Basty bet

Қайырымдылық пен береке-бірліктің мерекесі!

Аудан әкімі Нарбай Ергебековтің ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қымбатты жуалылықтар!
Сіздерді мұсылман әлеміндегі ең қасиетті мейрамның бірі – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт күндері адам баласының бір-біріне құрметі мен ілтипаты, бауырмалдығы, өзара ынтымақ-бірлігі арта түседі.
Бұл – жақындарға қамқорлық көрсетуді және мұқтаждарға жанашырлықты бейнелейтін мұсылман мерекелерінің маңыздысы.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз әлемдегі жетекші мұсылман елдерімен достық қатынас орнатып, ислам әлемінде маңызды рөлге ие болды.
Бүгінде ислам дінінің ізгілікті құндылықтарының арқасында елімізде берекелі бірліктің негізі қаланып, ынтымақтастық өзінің жарасымды жалғасын тауып келеді. Ұлтты ұйыстыратын осы ұлағаты мол дінді халқымыз өз ұлттық дәстүрімен үйлестіріп, ғасырлар бойы бекем ұстанып келеді. Біз осы асыл дінімізді одан әрі тереңдетіп, нығайта беруге тиіспіз.
Бүкіл әлем елдерін шарпыған коронавирус инфекциясына байланысты қалыптасқан ахуал елімізде биылғы Құрбан айтты мерекелеу үрдісіне бірқатар өзгерістер әкелгені белгілі. Құрбан шалу рәсімін онлайн түрде өткізу тәжірибеге алынып отыр. Мұның барлығы адамдардың саулығы мен амандығы мақсатында енгізілгенін жамағат түсіністікпен қабылдайды деп сенемін.
Біз – өткенге салауат айтып, Алланың арайлап атқан әрбір таңынан жақсылық күткен халықпыз. Рухымызды түсірмей, сын сағатында сағымызды сындырып алмайық.
Қадірлі жерлестер!
Біз қазір сындарлы сәтте отырмыз. Мұндайда халық даналығы «Бетеге кетсе бел қалар, бектер кетсе ел қалар, берекең кетсе не қалар?» демей ме? Ардақты Пайғамбарымыз айтқандай, жақсы сөйлеп, айналадағы адамдарға шуақ шашып, үрейге емес үмітке қанат бітірейік.
Күллі исі мұсылман баласы асыға күткен ұлық мейрам – Құрбан Айтта баршаңызға Алланың амандығы мен жақсылығын тілеймін! Алланың разылығы, ел-жұрттың амандығы үшін құрбан шалынып, қазан асылатын, мерекелік дастарқан жайылып, ағайын-туысқа айттық беретін Құрбан айт мейрамы отбасыларыңызға ырысы мен берекесін ала келсін.
Еліміздің береке-бірлігін бекемдеп, халқымыздың ынтымағын арттыратын Құрбан айт мейрамында тілеген тілектеріңіз бен шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close