Basty bet
Ақын мұрасы – жаңа заман азығы
«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
Абай Құнанбайұлы
Ақылдың алтын кілті іспеттес, болашақтың мөлдір бастауы болған, даналықтың дария дастаны болған, қазақ елінің маңдайына туа біткен жарық жұлдызы, данышпан Абай атама деген жұдырықтай жүрегімнің түбінде жатқан сыр сандықтағы сырлы сезімімді ақ қағаздың бетіне түсіру – мен үшін мақсатты міндет, парасатты парыз деп білемін.
Абай туындылары ертеңгі ел тірегі, болашақтың іргетасын қалаушы жас ұрпақ біздер үшін, ұлттық тәлім-тәрбиенің рухани негізі және салт-дәстүріміздің жаңғырығы ретінде аса құнды дүние. Қазақ елі ұлы ғұлама, данышпан атамыздың 175 жылдығын тойлап, ұлы тұлғаның тарихқа толы жыр-шумақ өлеңдері мен рухани байлығымыз рухы мықты ұрпақ тәрбиесіне берер тағылымы мол қасиетті қара сөздерін әрбір жүрегі «Мен – қазақпын!» деп соққан қазақ азаматы жыр етіп, қайта жаңғыртуда.
Осы мақсатта Абай ақын жырлағандай, 2019 жылдың «Сұр бұл түсі суық қаптайды аспан, Күз болып, дымқыл тұман жерді басқан» берекесі мол күз айында кіндік қаным тамған туған ауылым, Жуалы өңіріндегі қасиетті Қошқарата ауылындағы «Абай – дара, Абай – дана қазақта» тақырыбында шығармашылық кеш ұйымдастырылып, аталған іс-шара өте жоғары деңгейде бағаланғаны белгілі. Шығармашылық кештің мақсаты – ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін қайта жаңғырту болатын. Кеш барысында бірінші бөлім бойынша мектеп ауласына «Абай ауылы» жасақталып, мектеп мұғалімдері тарапынан Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» эпопеясының желісімен «Абайдың оқудан оралуы», Абай мен Тоғжанның кездесуі «Алтыбақан басында», «Бітімгерлік шешімі» тақырыбында сахналық қойылым қойылды.
Қойылым барысында ұстаздар ұлы дана, ақын атамыздың өмірі мен шығармашылығын, тарихи тағылымын жас ұрпаққа жеткізе білді. Соңынан мектеп оқушылары Абай атамыздың насихатқа толы өлеңдерін мәнерлеп оқып, жүрекке жылы тиер талғамы жоғары Абай әндерін құйқылжыта шырқады. Әрбір саналы қазақ ұрпағы Абай әлеміне үңіліп, Абай шығармаларына бет бұрғаны абзал. Себебі, Абай тағылымы –қазақ халқының ғана емес, әлемге де керекті рухани азық деп білемін.
Абай мұрасы – халық мұрасы, өскелең жас ұрпақтың ақылы мен парасатының даму жолындағы жан-жақты толыққанды дамыған зияткер тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар көзі.
«Рухы күшті, дені сау, білімді ұрпақ – ел келешегі, келбеті»,- деп Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәрбие мен саламатты өмір салтын білімге деген құштарлығы асқан шеберлікпен ақын шығармашылығымен ұштасып, алтын ұя мектепте насихатталып жатса, болашақтың саналы, нәтижелі болары даусыз. Бүгінгі таңда, келешек ұрпақ тәрбиесіне өте қажетті мәселені көтеріп отырған Абай тағылымы оқушылардың бойына мәдениет пен ізгіліктің, адамгершілік пен ізденімпаздылықтың рухани нәрлі дәнін егуді басты мақсат етіп алған ұстаздардың тәрбие құралы деуге болады. Мына өтпелі дәуірде уақытша болып жатқан келеңсіз жағдайларда жас ұрпақ санасының адаспауынан аман алып қалудың да бірден-бір емі мен амалы – Абай әлеміне үңілу, Абай шығармашылығына жүгіну дер едім.
Мақсат АЛМАБАЙ,
№2 Абай атындағы Республикалық
мамандандырылған
дарынды балаларға арналған
қазақ тілі мен әдебиетін
тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың 8 «ә»
сынып оқушысы