Basty bet
Бақыттың кілті – еңбекте!
Адам еңбекпен жетіледі. Еңбекпен өз ортасына танылып, көркем мінезімен сый-құрметке ие болады. Ол үшін адамның бойында ата-анадан дарыған жақсы қасиет, тәлім-тәрбие болуы керек. Осы ретте, ауданымызда абыройлы еңбек етіп, салиқалы ұрпақ өсіріп отырған отбасылар баршылық. Соның бірі ретінде перзенттерін білімге ден қойғызып, өніп-өскен Қайрат ауылының Қуанышбековтер жанұясын атауға болады.
«Отбасында бақ-береке орнауы үшін ынтымақ пен өзара сыйластық керек» деген жанұяның қазыналы қарты, отағасы Мақұлбек Қуанышбеков бұрынғы Красный пахарь колхозында дүниеге келген. Әкеден он жасында айырылып, еңбекке ерте араласады. 1966 жылы бұрынғы Чапаев колхозына қоныс аударып, ауылдағы қазіргі Күреңбел орта мектебін бітіреді. 1968 жылы Отан алдындағы борышын Украин жерінде аман-есен өтеп келіп, 1971 жылы Түркістандық индустриялды-педагогикалық техникумына оқуға түседі. 1974 жылы аталған техникумды бітіріп, жолдамамен бұрынғы облыстық кәсіптік-техникалық білім беру бөліміне жіберіліп, онда үш ай шебер болып жұмыс істейді.
-Өзім төрт ағайындымын. Үйдің үлкенімін. Мұрат есімді інім және екі қарындасым бар. Әкемізден ерте айырылып, бізді әжем Бибігүл мен анам Күләш тәрбиелеп, қатарға қосты. Әжем Карл Маркс совхозында сауыншы болып жұмыс істеп, зейнетке шығады. Ал, анам Чапаев колхозында ел қатарлы еңбек еткен. Қаладан тәжірибеден өтіп келген соң, шаруашылықтағы басшылыққа екі анамның барлығын айтып, жұмыс сұрадым. Басшылық ауылға маманның керектігін айтып, Чапаев колхозына механик-трактор бригадиріне көмекші болып орналастырды. Жас маман ретінде колхозда еңбек ете жүріп, үш жылдан соң бригадир болдым. Кейіннен еңбектегі белсенділігімді, жауапкершілігімді ескеріп, басшылық колхозға кәсіподақ комитетінің төрағасына ұсынды. Бюрода шаруашылықтың көрсеткіші қаралып, кәсіподақ төрағасы ретінде сайланып, 1979 жылдан бастап 1989 жылға дейін абыройлы қызмет еттік.
Тәуелсіздіктің алғашқы тоқырау жылдарында қазіргі Күреңбел орта мектебіне жұмысқа орналасып, өзімді мұғалімдік тұрғысынан сынап көрдім. Осы тұста мектептің директоры меркілік Рақым Әбдіқасымов деген азамат болатын. Мектепте қазақ-орыс сыныптары болған соң, қазақ сыныбына машинатану пәнінен және орыс сыныптарына тарихтан, географиядан, қоғамтану пәндерінен сабақ беріп, білім ошағында бес жыл жұмыс істедім. Мектепте жүргенімде «Чапаев» атындағы колхоздың директоры Қуат Асабаев жұмысқа қайта шақырып, шаруашылыққа инженер болып келдім. Содан колхоз-совхоздар тарап, 1994 жылдан бастап аудандық салық басқармасына орналасып, қаржы саласының үздігі Жарас Мұратайдың қарамағында еңбек еттім. Табаны күректей жиырма жылға жуық салық жүйесінде абыройлы қызмет етіп, 2013 жылы зейнетке шыққан жайым бар, – дейді Мақұлбек ата.
Ол күреңбелдік Айбарша Қуанышбекпен 1974 жылы отау құрып, бір ұл, төрт қызды дүниеге әкеледі. Өмірлік жары, отбасының отанасы Күреңбел ауылының тумасы. Өмірін еңбекке арнаған жан. Жастайынан Чапаев колхозында сауыншы болады. Колхозда жауапкершілігі мол, белсенді жұмысшылардың бірі болып, коммунистік партия қатарына өтеді. Сол тұстары колхозда бес жыл клуб меңгерушісі, сонымен қатар, колхозда мал шаруашылығындағы жұмысшыларға арналған демалыс үйінде меңгеруші қызметін атқарады. Өмірін еңбекке арнаған ол колхоздан бала жөнінен зейнеткерлікке шығады.
