Еліміздегі негізгі Заңы –Конституцияда отбасы, балабақша, мектептің қоғамда алатын орны нақты белгіленген. Конституцияның 27-бабында «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» делінген. Осы бапта ата-аналардың балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу құқығы мен міндеті айқындалған. Осындай нақты міндеттер Ата Заңымызда мектепке дейінгі мекемелермен мектеп ұжымдары алдына да қойылған.
Өзіне қойылған осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген мектепке дейінгі мекемелердің бірі – Қайрат ауылындағы «Мөлдір бұлақ» бөбекжай-балабақшасы. Балабақша 2011 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған. Меңгерушісі – Айша Дәулетбаева. Бүгінде балабақшадағы «Ботақан», «Балапан», «Көбелек», «Күншуақ», «Шұғыла» топтарында 125 бүлдіршін тәрбиеленіп, білім алуда.
-Балабақшада жалпы 40 кісі қызмет етеді. Оның он жетісі педагог. Оның ішінде екеуі – бірінші санатты, он төрті – екінші санатты, біреуі – санатсыз. Мекеме 2018 жылдан бастап Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының құзырына өткен,- дейді мекеме басшысы Айша Сабырқызы. – Педагогтар мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасын негізге ала отырып жұмыс істейді. Балалардың саналы тәрбие, сапалы білім алуы үшін тәрбиешілер осы бағдарлама бойынша үнемі ізденіспен еңбек етеді.
Жақсы мамандық – жақсы болашақтың бастауы. Осы орайда, мекемеде тәжірибелі білікті мамандарымыз жеткілікті. Оның бірі – әдіскер Әлия Есіркепова. Ол жұмыс өтілінің 13 жылын педагогикалық қызметке арнаса, алты жылын әдіскерлікпен өткізуде. Әдіскер ұжымдағы түрлі шаралардың басы-қасынан табылады. Әрдайым ізденісте. Педагогтармен де тығыз қарым-қатынаста. Оларға бағыт-бағдар беріп, білім сапасының көрсеткіші жоғары болуы үшін тынбай еңбек етеді. Яғни, әдіскерлік қызметін жоғары деңгейде атқарады. Оның ұйымдастыруымен айтулы мерекелерге арналған шаралар өткізілуде.
Сонымен қатар, мекемедегі ізденімпаз маманның бірі ретінде «Балапан» тобының тәрбиешісі Шариха Әбілдаеваның есімін атап өтуге болады.
Балабақшадағы хореограф Сюзанна Көпжасарова балалардың қызығушылығын оятып, олардың ортаға бейімделуіне септігін тигізуде. Тәрбиеленушілер бұл сабақта сахнада жүру тәртібін, бидің балаға сай қимылдарын үйренеді. Маман балаларды өнерге баулып отырады. Жалпы балаларға күнделікті әртүрлі нәрсе үйретуге тырысамыз.
Балабақшаның іші жарық әрі жылы. Балалар балабақшаға алғаш келгенде тұйық болады. Уақыт өте келе, олар ортаға бейімделіп, өзін-өзі тәрбиелейді. Кез келген затын орнына қоюға дағдыланады. Адамдармен қалай қарым-қатынас жасауды және өнер-білімді үйреніп, дүниетанымы кеңейіп, мүлдем басқа балаға айналады.
Әр баланың бейімі, мінез-құлқы әртүрлі. Осы ретте, тәрбиеленушілердің ерекшелігін назарға ала отырып, түрлі конкурстарға, байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, 2019 жылы «Данышпан» республикалық қашықтық байқаулар орталығының ұйымдастыруымен өткен «22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні» атты шығармашылық байқауының «Қолөнер» және «Аппликация» номинацияларының І және ІІ орындарға Нұрсезім Мәдехан, Мерейлім Бекқайырқызы ие болды. Сонымен қатар, «Абай – дана, Абай – дара әлемде» атты Абай өлеңдерін оқудан республикалық байқауға қатысқаны үшін ІІ дәрежелі дипломмен Дастан Тағыберген мен Кәусар Бақытжан марапатталды.
Бүлдіршіндердің денсаулығы мықты болуы дұрыс тамақтануына байланысты. Сондықтан ас мәзіріне ерекше көңіл бөлеміз. Ата-аналар балаларының қандай тамақ ішіп жатқанын біліп тұруы үшін күнделікті және он күнге арналған жоспарын бекітіп қоямыз. Кез келген ата-ана онымен танысып, ас мәзірін көре алады. Үш мезгілдік тамақ уақыты белгіленген. Балаларға адам ағзасына пайдалы дәнді-дақылдардан дәмді тағамдар, көкөністерден түрлі салаттар, жеміс-жидектер, шырын, ботқалар тағы да басқа беріледі.
Азық-түлікті Тараздан «Аққайың» жеке кәсіпкерлігінің иесі Данияр Байтыров алып келеді. Кәсіпкер мекемені уақтылы, сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады.
Балабақша ұжымы ата-аналармен де тығыз байланыста. Олар түрлі іс-шараларға келіп қатысып, балаларының өнерлерін тамашалап отырады. Әрине, әр ата-ана өз баласының бойындағы өнерін көргісі келеді. Оған шектеу қоймаймыз. Кез келген шараға қатыса алады. Сонымен қатар, балаларының қауіпсіздігін де бақылай алады. Осы ретте, балабақшадағы бес топтың 11 жеріне бейнебақылау қойылған.
Балалардың дамуына әсер ететін дүниелерің бірі – ойыншықтар. Мекемеде олардың еркін ойнауы үшін ойыншықтар жеткілікті, барлығының сертификаттары бар. Балабақшаның тағы бір ерекшелігі, кварц шамының барлығы. Ол ауаны уақтылы тазартып тұрады. Алдағы уақытта тұзды лампалар алу көзделуде.
Елімізде мектепке дейінгі тәрбие мен білім сапасына көңіл бөлініп, Ата Заңымызда да нақты міндеттер қойылған. Осы міндеттерді негізге ала отырып, балалардың сапалы білім мен тәрбие алуы үшін балабақша ұжымы тынымсыз еңбек ететін болады, – дейді Айша Сабырқызы.
Жалпы еліміздегі игілікті істердің барлығы Ата Заңның аясында атқарылып жатыр. «Бала – болашағымыз» дейтін болсақ, олардың сапалы білім мен тәрбие алуы маңызды мәселелердің бірі. Осындай еркін елде ғана бүлдіршіндердің шат күлкісі естіліп, олардың болашағы да жарқын болады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