Basty bet
Ғұламаның көзқарастары
Әл – Фарабидің дүниеге көзқарасы социология, этика, эстетика проблемаларын бірге қамтитын іргелі жүйе. «Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактаттарында әл-Фараби өз заманында сирек кездесетін соны пікірлер айтады, тіршілік пен ой-пікірдің тарихи негіздерін қайта құру тұрғысынан алғанда аса маңызды қағидалар ұсынады; мұнда адам қоғамының тегі туралы, мемлекеттік құрылыс туралы, қоғамдық тіршіліктің түрлі формалары, адамның этикалық және басқа мінез-құлық ережелері туралы баяндалады. Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси көзқарастары нақты фактілері жағынан ибн Халдунның еңбектерінен түсіп жатқанымен, теориялық дәрежесі жағынан оған бастапқы үлгі бола алады. Әсіресе, оның жер бетіндегі күллі адамзат қоғамдарының жиынтығы ретіндегі ұлы қоғамды суреттейтін гуманистік концепциясы тамаша.
Адам бойында туа біткен білім болмайды деуге гносеологиялық принципті дәйектілікпен қолдана отырып, әл-Фараби этикалық қасиеттер туа бітеді деген пікірді де бекерге шығарады. Бұл қасиеттер дағды мен тәрбие күші арқасында ғана осылай көрінеді. Адам парасатты күйінде тумайды, онда тек парасаттылық қабілеті ғана болады, дәл сол сияқты ол әуелден жауыз немесе бұзақы, хатшы немесе тоқымашы болып та тумайды. Жалпылама баяндауына қарамастан, әл-Фараби көрсеткен, мемлекет қайраткеріне тән ақиқатты жарату, ізгілік, байсалды мінез, адамгершілік сипаттар қазіргі кезде де маңызы мен мағынасын жоғалтқан жоқ. Ол соғыс жағдайын сорақы нәрсе деп біледі, шамадан тыс тақуалықты айыптайды. Бір айта кетерлік нәрсе, ибн Синаны әл-Фарабиден артықша дәріптеу дәстүрін берік ұстанған. Г.Лейдің өзі социология саласында негізгі қағидаларды ұсынған әл-Фараби деп санайды.
Әл-Фарабидің логикалық трактаттарының да үлкен маңызы бар. Категория, семантика, тіршілік ету предикаты проблемаларын, т.б. белгілеп шешкен бұл трактаттар оны Аристотельдің логикалық идеяларын жалғастырушы және математикалық логика элементтерін күні бұрын меңзеп көрсеткен ойшыл деп білуге мүмкіндік береді. Ең соңғы кездегі ислам логиктерінің бәрі де соған сүйенеді. Өзінің айтуына қарағанда, оның бұл саладағы ұстаздары Абу Бишp Maттa бен Юнус және Юханна бен Хайлан болған. Грек логикасының таралуына септігін тигізген Шығыстың несториандық-христиандары теологиялық мақсатпен «Екінші Аналитиканың» және «Бірінші Аналитика» бөлігінің гносеологиясын діни уағыздарға жол бермейтін нәрсе деп ұнатпаған. Сондықтан «Екінші Аналитика» 900 жылы ғана аударылған. Әл-Фарабидің Платон мен Аристотельдің диалектикалық идеялары жөніндегі көзқарастарына зер салып өткен жөн. Әл-Фарабидің өзімізге көптен белгілі еңбектерінен біз оның қат-қабат тұжырымдар жасауға, проблемалар ұсынуға келгенде мейлінше зерек екенін көреміз.
Әл-Фарабидің бірқатар трактаттарының тұңғыш рет бүтіндей орыс тілінде, содан соң қазақ тілінде жарық көруі терең мағыналы іс. Жұртқа мәлім, бұрын артта қалған бірқатар халықтар мәдениетінің іргесі қаланды. Келелі әлеуметтік өзгерістер арқасында қазақ халқының өкілдері дүниежүзі философиясының ең үздік жетістіктерін игеруге, осы тұрғыдан үзіліп қалған мәдени-тарихи дәстүрлерді де қалпына келтіруге мүмкіндік алды. Қазақ халқы Әбу Насыр әл-Фарабиді баулып өсірген туған елінің мұрагері ретінде енді өзінің көне мұраларын жаңғыртып, өткен шақтың байлығын игере алады. Жаңаша қоғам орнатушыларды өткендегі мәдени мұраны толық игеруге, отаншылдық патриотизм рухында тәрбиелеуде мұның маңызы ерекше. Тарихқа неғұрлым терең үңілген сайын біз ұрпақтардың, тайпалар мен ұлттардың мәдениеті мүлде оқшау дамиды деген «теорияның» негізсіздігін соғұрлым айқын көріп отырмыз. Дүниежүзі мәдениетінің дамуында із қалдырған аса көрнекті қайраткерлер шындығында адамзат мәдениетінің бірлігін паш етіп келеді. Әл-Фараби осындай дүниежүзілік тарихи тұлғалардың санатына қосылады. Ол туған елінің мәдени байлығын, парсы, үнді, антика мәдениеттерінің жемістерін бойына дарытты. Дәл сондықтан да ол тайыз ұғымдар мен соқыр сенімдерден жоғары көтеріле білді, өзінің ойлау жүйесін сындарлы да икемді ете білді. Әл-Фараби өз заманындағы өнер-білімнің ең асылын таңдап ала білді, өз дәуірінің шынайы энциклопедиясын жасап берді. Оның терең мағыналы пікір айтпаған, жете зер салмаған, данышпандық болжам жасамаған бірде-бір білім саласы жоқ деуге болады.
Білімге деген құштарлықтың жетелеуімен ол жас шағында, дүниедегі құбылыс біткеннің бәрі кісіге әрі ғажап, бәрі таңсық көрінетін кезде саяхат жасап, сол замандағы мәдени әлемнің көптеген қалаларында болған. Өз өмірінің көбін ол араб халифатының саяси және мәдени орталығы болған – Бағдадта өткізді. Мұнда ол өз білімін толықтырады, көрнекті ғалымдармен байланыс жасайды, сөйтіп, өзінің білімдарлығы, ақылының алғырлығы және асқан байсалдылығы арқасында көп ұзамай олардың арасында үлкен абырой-беделге ие болады. Бірақ өресі тайыз кертартпа хадисшілер оны жек көріп, күндей бастаған, әсіресе олар әл-Фарабидің бүкіл ойының негізгі мәніне қарсы шыққан, өйткені оның дүниеге көзқарасы шынайы болмысты танып білуге, адам бақытын о дүниеден іздемей, осы дүниеден іздеп табуға меңзейтін еді.
Әл-Фарабидің философиядағы рөлін ұмытушылық әрі оғаш, әрі тарихи әділетсіздік . Әл-Фарабидің мұрасын зерттеуге жол ашқан Дитерици болды. Осынау зерделі зерттеушінің бағалауынша, әл-Фараби ғылымдағы ержүрек қаһармандар санатына қосылады, «соқыр сенім кесапатына қарсы, өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы» аянбай күресті. Рухани өнер-білімді таратып, ілгері бастыру жолында гуманизм мен адамгершілікті баянды ету жолында күрескен әл-Фараби бізге аса қадірлі.
«Фараби» философиялық
трактаттары» кітабынан