Еңбекпен жетілген олар балаларын білімге бет бұрғызып, өздері қалаған мамандық иесі атандырады. Қазіргі таңда перзенттері өмірден өз орындарын тауып, білім, денсаулық салаларында еңбек етуде. Тұңғыштары Марат – дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, Мыңбұлақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Қыздары Гүлжахан және Гүлфайруз, Динара да мұғалімдік жолды таңдаған. Екінші қыздары Гүлжахан Тараз қаласындағы мектепте информатика пәнінен сабақ береді. Ал, Гүлфайруз бен Дианара тіл мамандары. Бірі Күреңбел орта мектебінде жұмыс істесе, бірі Түркістан облысында жас ұрпаққа білім беруде. Отбасының кенжесі Гүлдерайым Қарағанды медициналық академиясын бітірген. Еңбек жолын туған жерінен бастап, аудандық орталық ауруханада сегіз жылға жуық тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда ол Тараз қаласында №4 қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, бас терапевт болып жұмыс істеуде.
-Біз шүкір, өсіп-өнген отбасы болдық. Балаларды өсірдік, жеткіздік. Әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, бір-бір мамандық иесі атанды. Өзіміз де зейнетке шығып, ұрпақ тәрбиесіне үлесімізді қосып отырмыз. Келінім Әлия да тіл маманы, Мыңбұлақ орта мектебінде жұмыс істейді. Бұлар да өз балаларына жақсы тәлім-тәрбие беріп жатыр. Әке ізімен, ұрпағына үлгі болуда. Немерелерім де мектеп қабырғасынан жақсы оқып, армандаған жоғарғы оқу орнына түсіп, білім алуда. Үлкен немерем Абзал және Назерке Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қаржы-аудит және экономика факультетінде оқиды. Қазіргі таңда үйде онлайн білім алуда. Уақтылы сабақтарын қарап, білімдерін жалғастыруда. Ал, үшінші немерем Надира 9 сыныпта оқыса, кіші немерем Мансұр екінші сыныпта оқиды, – дейді Мақұлбек ата.
«Қарты бар ел – қазыналы» демекші, отбасындағы береке де қазыналы қарттармен бірге келеді. Мақұлбек ата бос уақытында қоғамдық жұмыстарға атсалысып, жастардың иманды, ауызбіршілігі бекем болуы жолында өз үлесін қосуда. Ауылдық округ әкімі аппаратымен және ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашевпен тығыз байланыста. Жастардың иманды, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуін қалайды. Өткен жылы ауылдық округтің атынан Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылған «Қарты бар ел – қазыналы ел» атты аудандық ақсақалдар байқауына қатысып, «Батагөй қария» номинациясын иеленеді. Қария жастарды адал жолмен еңбек етіп, өз елінің патриоты болуға шақырады. Көбінесе бата-тілек жаттап, ұрпағына салиқалы, мағыналы өсиет айтып, тура жол сілтей білу керектігін қолдайды.
Отбасының ұйытқысы Айбарша апа болса, екі анасымен бірге тұрып, ынтымақта өмір сүргендерін айтады. Бала тәрбиесінде, үйдің шаруасында аналары қолғабыс етіп, жас отбасының іргесі берік болуына атсалысқан жандар екенін еске алды. Отағасы шаруақор екенін, немерелерін еңбекке баулып отырғандығын жеткізді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, өмірлік жарын үйде әкелік, аталық кеңесін беріп, жүрекке қонымды, нақыл сөздер айтып отыратындығын айтып өтті. Ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамай, жақсы тұлға, азамат болып қалыптасуына үлес қосатындарын да айтып өтті.
– Отбасымызда тәрбиенің жөні бөлек. Бізді ата-анамыз шыншылдыққа, өзгенің ала жібін аттамауға, тазалыққа, бауырмашылыққа баулып өсірді. Бала кезімізден еңбекке баулыды. Әкем үнемі бақыттың кілті – еңбекте деп айтып отырады. Әкеміз өте жақсы жан, кішіпейіл, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетеді. Анамның да орны бөлек. Өзінің болмысындағы қарапайымдылығы, қонақжайлығы, кісілігі ерекше,- дейді ұлдары Марат.
Ата- ананың ісіне қарап, перзенттері бой түзейді. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» демекші, баланың үлгі тұтар тұлғасы – ата-анасы. Сондықтан ұрпағың жақсы тұлға болсын десеңіз, тәрбиені өзіңізден бастауыңыз керек. Өзара сыйласып, түсіністік танытып, отбасына жайлылық орната білген де жөн. Сонда ғана перзенттеріңіз де нағыз азамат болып, ата-ананың үмітін ақтары сөзсіз.
Айгүл Қалымханқызы,
«Jańa ómir»