Basty bet
Ауғанның от-жалынында шыңдалған
Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті құрамында интернационалдық борышын өтеп, оқ пен оттың арасынан аман-есен оралған сарбаздардың арасында қарасаздық Бауыржан Тасбауов та бар.
Бауыржан 1962 жылы Петровка (қазіргі Қарасаз) ауылында дүниеге келіп, 1980 жылы ауылдағы А.Пушкин атындағы орта мектепті бітіріп шығады. Ол кезде жоғары кластарда «Автомобиль ісі» мамандығы оқытылып, түлектер аттестатпен бірге жүргізуші куәлігін де алып шығатын. Мектеп бітіргенде Бауыржанның да қолында осындай куәлік болды. Ол аудан орталығындағы автобазада бір жылдай слесарь болып жұмыс істейді.
1981 жылы сәуір айында әскер қатарына шақырылып, Алматы облысының Іле ауданындағы 61993 әскери бөлімде үш айлық жүргізушілер даярлау курсында оқиды. Курста сарбаздар машинаны ауа райының түрлі жағдайларында – жауын-шашында, тәуліктің қараңғы мезгілінде жүргізуді үйренеді. Соңында сынақ алынып, курсанттар «ЗИЛ-131» жүрдек автомашинасымен «Алматы-Панфилов» бағытында 500 шақырымды жүріп өтті. Нұсқаушылар автомашинаны ой-қырға, тау-тасқа, бір сөзбен айтқанда, жолсызға салып, сарбаздар машинаны одан алып шығудың айла-тәсілдерін, өздері үйренген машықтарын байқатты. Курсант Тасбауов барлық тапсырмаларды ойдағыдай тапсырып, сынақтан өтті.
Курс аяқталып, «әне-міне, әскерге бөлінеміз» деп отырғанда, елден әкесі қайтыс болғаны туралы суыт хабар келіп, Бауыржан ауылға кетеді. Он күннен кейін әскери бөлімге қайта барса, бастығы «сен Алматыда резервте қаласың» дейді. Алайда, сол арада Ауғанстанға ұшайын деп тұрған сарбаздардың арасында бір адам жетіспейтін болып, резервте қалған үш адамның ішінен Бауыржанды таңдап, шұғыл Алматы әуежайына жеткізіледі. Қалған екі жігіт орыс ұлтынан еді, оларды Ауғанстанға алмады.
Сарбаздар әскери-көлік ұшағымен Алматы әуежайынан шығып, ел астанасы – Кабулға ұшып жетеді. Сол жерде орналасқан пунктте әртүрлі бағытқа бөлінеді. Бауыржан Тасбауов 40 шақты жігітпен бірге Баграм провинциясындағы 86977 танк полкіне түседі. Ол әрі қарай әскери қызметін осы полктің материалдық жабдықтау ротасында жүргізуші болып өтейді.
Бауыржанның қасында Алматыдан бірге аттанған жамбылдық екі жерлесі болады. Оның бірі – Жуалы ауданынан Құлымбет Әбдіқұлов та, екіншісі – Мойынқұм ауданынан Несіпбай Әбдіраманов. Құлымбет артиллерия дивизионында болса, ал Несіпбаймен бір ротада қызмет етеді.
Қатардағы жауынгер Бауыржан Тасбауов екі жыл бойы полктің материалдық жабдықтау қоймасынан бөлімдер мен роталарға қосалқы бөлшектер, материалдар мен оқ-дәрілер жеткізумен шұғылданды. Оған мақсатты жерге жету үшін талай рет оқ пен оттың арасынан өтуге тура келді.
– Біз кезекті сапарға шыққанда алдымызда не болатынын болжай алмайтынбыз. Тау жартастарына мықтап бекініп алған дұшпандардың мүлгіген тыныштықты бұзып, қай тұстан тап беріп, оқ жаудыратынын немесе машинамыз қай жерде минаға түсіп, жарылатынын білмейміз. Тіптен жергілікті бейбіт тұрғындардың хабарлауымен таудың бір жеріне жасырынған дұшпандарды ол арадан табу қиынға соғады. Таудың арасында қазылған жерасты жолдарға түсіп, ізін суытып үлгеретін. Сондай жерасты жолдарды біздің әскерлер тұрған жерлерде де болатын. Бізге сардарларымыз «түнде ұйықтамаңдар, қырағы болыңдар» дейтін. Өйткені, біздің алдымызда пәлен бөлімнің кезекшілері түнде ұйықтап қалып, дұшпандар әлгіндей жер астынан шығып, бүкіл бір ротаны өлтіріп кетіпті» деп, соны бізге үлгі етіп, қырағы болуымызды қадағалайтын, – дейді Бауыржан алыста қалған отты күндерді еске алып.
– Тағы бірде, ұмытпасам, 1982 жылдың 8 наурызы қарсаңында болуы керек. Өйткені, бәріміз Аналар мерекесіне дайындалып жүргенбіз. Сол түні біздің полкке дұшпандар шабуыл жасады. Ол кезде Ауғанстанда Ахмет шахтың дүркіреп тұрған кезі. Сол жолғы шабуылда көршілес артиллерия дивизионындағы Құлымбет Әбдіқұлов екі аяғынан ауыр жараланды. Оны Ташкенттегі госпитальға алып кетті. Онда сегіз айдай емделіп, еліне сол жақтан қайтты, – деп күрсінді Бауыржан.
Бауыржан Тасбауов 1983 жылдың мамыр айында әскер қатарынан ауылға оралып, Карл Марс атындағы кеңшарда, кейіннен «Бірлік» өндірістік кооперативінде табан аудармастан 32 жыл жүргізуші болып жұмыс істеді. 1985 жылы Дамира Алтаевамен отау құрды. Шуақты шаңырақ төрт ұл-қызды тәрбиелеп жеткізді, бір немересі өсіп келеді.
Өрімдей жас шағында мемлекет тапсырмасымен қиырдағы бауырлас ауған халқының тыныштығы мен бейбітшілігі үшін қолына қару алып шайқасқан Ауған соғысының ардагерлері қандай да құрметке лайық. Бауыржанның өңірінде «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», Қазақстандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының «Батыр шапағаты» медальдары, «Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы» ордені, Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 20, 25 және 30 жылдығы мерейтой медальдары, ІІ дәрежелі «Ауған соғысы» ордені жарқырайды.
Ол бүгінде аудандық Ауған соғысы ардагерлері ұйымының мүшесі ретінде жергілікті тәрбие ошақтарына барып, оқушылармен кездесулер өткізуде, онда жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді сіңіру ісіне үлес қосуда.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»