Basty bet
“Мәселе заңда емес – санада”
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласы ықыласпен оқыған кез келген жанның жүрегіне жетті деп ойлаймын. Мақаланы оқып отырып тебіренесің, ойға батасың, болашаққа деген сенімің нығаяды.
“Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген сөз жай айтылған сөз емес. Шындығында тәуелсіздіктен асқан бақ та, байлық та жоқ. Себебі, біздің ата-бабамыз тәуелсіздікке қол жеткізу үшін, еліміз бен жеріміз үшін қаншама тер төкті, қан төкті. Тәуелсіздік асыл арманы болды. Ұрпағым өз тілімен, дінімен, ділімен қауышып, өз жерінде ешкімнен қымсынбай еркін өссе, тәуелсіз болса деп армандады.
1986 жылғы әйгілі Желтоқсан оқиғасында жастар ұлт намысы үшін Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай алаңға шықты. Біз ата-бабамыз армандаған, желтоқсаншы аға-әпкелеріміз армандаған бақытты кезеңде өмір сүріп жатырмыз.
Бүгінгі күннің қадірін білу үшін, алға жоспар жасау үшін бірінші тарихымызды білуіміз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы мақалада жақсы айтып өтті.
“Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу” деді Президент.
Барлығы отбасындағы тәрбиеден басталады. Отбасында алған тәрбиені әр адам өзінің ішкі сұранысына қарай, ортасына қарай дамытады. Ата-анасы білімді, иманды, еңбексүйгіштік пен адалдықты ту еткен жандар болса, ол отбасында өскен ұрпақ та сондай болары сөзсіз. Өкінішке орай, бізде өз-өзіне есеп бермейтін үлкендер көп. Барлығы адамның ұсақ-түйек сөзінен, іс-әрекетінен басталады.
Президентіміз айтқандай, жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Туған Отанымыздың тамаша табиғатын бағалай білмей ластап, жойып жатқан өзіміз. Жазда көл жағасына, тауға демалуға барып от жағып өртеп, қалған қоқысымызды шашып ластап кетеміз.
Жаңа жыл басындағы мерекелік демалыс күндері Қаралма маңындағы қырда халық жиналып сырғанақ теуіп жатқан орынға біз де бардық. Адам да, соған қарай көлік те көп. Адамдар қар үстінде от жағып, кәуап пісіріп, самаурынмен шәй қойып, дастарқан жайып тамаша демалып жатыр. Бір жағында сырғанақ теуіп жатса, бір жағында атпен серуендеп жүр. Табиғат аясындағы демалыс қандай тамаша.
Кешке қарай барлығы жаймен үйлеріне қайта бастады. Қардың үсті қоқысқа толды. Алып барған азық-түліктерінің қораптарын, баклашка, арақтың бөтелкелері шашылып жатыр. Осы іс-әрекет енді адам жасайтын іс пе еді?
Келді, Жер-Ананың бауырында демалды, ойнады, күлді, қайтты. Ал, алғысы мынау. Не деген мәдениетсіздік, тәрбиесіздік?! Неге сол қоқысын жинап өзімен бірге алып кетпеске? Шашып кетті. Оны кім жинайды? Ол туралы ойланбайды да. Ертіп келген балаларына, жастарға не тәрбие берді? Мұны көрген балада қандай түсінік қалыптасады? Барлығы осындай іс-әрекеттерден басталады. Өкінішті…
Президент мақалада “Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада” деп өте жақсы айтқан.
Мақалада мемлекеттік тіл жөнінде де айтылады. Тілімізді үйрену үшін көп нәрсе керек емес. Тілге деген құрмет, ынта керек. Ең бастысы, ниет болса, барлығы да болады. Бізде өкінішке орай, іс-қағаздарын әлі де орыс тілінде жүргізетін мекемелер бар. Айта-айта жауыр болған ала-құла жарнама тілі. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болса да неге әлі жоқ жерден мәселе тудырып жүрміз? Бұл да сол өз ана тілімізге деген немқұрайдылықтың салдары. Бұл – намыссыздық.
“Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел”,- деді Мемлекет басшысы. Шындығында, кішкентай отбасының өзінде түсіністік, сыйластық, ауызбіршілік болмаса ол отбасының болашағы да болмайды. Сондықтан мемлекеттік тұрғыдан ынтымақ-бірліктің маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Кемшіліктерді айқаймен емес, сабырмен, ақылмен ғана және еңбекпен жеңе аламыз.
Бізде аса қатты мән беретін мәселелер көп. Біз бірінші кезекте ұлттық тәрбиені мықтап қолға алуымыз керек. Білім мен ғылымға қатты мән беруіміз керек.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: “ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дәуірі. Әр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кәсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бәсекелік қабілетін арттыра алады”,- дейді.
Бізде небір білімді, ішкі мәдениеті жоғары, іскер жастар бар. Осындай жастарға жол ашып, қолдау көрсету керек. Елдің келешегі білімді, талантты, мақсатшыл, өзіндік ұстанымы, пікірі бар жастардың қолында.
Президент мақаласының соңғы жағында халқымыздың біртуар перзенті Әлихан Бөкейхановтың “Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден” деген сөзін еске сала отырып, қасиетті Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайта түсу үшін бірлесе еңбек етуге шақырады.
Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Басымыздағы бағымыз баянды болу үшін әр қайсымыз біріншіден, отбасымызда ұрпағымыздың білімі мен тәрбиесінің сапасына мән берейік. Жақсы әке, жақсы ана, жақсы жар бола білейік. Қоғамда әр қайсымыз өзіміз атқарып отырған қызметімізді жауапкершілікпен, жанашырлықпен атқара білейік. Қоғамдағы мәселелерге бей-жай қарамай, оның түзелуіне тамшыдай болса да үлес қосайық.
Президент айтқандай, “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” деген бірауыз сөз бәріміздің ұранымыз болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»