Basty bet

Тіл – ұлттың жан тынысы, рухани үні, асыл қазынасы

«Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім».

Сұлтанмахмұт Торайғыров

Мен бұл мақаламды ХХ ғасырдың басында жарқ етіп көрініп, жас болса да әдебиеттен ойып тұрып өз орнын алып, жолын қалыптастырып кеткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ана тілін қастерлеуге арналған өлеңімен бастап отырмын. Бұл өлеңді біз мектеп қабырғасына келгелі оқып, өсіп келеміз. Біздің бойымызға бір Алланың құдіретімен ана сүті арқылы дарыған қазақ тілі – ол менің және менің ұлтымның тілі. Есейе келе мен қазақ тілінің шексіз бай, шұрайлы, сазды, әдемі әуезді тіл екенін сезіне бастадым. Сезінген сайын оған деген сүйіспеншілігім арта түсті. Өмірдің қыр-сырын білуімде, түсінуімде ана тілімнің орасан зор орны, маңызы бар екенін сезінемін. Алтын ұя мектебімізде бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұлағатты ұстазым Әлия Мұқанқызы айтқандай, осы тілмен анаммен тілдесем, әкемнің мейірлі сөздерін құлағыммен естимін, бауырларыммен тілдесемін. Осы тілде білім аламын, жүрегімнен шыққан жылы сөздеріммен жақын құрбыларыммен сөйлесемін, сыр бөлісемін.
Ұлттың ұлт екенін білдіретін ол тілі мен діні, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы. Осынау кең-байтақ сахараны мекендеген қазақ елінің тілі – ол қазақ тілі. Қазақ тілі – ұлттың жаны. Бізге бабамыздан мирас болып қалған аманат тіл. Аманат дейтін себебім, өз заманымда өткен небір шешендер мен билер, қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар тіл тазалығы, оның жойылып кетпеуін ойлап, сол жолда бастарын бәйгеге тіккен. Қазіргі күні тіл жанашырлары да осылай айтады. Демек, әр қазақ өз тілін көзінің қарашығындай сақтау керек.
Ең жақсы адам – ана тілін құрметтеген адам. Ана тілдің иірімдеріне бойлай білу саналы адам болғысы келетін жас адамның бірінші парызы. Ол туған жеріңді, еліңді, Отаныңды сүйе білу деген сөз. Ақпан айында арқырай дүниеге келген қазақтың ақиық, тұлпар ақыны Мұқағали Мақатаев өзінің «Отан» атты өлеңінде тілге, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін бір ғана шумаққа сыйдырып, жүрекке жеткізе жырлады емес пе? Қазақ тілі – әлемдегі ең бай тілдердің қатарынан ойып тұрып орын алатыны белгілі. Мағынасы мен байлығы жағынан әлем бойынша алғашқы үштіктің ішінде. Мен үшін бұл үлкен мақтаныш. Бір өкініштісі, осы тілімізді шұбарлап өзге тілді араластырып сөйлеп, тіл қадірін кетіріп, өзінің кім екенін түсінбей жүргендер көп. Басқа тілді үйренген жақсы, бірақ оны өз тіліңе қосып қойыртпақ тіл жасаудың қажеті бар ма?! Осы орайда ғұлама ақын Абай бабамыздың:
«Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы.
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы.
Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,
Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы» деген өлеңінің мағынасына тереңірек үңілер болсақ, адамдардың қазіргі қоғамда рухани өресі төмен бір парасының пайда болғанын анық байқауға болады.
Тілдің ұлт үшін ең үлкен байлық екенін әрбір қазақ терең түсінсе ғой, шіркін! Өз тілімізге өзге тілді қосып сөйлеп тұрған үлкендерді көрсем, өзге тілді таза сөйлеп өз тілін менсінбей тұрған аға-әпкелерді көргенде мен тек қана: «Алла санаңыз мен зердеңізді, ана тілді үйренуге деген зейініңізді ашсын, жүрегіңізге иман берсін» деп тілеймін.
Қазір біз заманауи қазақ елінде тұрамыз. Ақпарат құралдарының, технологиялардың дамыған кезеңі. Бұл – біздің үнімізді, рухани байлығымызды бүкіл әлемге танытуға мол мүмкіндік. Тек таза сөйлеп, айтатын ойымызды жоғары дәрежеде мағыналы шебер жеткізе алсақ болғаны. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та, жазсақ та таусылмақ емес. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады»,- деген қасиетті сөзі әрбір патриот азаматтың санасында жаңғырып отырса игі. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы. Ана тілі туралы ойымды қорыта келе айтарым, дүниеде адам болып қалуың үшін өз тіліңнің болғаны абзал. Сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлап бар ынта-ықыласымен, жүрегіңмен ұлтыңа қызмет ету – сенің жеткен басты жетістігің болып қалады.

Шырайлым Сартпай,
№6 А.Пушкин атындағы орта мектептің
9 сынып оқушысы.
Қарасаз ауылы

Таңдаулы материалдар

Close