Basty bet

Азаматтардың сауатын арттыру – заман талабы

Қазірде қаржылық сауаттылық туралы жиі айтылады. Алайда біз ол туралы не білеміз? Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміздің өзі не?
Көпшілігіміз бұған мән бермегенімізбен, бүгінде ол өте маңызды. Себебі, қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Олай деуге негіз көп. Алуы оңай онлайн несие, пассивті кіріспен шырмап алатын пирамида, адамдардан сұрағанша деп жасырып алатын «жалақыға дейін» берілетін микроқарыз, одан қалса, алтын бұйымдарды кепілге қою арқылы берілетін қарыз. Мұның барлығы адамды керек кезде құтқарғанымен, уақыт өте келе оны өтеу қиындай түседі. Өйткені, несие алған адамның одан басқа да шығындары жетеді.
Атап айтсақ, күнделікті азық-түлік пен жүріп-тұру, дәрі-дәрмектің өзіне қаншама қаражат қажет. Олардың бағасы тұрақты емес. Ал жалақының инфляцияға сай өзгермейтіні белгілі. Бұл ретте адамның өміріне қажетті тұрмыстық заттар мен киім-кешек, балабақша, қосымша сабақтар, үйірмелер, той-томалақ, өлім-жітім және т.б қажеттіліктер жетіп артылады. Осының барлығы ақырында алған несиені жабуға мүмкіндік бермейді. Несиесі мойнында тұрған адам келесі айда бірдеңесі болар деген үмітпен, тағы бір онлайн несие алып, кредитін жабады. Дәл осы жағдай келесі айда да қайталанады. Өйткені, шығын болжаусыз. Тығырыққа тірелген адам несие берсе банктен, бермесе құнды заттарын ломбардқа тапсырып, осылайша қарызды үсті-үстіне жамай береді. Берешекке белшеден батқан адам, енді оңай табыс табудың жолын іздейді.
Бұл ретте ол пассивті табыс табасың деп әлекедей жалаңдап тұрған аты компания, заты-пирамидаға жолығады. Осы жерден табыс табамын деген үмітпен тағы бір онлайн несиені ұрып жібереді де ештеңемен айналыспайтын «компанияға» қаржы құйып, үлгерсе 1-2 рет пайызын алады, болмаса жер сипап қалады. Бұл мәселе адамды тағы қарыз алуға мәжбүрлейді. Осылайша шарасыз адам көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатуға мәжбүр болады. Болмаса, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Мұндайдың барлығы қаржылық сауаттылықтың болмауынан орын алуда деген Парламент депутаттары Үкіметке сауал жолдап, мәселені ретке келтіруді сұрады.
Ақпарат көздерінің мәліметінше, бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, қазірде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Премьер-Министр Әлихан Смайылов халықтың қаржылық сауатын ертеректен арттыру үшін, мектептің оқу бағдарламасына арнайы сабақ енгізуді құптайтынын айтты. Оқу-ағарту министрлігі қазір бұл тапсырманы пысықтап жатқан көрінеді. Жалпы орта есеппен әр қазақстандықтың басында 1 миллион теңгедей кредиті бар екен. Соңғы кезде тіпті несиесін жаңа несиемен жауып отырғандардың қатары артқан. Ақшаны уақытынан кешіктіріп төлейтіндер немесе мүлдем қарызын ұмытып кеткендерге несие берілмейтін болады.
Сондай-ақ, жалақыға дейін қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының да жұмысы шектелмек. Әрине, бұл шаралар халықты несиеден құтқару мақсатында жасалып отырғанымен, оның қаншалықты тиімді екенін уақыт көрсетер. Қазірде осыған байланысты тиісті заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленуде. Енді елімізде ресми кірісі расталмаған жағдайда тұрғынға несие беруге тыйым салу жоспарлануда. Ресми кірісті пайдалану қарыз алушыларға қарыздық жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
Жалпы қаржылық сауаттылық күтпеген жағдайларда өзін және отбасын қаржылық қамтамасыз ету, өмір сүру сапасын арттыру үшін қажет. Бұл біздің әрқайсымыз үшін маңызды. Адамдар қаржыға қатысты ақылға қонымды шешімдер қабылдамаған кезде, тұтынушылық және ипотекалық несиелер бойынша берешектер ұлғаяды, алаяқтар көбейеді, қылмыс деңгейі өседі, экономикалық тұрақтылық құлдырайды, ал адамдар табысты арттыру үшін заңсыз кәсіптермен айналысады, күмәнді құралдарды пайдалану арқылы банктік қаржыны шешуге тырысады. Соңында мұның барлығының залалы бірінші кезекте мемлекетке тиеді.
Онымен күресу мақсатында қаржылық сауаттылықты арттыру үшін, “AMANAT” партиясы Halyk Bank-пен бірге “Қарызсыз қоғам” жобасын іске қосып, меморандумға отырды.
Жоба шеңберінде ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер оқыту курстарынан өтпек. Halyk Bank-тың Басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, елімізде халықтың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыруға бағытталған қаржылық білім беру жүйесін қалыптастыру жұмысы қолға алынды.
Halyk елдегі жетекші банк ретінде мұндай маңызды бастамадан тыс қала алмайды. Сондықтан, банк жобаны қаржыландырып қана қоймай, оқыту бағдарламасына қатысуға дайын. Жобаға қатысушылар өз қаражатын тиімді басқаруды және шығынды оңтайландыруды үйренеді деп күтілуде.
Олар несиелік қарыздардың санын азайтудың жолдарын, алаяқтық әрекеттерді анықтауды білетін болады. Бұл жоба туралы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында ерекше тоқталып, Үкіметке оның ауқымын кеңейтуді тапсырған болатын. Мақсаты – қаржылық сауаттылықты арттыру, өз қаражатын тиімді басқаруды үйрену, қаржыға қатысты мәселелер қалай пайда болатынын және алаяқтық әрекеттерді қалай анықтау қажет екендігін үйрету.
Ақпарат көздеріндегі соңғы мәліметтер бойынша, алты жарым миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Бір жарым миллионға жуығы микроқаржы ұйымдарынан несие алған көрінеді. Бұл әрине, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың қарызының өсуін арттыратыны сөзсіз. Сондықтан халықтың қарыз мәселесі жүйелі шешімді қажет етеді. Бұл ретте халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды. Өйткені, ол – заман талабы.

Мақаланы интернет
мәліметтерінің негізінде әзірлеген
Лаура МҰСАБЕКОВА,
“Жаңа өмір”

Таңдаулы материалдар

Close