Basty bet
Жаңашылдыққа бет бұрмай, алға жылжымаймыз
Өткен аптаның сенбі күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмі негізінде Ақтөбе ауылдық округіне жұмыс сапарымен барды. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарымен кездесіп, жалпы округтің ахуалымен, тыныс-тіршілігімен танысу.
Аудан басшысы Н.Ергебеков ең алдымен «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде болып, осында кооператив мүшелерімен, тұрғындармен кездесті.
Аудан тұрғындарының есінде болса, Жамбыл облысы әкімінің бастамасымен облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру пилоттық жобасы аясында біздің ауданға қарасты Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары төмен пайызбен несие алған болатын. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен округтегі 494 ауланың 444-і 723 миллион теңге несиеге қол жеткізді. Соның нәтижесінде округте малдың басы едәуір көбейіп, үй іргесінде игерілмей бос жатқан жерлер, сонымен қатар, егістік жерлер айналымға енгізілді. Пилоттық жобаның негізінде бір жыл ішінде округ тұрғындарының тұрмыс жағдайы біршама көтерілді деп айтуға толық негіз бар.
-Аудан тұрғындарының айналысатын негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде егін және мал шаруашылығы. Сонымен қатар, Жуалы ауданы картоп өсіруге бейімделген аймақ.
Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда экологиялық таза өнімге деген сұраныс әлемнің қай мемлекетінде де жоғары. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласы маңыздылығын жоймайды. Міне, биыл облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жобасы аясында Ақтөбе ауылдық округінен қаншама отбасы төмен пайызбен несие алып, кәсіптерін ашты. Бұл – қуантарлық жағдай. Еңбек пен кәсіптің көзін тауып еңбектенген отбасылардың алды қолға алған шаруасының жемісін де көруде. Жобаның талабы бойынша тиісті өндірістік кооператив құрылып, тұрғындар бір ұжымға біріктірілді. Ауыл шаруашылығы саласын ірілендіру дегеніміз осы.
Аудандағы картоп өндіруші шаруаларға биыл 50 техника берілді. Одан бөлек, сапалы тұқым алуға облыс басшылығы тарапынан нақты қолдаулар жасалып отыр. Ауданның бірқатар шаруалары Қарағанды облысынан І репродукциялы картоп тұқымын алуға келісім жасап отыр. Сәтін салса, келесі жылы картоп өсіруші шаруалар жаңа тұқымды егетін болады. Одан бөлек, ескі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңа техникаға ауыстыру жөнінде де жобалар қолға алынуда. Міне, Үкімет тарапынан осындай көмек-қолдауларды дер кезінде тиімді пайдалануға шақырамын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Пандемияға қарамастан биыл ауданның шаруалары еселі еңбек етті. Соның арқасында ауыл еңбеккерлері жыл қорытындысында 53 миллирад теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 114 пайызға жетіп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш.
Биылғы санақ бойынша аудан аумағындағы мал қыстауларының саны 292-ге жетіп отыр. Басқасын айтпағанның өзінде, жылқы малының саны 13 мыңнан асып жығылған. Бір сөзбен айтқанда, соңғы жылдары ауданда малдың басы көбейген.
Аудан әкімі Н.Ергебеков ауыл тұрғындарымен кездесу барысында ауыл шаруашылығының жетістіктерімен қатар, ондағы түйткілді проблемалаға да тоқталды. Бір ғана Ақтөбе ауылдық округінде «Ақмолда», «Қаратақы», «Төментамға» каналдарының мәселесі біраз жылдан бері шешілмей келеді.
