Basty bet

“ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ!”

«Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды,
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың», деп сезімін өлеңмен өрнектеген ақиық ақын Мұқағали мақатаевтың туған күніне орай, аудандық «Достық» мәдениет үйінде ақынның шығармашылығына арналған «Есіңе мені алғайсың!» атты ән-жыр кеші өтті.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының жастармен және балалармен жұмыс секторының меңгерушісі Нәзипа Тұранқызының ұйымдастыруымен өткен шараға аудандағы мектеп мұғалімдері мен оқушылар көрермендердің қатарынан орын алды. Мәдениет үйінде ақынның өлеңімен сусындауға келушілердің көптігі сонша, ине шаншар орын болмады.
Сахнаның алдыңғы сол қапталында ақынның портреті орналастырылса, LED экран арқылы аққайындар тоғайының көрінісі және экранның екі шетіне екі ақ қайың қойылған.
Ән-жыр кешінің шымылдығы «Жуалы» театры әртістерінің орындауында ақынға арналған арнау өлеңдерімен түрілді.
Сондай-ақ, экран арқылы ақынның «Есіңе мені алғайсың» атты өлеңін оқыған жанды дауысы қойылды.
Шара барысында, Мұқағали Мақатаевтың «Поэзия, менімен егіз бе едің?», «Мен таулықпын», «Елім барда», «Бесік басында», «Жазылар естеліктер мен туралы», «Бар екен ғой», «Бақыт деген не өзі?!» өлеңдері мәнерлеп жатқа айтылып, көрерменнің назарын еріксіз аударды.
Сонымен қатар, кеште ақынның сөзіне жазылған «Жас қайың», «Аңғал досым», «Сәби болғым келеді», «Мен деп ойла», «Күрең күз», «Сарыала қаз», «Бақыт деген» атты жан тебірентер әсем әндері шырқалды.
Одан бөлек, «Ұнатамын мен сені», «Есіңе мені алғайсың» әндерін мәдениет үйінің әншілері гитара, баян және домбырамен сүйемелдеу арқылы құлақтың құрышын қандыра, нақышына келтіре орындады.
Батыр Бауыржан Момышұлы мен ақын Мұқағали Мақатаевтың сырласуы жайында және қос ғашықтың әсерлі әңгімесінен, бесікте сәбиін тербеткен жас ана туралы театрландырылған көріністер көрсетіліп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша әдеби-сазды кештен керемет әсер алған қатысушылар, жақсы көңіл күймен тарқасты.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close