Basty bet

Нәзік жандылардың еңбектегі үлесі елеулі

Әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл соны аңғартса керек. Осындайда Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің бәрі әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады» деген сөзі еске оралады.

Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни, әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр.
Күні кеше өтпелі кезеңде елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді. Мемлекет ісінде жоғары, жауапты қызметтер атқаратын әйелдер қауымы өздерінің білікті басшылығымен ерекшелініп қана қоймай, Отанымыздың жетістіктеріне де тың дем беруде.
Қазақ әйелі, ең алдымен, отбасы берекесі, отағасының адал жары, сенімді серігі, ақылшысы, балаларының мейірімді анасы, туған-туыстарының қамқоршысы, жанашыры. Содан соң Қазақстанның ілгерілеп дамуына өз үлесін қосып жатқан, қоғамның барлық салаларында қызмет етіп жүрген белсенді мүшесі, қазіргі заман қаһарманы. Үшіншіден, қазақ әйелі нәзік болмысты парасатты жан, сұлулық пен сымбаттылықтың символы. Нәзік жандылар ерлерге қарағанда нәзік, ақылды, кешірімді, төзімді болып келеді. Ұлтымызды ұйытып, ұрпақ тәрбиелеп отырған да әйел.
Аудандық электр желілерін тарату мекемесінде жұмыс істейтін 86 адамның 11-і нәзік жандылар болса, оның біреуі – есепші, екеуі – кассир, екеуі – электр монтер, біреуі – техник, қалғандары – өтім бөлімінде техник-оператор болып істейді. Кәсіпорынның ортақ табысында олардың әрқайсысының өзіндік үлесі бар. Кейбірінің жұмыс өтілі 20 жылдан астам мерзімді құрайды.
Мекеменің барлық есеп-қисап жұмыстарын жүргізіп отырған бас есепші Гүлнар Исаева мұнда ширек ғасырға жуық табандап жұмыс істеп жүрсе, Динара Жетпісбаева 2012 жылдан бері жеке тұлғалармен жұмыс жөніндегі техник болып қызмет атқарады. Оның міндетіне жеке тұлғаларға қызмет көрсету, тұтынушы үйіне барған шоттың түбіртегін жоғалтып алған жағдайда, жаңасын береді, оны базамен салыстырып тексереді, желіге қосу, ажырату, жарық өшкенде, есептегіш құралдар істен шыққан немесе ауыстырылған жағдайда халықтың өтінішін қабылдайды, оны уақтылы орындауды қамтамасыз етеді.
Оператор Арайлым Панапованың жұмыс өтілі он жылға жуықтайды. Ол халықтан түскен төлемдерді күнделікті базаға енгізеді, қолма-қол төленген қаржыны кассаға өткізеді. Ал заңды тұлғалармен жұмыс жөніндегі техник есеп-қисап технигі Қалима Шымырова заңды тұлғаларды есепке алады, оларға тұтынған электр қуаты үшін акт пен шот фактура ұсынады, салыстыру актісін толтырып, жолдайды, олардың төлемді уақтылы жасауын қадағалайды.
Кассир-операционист Айгүл Зауырбекова мұнда жас маман болып есептелгенімен оның жұмыс өтілі алты жылдан асады. Ол осы мерзім ішінде өз ісінің кәнігі шебері болып қалыптасқан. Міндетіне абоненттерден ақша қабылдап алу, қолма-қол ақша жиымын инкассацияға өткізу кіреді.
Гүланхан Мырзахметова да алты жылдан бері техникалық жұмыскер, яғни еден тазалаушы болып еңбек етеді. Мекеменің шалғай өңірлердегі екі қосалқы станциясында, электр монтерлері әйелдер. Жанар Жүнісова Билікөл аймағында, ал Майра Елеева Боралдай өңірінде көп жылдан бері электр монтер болып еңбек етіп келеді.
Мекеме басшылығы нәзік жандылардың еңбегіне дән риза. Кәсіпорынның басқарушысы Рабат Сәрсенов ханымдар мерекесі және кәсіби мереке – Энергетиктер күні қарсаңында әйел қызметкерлерді арнайы құттықтап, сый-сияпаттар ұсынып жатса, кәсіподақтан ақшалай, заттай сыйлықтар беріледі. Отбасында қандай да бір жағдай болса, материалдық көмек көрсетіледі. Мұнда кез келген жұмыскердің жылына бір мәрте «ГРЭС» шипажайында жолдаманың тек 10 процентін ғана төлеп демалуға мүмкіндігі бар.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close