларын ұстануға шақырамыз. Саулық – сақтықта екенін ұмытпайық, ағайын!

Еркінбек СолтЫБАЕВ,
облыс ардагерлерінің атынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Таңдаулы материалдар

Close