Basty bet

Ауданның тазалығы мен көркі – бәрімізге сын

Сейсенбі күні аудандық әкімдікте аудан әкімі Нарбай Ергебековтың төрағалығымен кезекті аудан әкімдігінің алқа мәжілісі өтті. Алқа мәжілісінің күн тәртібінде көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту жұмыстарын өткізу туралы мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша үстіміздегі жылы Б.Момышұлы ауылы мен ауылдық округтерге 24 560 тал-дарақ отырғызылады.
-Аталған тал-дарақтарды отырғызуда “Жасыл белдеу” бағдарламасын іске асыру бойынша ауданымызда 2021-2025 жылдары 100 мың дана тал-дарақтар отырғызу жоспарланып, ол 233,8 гектарды құрап отыр. Бұл бағдарламаның мақсаты – экологияны және қолайсыз климаттық жағдайды жақсартып, елді мекен халқының жайлы өмірі мен демалысына жағдай туғызу.
“Жасыл белдеу” құру тәртібі бойынша тал-дарақ егілетін орын елді мекеннің сыртында орналасуы қажет. Сонымен қатар, оның қоршауы болуы керек. Одан бөлек күтіп-баптау жұмыстары маманмен өз деңгейінде атқарылады. Аталған бағдарлама бойынша жұмыстар сапалы және мерзімінде орындалуы бақылауда болады.
Аталған бағдарламаны орындау қомақты қаржыны қажет етіп отырғандығы белгілі. Сондықтан 233 гектар жерге тал-дарақ отырғызу үшін әр ауылдық округтердегі елді мекеннің сыртынан орта есеппен 16 гектар жер телімдері қажет. Бағдарлама аясында биылғы жылы әр округте орта есеппен 3,3 гектар жер телімдері қарастырылып, 47 гектар жерге 24 480 дана тал-дарақ отырғызу жоспарлануда. Олар қараағаш – 8780 дана, терек – 11 770 дана, жеміс ағаштары – 3320 дана, декоративті ағаштар – 300 дана, қылқан жапырақты ағаштар – 310 дана,- деді Ерболат Оразбақұлы.
Баяндамашы бұдан соң үстіміздегі жылы 1 наурыз бен 1 мамыр аралығында өтетін көріктендіру, көгеріштендіру, абаттандыру және санитарлық тазарту екі айлығына нормативтік-құқықтық акті жобасын бекітуге бірқатар ұсыныстардың енгізілгенін айтып өтті.
Олар: кемшіліктерді дер кезінде жою; Б.Момышұлы ауылы және ауылдық округ әкімдері тұрғындармен өз үйінің маңайы мен көшесінде тазалық сақтау бойынша түсініктеме жұмыстарын үнемі жүргізуді және аталған мәселе бойынша көшедегі көрнекі құралдарға орналастыруды жандандыру; аудандық білім бөлімі мектептерде тазалық сақтау туралы сағаттарын енгізіп, оқушыларды тазалық сақтауға шақыру жөнінде шаралар ұйымдастыруын; ауылдық округ әкімдері және аудандық полиция бөлімі тарапынан санитарлық тазалықты сақтамаған заңды және жеке тұлғаларды әкімшілік жазаға тартуды жандандыру.Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы баяндамашыға екі айлық аясындағы жұмыс барысында бірқатар мәселелерді қатаң бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
-Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасы. Сондықтан көріктендіру, санитарлық тазалық айлығына ерекше мән беруіміз керек. Биылғы жылға жоспарланған тал-дарақтарды отырғызу жоспарын артығымен орындау туралы ұсыныс жасаймын.
Ауылдық округ әкімдері Сіздерден егілген ағаштарды күтіп-баптау, егілген аймақты қоршау, яғни нәтижеге жұмыс істеулеріңізді талап етемін. Одан кейін ескеретін жағдай – бізде әлі де күл-қоқыс жинау мәселесі дұрыс шешілмей келеді. Егер осы қалыппен жүре берсек, енді он жылдан кейін қоқыстың ортасында отыруымыз әбден мүмкін. Сондықтан ауыл әкімдері мен полиция бөлімінің жауапты қызметкерлері тұрғындармен жұмысты талапқа сай ұйымдастыруы керек. Тазалық айлығы қатаң бақылауда болады,- деді аудан басшысы.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының іс жүргізу бөлімшесінің басшысы Нұрпейіс Мұратов баяндама жасады.
-Сенбілік кезінде жиналған қоқыстар 2021 жылы “Нұрболат” жеке кәсіпкерлігінің екі дана “Газ-53” маркалы жүк көлігін пайдалану арқылы тасымалданып шығару ұйымдастырылуда. Аудан орталығында 3070 үй болса, қазіргі уақытта “Нұрболат” ЖК ауыл тұрғындарынан қоқыстарды тасымалдап шығару үшін 1200 үймен келісімшарт жасады. Әлі де жасалатын болады.
Жалпы ауылдағы сауда нысандары мен тұрғындарға 100 дана сын-ескертпелер таратылып, тазалық жұмыстарын жүргізу, қоқыс шығару, келісімшартқа тұруды ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.
Аудан орталығында көктем мезгілінде 1500 дана аққайың және 100 дана қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады деп жоспарлануда,- дей келіп баяндамашы абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарына тоқталды.
-Аудан орталығы болғандықтан Б.Момышұлы ауылында мәселе де көп. Соның бірі – көшелерді жарықтандыру. Қай іс болсын дер кезінде мәселеге жете көңіл бөліп, тиісті жұмысты атқару қажет. Халықтың жанынан дер кезінде табылу керек.
Ауылдың, ауданымыздың тазалығы мен көріктендірілуіне барлығымыз жауаптымыз. Бұл – туған жеріміздің алдындағы парызымыз. Сондықтан барша жуалылықтарды осы маңызды мәселеге үлес қосуға шақырамын!- деді аудан басшысы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2021 жылы ҚР халқының ұлттық санағын дайындау мен өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелері бойынша Жуалы аудандық комиссиясын құру және іс-шаралар жоспарының Жуалы ауданында орындалуы бойынша бақылау бекітілісін бекіту туралы. Аталған мәселе бойынша, яғни халық санағының дұрыс жүргізілуі елдің дамуы үшін қаншалықты маңыздылығына тоқталған аудан басшысы жауапты басшыларды жұмысты дұрыс ұйымдастыруға шақырды.
Аудан әкімі жиын соңында аудандағы індетке байланысты жағдайға тоқталып, халықты санитарлық талаптарды қатаң сақтауға шақыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close