Basty bet
Отбасымызға үлкен демеу болды
Атаулы әлеуметтік көмек – аз қамтылған азаматтарға және табыстары төмен деңгейдегі отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем.
Биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті көрсетудің жаңа тетіктері енгізілді. Атаулы әлеуметтік көмек мөлшері отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әр мүшесінің ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 процентінің арасындағы айырманы құрайды. Тұрмысы төмен отбасыларға ақшалай төлемдер түрінде және өз ісін бастауға оқыту, жұмысқа орналасуға көмектесу арқылы оларды өмірлік қиын жағдайдан шығаруға ықпал етіледі.
Сонымен қатар, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылуда. Ал жеке кәсіппен айналысуға ниетті жандар үшін жеңілдетілген шағын несиелер, бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар ұсынылуда. Одан басқа, бүгінгі күні еңбек нарығында сұраныс болмай отырған мамандық иелерін қайта оқытып, яғни олардың кәсіби біліктілігін арттыру үшін жағдай жасалуда.
Ауданымызда 2020 жылдың ІІІ тоқсанында 730 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуда. Сол отбасылардың бірі – Нұрлыкент ауылының тұрғыны Райхан Ақжігітова.
Райхан Нұрлыбайқызының жолдасы Нұрлан Наметов ауылдағы шаруа қожалықтардың бірінде жұмысшы болып еңбек етеді. Екеуінің бес ұл, бір қыздары бар. Тұңғыштары студент. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Тұран-Профи» колледжінде электрогазбен дәнекерлеуші бөлімінде грантта білім алуда. Төртеуі оқушы. Кенжелері ауылдағы «Нұршуақ» балабақшасына барады.
-Біз отбасымызбен атажұртқа Қарақалпақстаннан 2007 жылы көшіп келдік.
Жолдасымның айлық жалақысы 42 500 теңге. Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Одан бөлек алты балаға 68 мың теңге аламын. Және оқушы балаларыма әрқайсысына бес мың теңгеден алып отырмыз.
Былтыр әр балаға 21 мың теңгеден берілді. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен көмек болды. Осы көмекті пайдаланып, бір сиыр сатып алдық. Балаларымыздың киімі мен тамағына жараттық.
Біз қай кезде де үкіметтен көмек алып, жаратып, қарап отырған жоқпыз. Былтыр ауылда қоғамдық жұмысқа шықтым. Сонымен бірге аспаздық оқуды бітірідім. Ал, биыл «Бизнес Бастау» жобасы бойынша оқыдым. Жақында сертификатымды аламын. Жоба бойынша оқып жүргенімізде 22 мыңнан стипендия алдық. Мұның өзі отбасымызға көмек. Алдағы уақытта қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие алып, өз кәсібімізді ашсақ деген ойдамыз. Яғни, ірі қара алып, сүт бағытында отбасымызбен жұмыс істегіміз келеді.
Атаулы әлеуметтік көмектің біздің отбасымызға көп көмегі тиді. Алған қаржымызды жинап, үйімізді біраз жөндедік. Қашықтан оқуға байланысты балаларымызға телефон алып бердік.
Жалпы үкімет тарапынан көпбалалы отбасыларға көп көмек көрсетіліп жатыр. Біз ризамыз.
Балаларымызбен үй іргесіндегі жерімізді тиімді пайдаланып, көкөністердің бірнеше түрін ектік. Жаз бойы балаларымыз еңбек етіп, өзімізге қажетті көлемде өнімімізді жинап алдық. Қолымыз босап жатса, науқандық жұмыстарға да шығамыз. Қысқасы, аяқтануға, бала-шағамызды жеткізуге қолдау, демеу болып, үкіметтің қамқорлығын сезінгенімізге ризашылығымызды білдіреміз. Ауылда көпбалалы отбасыларға ауылдық округ әкімінің аппараты да, мектеп ұжымы да көмектерін аямайды. Сондықтан Үкіметке, аудан, ауыл басшыларына шын жүректен алғысымызды білдіреміз,- дейді Райхан Нұрлыбайқызы.
Шындығында көпбалалы отбасыларға үкімет тарапынан көмек-қолдау қажет. Мұндай игі іс Мемлекет басшысының назарынан ешқашан тыс қалған емес. Үкіметтен берілген көмекті тиімді пайдаланып, аяғынан тік тұрып кетіп жатқан отбасылар ортамызда жетерлік. Біздің тілек – көпбалалы отбасылар елімізде көп болсын. Оларға тек үкімет тарапынан ғана емес, қоғам болып демеу көрсету – баршамыздың парызымыз.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»