Basty bet
Әр адам өз денсаулығына жауапты болуы керек
Әр адамның денсаулығы өз қолында. Осындай талап үдесінде тұрған бүгінгі күннің тақырыбы аты жаман індетпен күресте ұштасып жатқандай.
Қашанда адам денсаулығы алғашқы орында тұрады. Дені сау, жаны таза адам – қоғам байлығы. Саламатты өмір салтын қалыптастыру және адамның өз денсаулығына деген жауапкершілік қағидаттары – денсаулық сақтау саласында, мемлекеттік саясатта және тұрғындардың күнделікті өмір сүру тәртібінде басты байлық саналады.
«Денсаулық – зор байлық» демекші, әр адам өз денсаулығын қорғап, сақтаушысы болуы керек. «Мемлекеттің басты байлығы – адам» десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Әйтсе де, бүгінде әлем жұртшылығын дүр сілкіндірген коронавирус індеті біздің де елімізді айналып өтпеді. Өкінішті. Осы ретте, елімізде аты жаман індетпен күресте ауқымды жұмыстар қолға алынып, адам өмірі үшін арпалыста ақ желеңділер табандылық танытты. Қазіргі таңда да карантин талаптары қатаңдатылып, мерекелік кештерге, жиындарға тыйым салынып отыр. Өйткені, індеттің алдын алу және болдырмау – басты міндет.
Біздің ауданымызда да санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Оның ішінде ауданға қарасты Қызыларық ауылдық округінде де жағдай қалыпты. Жалпы ауылдық округке бес елдімекен, яғни Қызыларық, Сұрым, Ақтөбе, Теріс-Ащыбұлақ, Алатау ауылдары қарайды. Аймақта 415 аула, 2485 тұрғын, оның ішінде 546 жас бар.
-Әлем елдерімен бірге біздің елімізді де әбігерге салған коронавирус індеті көптеген жайттардың бетін ашып берді. Адам денсаулығының, уақыттың, жақынның қадірін білуді ұғындырды. Ең бастысы, саулық сақтықта екенін, тазалық негізі саулық екенін түсіндірді.
Ауылдық округте санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Санитарлық талаптарға сай жұмыстар атқарылуда. Сақтық шаралары ауылдық округ әкімі аппаратынан басталады. Қызметкерлер медициналық бетпердемен жұмысқа келіп, анисептикті қолданады. Тазалық жұмыстарын жүргізіп, бөлме іштері желдетіледі. Індетке байланысты сыртта жұмыс істеп келген адамдар тұрақты түрде бақылауға алынған. Ауылдық округте қашықтан білім алып жатқан студенттердің тізімі алынып жасалынды. Аймақта 65 студент бар, қазіргі таңда оның 27 білімгері ата-анасына қолғабыс етсе, 38 білімгер сыртта жүріп онлайн оқуда.
Ауылдық округте осы уақытқа дейін індетті жұқтырушылар саны барлығы 7 адамды құрады. Оның ішінде екеуінен COVID індеті анықталды және ол азаматтардың үйлері екі аптаға оқшауланып, еріктілердің көмегімен дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізу жұмыстары жүргізілді. Ал 5 тұрғынға пневмония диагнозы қойылып, олар дер кезінде емделді.
Бұл уақытқа дейін ерікті жастардың және ауылдық округ әкімі аппараты мамандарының белсене атсалысуымен үгіт-насихат, түсіндірме, медициналық бетперде тарату тағы да басқа жұмыстар атқарылды. Бүгінгі таңда да ауылдағы әр мекеме өздеріне қойылған санитарлық талаптарға сай жұмыстар істеуде.
Ауданымызда індеттің алдын алу және болдырмау мақсатында арнайы мобильдік топтар құрылды. Ол топтың құрамында ауылдық округ әкімі ретінде мобильді топ мүшелігіне енгізілдік. Сол себепті де округ бойынша еріктілермен бірге белсенді, яғни түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдық округ тұрғындары өз денсаулықтарын алдындағы жауапкершілікті түсініп отыр. Ауылда жиын-той, мерекелік кештер ұйымдастырылмайды.
Жерлестеріме бұл індеттің қауіпті екенін ескертіп, үйіңізден шықпауға кеңес беремін. Карантиндік жағдайдың талаптарын қатаң сақтаңыздар! Аса қажет болған жағдайда сыртқа шықсаңыз (тамақ, дәрі-дәрмек алу үшін, медициналық көмек керек жағдайда), далаға шығар алдында медициналық бетперде, қолғап, жыл мезгіліне сәйкес жеңі ұзын жейде киіңіз. Қолыңызды сабынмен (кемінде 20 секунд) жиі жуыңыз немесе құрамында спирті бар антисептикпен жиі сүртіңіз!
Үй-жайды жиі желдетіп отырыңыз! Байланыс құралдарын пайдаланып, басқа адамдармен қашықтан сөйлесіңіз. Қонаққа бармаңыз және достарыңызды үйге шақырмаңыз. Саламатты өмір салтын ұстаныңыз, құнарлы тамақтанып, иммунитетті нығайтатын дәрумендерді қабылдаңыз немесе олардың жоғары құрамы бар өнімдерді қолданыңыз, – дейді Қызыларық ауылдық округінің әкімі Марат Қасымбеков.
Бұл сақтану шараларын әрбір адам өзінің күнделікті өмір сүру қалпына енгізсе, індеттің беті ауыздақталары анық. Сол себепті өз денсаулығыңызбен қатар отбасы мен жақыныңызға жанашыр болғыңыз келсе, саулық сақтықта екенін естен шығармаңыздар.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ
«Jańa ómir»