Basty bet

Қалыпты өмірге оралғымыз келеді

Әлем елдерімен қоса біздің елді де әуре-сарсаңға салған коронавирус індеті әлі де күшіне мініп тұр. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірі қауіпті қызыл аймаққа еніп үлгерді. Бұқаралық ақпарат құралдары да көпшілікті еліміздің эпидахуалы жайында құлақтандыру мақсатында жарыса жазуда. Әлеуметтік желілерді аша қалсаңыз, қауіпті вирусты жұқтырғандардың саны артқаны туралы ақпарат желдей есуде.

Тіпті, карантин талаптарын бұзып, той-домалақ өткізіп жатқан ағайын айыппұлға ілініп, той дәл қызған шағында тоқтатылып, тарқатылуда. Әрине, бұл дұрыс-ақ. Өйткені, соңғы күндері облысымызда вирустың жаңа штамы пайда болып, аты жаман індеттің адам өміріне қауіптілігі артуда. Ауруханада дем жетпей, адамдар өмір мен өлімнің арасында арпаласуда. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сүйенсек, ауруханада орын жоқ, ем қабылдап жатқандардың көбісі вакцина алмаған екен.
Біздің ауданның тұрғындары да екпе салдыруға жауапкершілікпен қарап, өз еркімен ауруханаға барып екпе қабылдауда. Соның бірі көпбалалы аналар, Қайрат ауылының тұрғындары Седеп Айдарбекова және Тұрсынай Қалдарбекова вакцина салдырудың маңыздылығын жақсы түсініп, өзі үшін және жақындары үшін вакцинациялаудан өткен.
-Қазіргі таңда індетті жұқтырып, ауырып жатқандар көптеп тіркелуде. Күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан вакцинаның маңызы туралы ақпараттар берілуде. Індетті жеңудің бір жолы екендігін де айтуындай-ақ айтуда. Ендігі кезекте біз де отбасымыз, өзіміз үшін екпе қабылдауымыз керек. Біз қалыпты өмірге оралғымыз келеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген жақсы сөз бар емес пе?! Сондықтан мен отбасымызбен ақылдаса келе, екпе қабылдауға бел будым. Ауруханаға келіп, тіркеу бөліміне тіркеліп, қан қысымымды өлшеттім. Күту залындағы медицина қызметкерінің айтқан кеңестеріне құлақ түріп, вакцинадан кейін қалай күтіну қажеттігін білдім. Енді міне, ресейлік Спутник-V вакцинасының І кезеңінен өттім, -дейді Седеп Айдарбекова.
Көпбалалы ана Тұрсынай Қалдарбекова да ресейлік Спутник-V вакцинасының І кезеңінен өткен. «Бұрынырақта тарих беттерінен жер бетінде емі жоқ аурулар шығып, оны осындай екпенің көмегімен жеңгендігін оқып білгенбіз. Ел арасында да мұндай тарихи оқиғалар туралы айтылып жатады. Мына аты жаман індетпен күрескенімізге де бір жылдан астам уақыт болды. Көзге көрінбейтін вирус тез тарап, қаншама жақсыларымызды арамыздан алып кетті. Қаншама адамдар өзі тәж тажалды жұқтырып, әлі де денсаулығын түзеу үшін ем қабылдауда. Ал, соңғы күндері тіптен індетті жұқтырушылар көбейіп кетті. Ақ халатты жандар халыққа індетті жеңудің жолы вакцина екендігін түсіндіруде. Мамандар вакцинаға байланысты түрлі алып-қашпа, қауесеттерге сенбеуге шақыруда. Мен де сол мамандардың айтқан кеңестерін ескеріп, екпе қабылдадым. Өзімнің және отбасым мен жақындарымның алдындағы жауапкершілікті жақсы түсінемін» дейді ақ жаулықты ана.
Ал, Б.Момышұлының тұрғыны, студент Аружан Шымырбай анасы екеуі екпенің екі дозасын қабылдаған. Аружан Қарағанды Мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті. Ол қытайлық CoronаVaс вакцинасын салдырған. «Адам басына түскен кезде ғана індеттің қаншалықты қауіпті екенін түсінеді. Бұлай деуімнің себебі, індетті жақын туысымыз жұқтырып, емделіп шыққан болатын. Жақынымыз індеттің денсаулыққа қаншалықты зиян келтіретінін, өмір мен өлімнің арасында арпалысқанын айтты. Күш-жігерін жинап, аяқтан тұруға талпынды. Бізге адамдар көп жиналатын жерге бармай, денсаулығымызды күтуге шақырды. Ал, екінші жағынан өзге студенттер секілді мен де жоғарғы оқу орнына барып, сапалы білім алғым келеді. Қашықтан білім алу университет қабырғасында оқығандай болмайды. Сондықтан өз еркімізбен ауруханаға келіп, екпе қабылдадық» дейді.

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close