Basty bet
Қуатты Армия – мемлекет қалқаны
Тәуелсіз еліміздің шебі бекем, шекарасы бүтін болуы үшін қалтқысыз қызмет ететін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына – биыл 28 жыл. Осы уақыт аралығында ұлан-ғайыр даламызды қапысыз қорғауға қауқарлы кәсіби сарбаздар мен заманауи техникамен жарақтанған айбынды армиямыз аяғынан нық тұрды.
1992 жылы Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 2013 жылдан бері, міне жеті жыл бойына 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнін атап өтіп келеміз. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің жетілгендігін дәлелдейтін мереке.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел алдында егемендігіміз бен шекарамыздың тұтастығын қамтамасыз етуге әлеуетті әскерімізді жасақтау міндеті тұрды. Сондай сын сағаттарда буыны қатаймаған мемлекетті басқарған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешімдер қабылдап, ел көшін жарқын келешекке бастады. Осы жылдар ішінде Қарулы Күштеріміздің сапасы мен салмағы артып, қай бағытта болсын, жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді.
Бүгінде елімізде заманауи, қорғаныс пен ұрысқа барынша қабілетті Қарулы Күштер қалыптасып, одан әрі даму үстінде. Қазақстанның армиясы жаңартылып, оның күш-қуаты нығайтылып қана қоймай, әскери қызметкерлердің әлеуметтік мәселелері де уақытында шешімін тапты. Ең бастысы, жауынгерлердің бойына отаншылдық рухты сіңіріп, әскери қызметтің абыройын асырып, беделін көтеру мақсатты түрде жүзеге асырылуда. Бүгінгі Отан қорғаушы күнінің мемлекеттік мереке дәрежесін алуы да соның айғағы.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім жұмысының басты бағытының бірі – аудан аумағындағы жас жеткіншектерді әскер қатарына шақыру, жастарды патриоттық сезімге, отансүйгіштікке баулу және әскер қатарына барғанда сарбаздық антына адал болуға тәрбиелеу. Осы орайда бөлім Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлермен, олардың өкшесін басып келе жатқан Ауған соғысының ардагерлерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Сондай-ақ, бұл шараға мектептердегі алғашқы әскери даярлық пәнінің ұйымдастырушылары да тартылған. Мектеп қабырғасында өтетін іс-шаралар мен тәрбие сағаттарында ардагерлер жастарға өзі куә болған соғыс қимылдарын, әскери жолын, кездескен қиындықтар, шайқас үстінде қаруластарынан айырылған сәттегі көңіл-күйлерін әңгімелей отырып, сын сағатта әскери антқа берік болуға баулиды. Сондай-ақ соңғы жылдарда жастар бойындағы отаншылдық сезімнің қалыптасуына аудан орталығындағы жерлесіміз, даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі мен ауыл-аймақтарда Ұлы Жеңіс мерекесіне орай тұрғызылған ескерткіш нысандардың да қосып отырған үлесі зор.
2019 жылы көктемде 98, күзде 76 азамат әскер қатарына алынды. Олар негізінен ұлттық Ұланға, Қорғаныс министрлігіне, мемлекеттік күзет қызметіне шекара қызметіне жіберілді. Әскерге шақырылушылардың ең бірінші денсаулығына, біліміне мән беріледі. Соңғы жылдары әскердегі жағдай жақсарып келеді. Сонымен бірге, әскерге өз еркімен баруға ниет білдіретіндердің да саны артты.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты көктемгі әскерге шақыру науқаны біраз уақытқа шегерілгені белгілі. Міне, бүгін Мемлекет басшысы әскери қызметшілерді запасқа шығару туралы Жарлығына өзгерістер енгізген Жарлыққа қол қойды. Жарлыққа сәйкес көктемгі әскерге шақыру науқаны тамыз айына дейін ұзартылды.
Бүгінде бүкіл әлемге жайылған коронавирустық инфекциясының елімізде таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында жарияланған шектеу шараларының сақталуын қадағалауға әскери міндеттілер де тартылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылды. Бұл шараның карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдай режімін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажет екені анық.
Осы ретте, біздің ауданда да арнайы қызметке шақырылған әскери міндеттілердің тобы жасақталды. 14 ерікті әскери міндетті азаматтардың кезекшілік кестесі бекітіліп, олар «Шақпақ» санитарлық-бақылау бекетіне, аудан орталығындағы патрульдік жасақтың құрамында қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыруда Ақтөбе және Қарасаз ауылдық округтерінің әскери есеп үстелінің инспекторлары Төлепберген Садықов пен Бақыткүл Жексекееваның көп еңбек сіңіргенін атап өткен жөн. Нәтижесінде 14 әскери міндеттінің бесеуі Ақтөбе, бесеуі Қарасаз ауылдық округінен.
Жақында ғана 99205 әскери бөлімінің командирі, подполковник Әлжан Хамзин мен Тараз горнизонының әскери полициясының өкілі, подполковник Қайрат Амитов ауданымызға келіп, төтенше жағдай талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге тартылған 14 әскери міндеттінің қажетті жабдықтармен қамтылуын тексеріп, қауіпсіздік іс-шараларын және әскери қызметшілерге қатысты заңнамаларды түсіндірді.
Біздің ең басты құндылығымыз – Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Ал Отанды қорғау – қашанда қасиетті де қастерлі парыз. Аудан жастары мұны жақсы түсінеді, аға ұрпақтан үлгі алады деген сенімдемін. Сондықтан барша жерлестерімді Отан қорғаушы күнімен және Жеңіс мерекесімен құттықтап, еліміз бұдан әрі де өркендеп, көркейіп, Отанымыздың айбын-айбары, болат қорғаны – Қарулы Күштеріміздің әлеуеті артып, нығая түсуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.
Асылбек АХМЕТОВ,
Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің
бастығы, майор