-Аталған су каналдарын биыл ауданның коммуналдық меншігіне алып, «ҚазСуШар» мемкемесінің облыстық филиалына өткізген болатынбыз. Осы каналдардың төменгі бөлігінде 1604 гектар суармалы егістік жерлер бар. Каналдарды жөндеу мәселесі келер жылы шешімін табады деп күтіп отырмыз. Әрине, жай егістік жерден қарағанда суармалы жердің тиімділігі әлдеқайда жоғары. Ерте ме, кеш пе жерді игеру ісінде тиімділікке көшуіміз қажет. Тамшылатып, жаңбырлатып суғару технологиясын енгізсек қаншама суды үнемдеген болар едік. Әлемнің бірқатар елдері табиғат ресурстарын үнемді пайдалануға көшуде. Жаңашылдыққа бет бұрып, жаңа технологияларды өндіріске енгізбей ешқашан алға жылжи алмаймыз,- деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Н.Ергебеков келесі кезекте округтегі «Абзал» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Аталған шаруашылық жаңа техникалармен жерді тиімді игеріп, малдың басын, оның ішінде сүтті сауынды сиырдың басын көбейтуге күш салуда. Бұл жөнінде шаруашылық басшысы Талғат Тойшыбеков кеңінен айтып берді.
Аудан басшысының келесі аялдаған нысаны Қазақ-Қырғыз шекарасындағы «Ақсуат» шекара бөлімшесі болды. Бөлімше бастығы, аға лейтенант Талап Қалибекұлының айтуынша, мұнда жылыту қазандығын ауыстыру мәселесі бар екен. Одан бөлек, бөлімшеге газ кіргізу мәселесі де әлі күнге өзекті болып отыр. Нарбай Әбілқасымұлы аталған мәселелердің алдағы уақытта зерделенетінін жеткізді.
* * *
Апта басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков жұмыс алгоритмімен Қарасаз ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында болды. Ауыл шетінде орын тепкен «Ескендір» шаруа қожалығының мал қыстауына атбасын бұрып, ауыл ақсақалдарымен және тұрғындармен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы Н.Ергебеков сөз сөйлеп, тұрғындарды шаруашылыққа бет бұру қажеттігіне назар аударды.
-Белгілі бір уақытта ауыл еңбеккерлерімен және әртүрлі сала өкілдерімен кездесіп, пікірлесіп отыру менің негізгі жұмысымның бірі. Бүгін осы жұмыс алгоритмінің негізінде сіздермен кездесудің сәті түскен екен. Ауылдағы ағайынның күнделікті жұмысы бәрімізге белгілі. Таңның атысы, күннің батысы шаруаның жайымен жүресіздер. Ауылда тұрған соң мал ұстап, жермен айналысасыздар. Қазір кәсіп көзін ашып, жұмыс істеймін деген азаматтарға Үкіметтен қолдаулар көп. Әсіресе, мал бағытын дамытуға төмен пайызбен несиелер көптеп берілуде.
Мал баққан дұрыс әрине. Дегенмен оның тиімділігін көбірек ойлаған жөн. Мал ұстағанда да оның асыл тұқымдысын ұстаған дұрыс. Одан мол өнім алуға болады. Ауданда мал басының көбейіп келе жатқанынын өздеріңіз де білесіздер. Биылғы есеппен мүйізді ірі қараның басы 46 мыңнан асып жығылып отыр. Бұл тұрғындардың мал басын көбейтуге күш салып жатқанын көрсетеді,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Ауыл тұрғындарымен, шаруалармен пікірлесіп болған соң аудан басшысы «Ескендір» шаруа қожалығының мал қыстауын аралап көрді. Мал қорада 90 бас сауынды сиыр, одан бөлек, тана-торпақтар бағылуда. Оған қажетті жемшөп қоры жасақталған. Сиырларға шөппен қатар арпа-бидайдың және мақсарының сабаны ұсақталып, жеммен араластырылып беріледі екен.
«Ескендір» шаруа қожалығы 2007 жылы құрылған. Бұл шаруашылықтың жұмысы сан салалы. Мал шаруашылығымен қатар егін және бақша өнімдерін егумен де айналысады. Жер өңдеуге ауыл шаруашылығы техникалары да жеткілікті.
-Шаруашылық жұмысын дамыту мақсатында биыл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалынан алынған 24 миллион теңге несие қаражатына 72 бас жергілікті сиырлар сатып алдық. Сауынды сиырды көбейтіп жатырмыз. Келер жылдары малға жемшөп қорын жасақтау үшін шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізсек деген ойымыз бар,- дейді шаруашылық басшысы Әбілнұр Ахметов.