Basty bet
Өмірдің мәні де, сәні де – балалар
Бақытын басқадан емес, баладан іздеген біздің халық үшін өмірде көрген қуаныштарымыздың ең қымбаты – бала.
«Өзіңнен ұл-қыз туса, ей адамзат!
Қолда өсір – ұстай көрме алыста жат.
Мейірімді, таза болса тәрбиесі,
Баланың еркін өсер тәртібі-есі» деп Жүсіп Баласағұни айтқандай, бала тәрбиесіне әрқашан жауапкершілікпен қарау керек.
Саналы ұрпақ тәрбиесінде балабақшаның орны бөлек. Балабақшаға баратын бала мен бармайтын баланың айырмашылығы жер мен көктей. Балабақшада бала көпшілдікті, өнер-білімді, өзін ортада ұстай білуді, қысқасы көп нәрсені үйренеді.
Елімізде коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген төтенше жағдайға байланысты 29 наурыздан бастап балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Алайда 1 маусымнан бастап балабақшалар есігін бүлдіршіндерге қайта ашады деп жоспарланған еді. Өкінішке орай, облысымызда індеттің таралу жағдайының көп тіркелуіне байланысты облыстық штабтың шешімімен карантин режімі тағы да 10 маусымға дейін ұзартылды. Карантин режімінің тезірек аяқталуы халықтың сақтық шараларын қатаң сақтауына тікелей байланысты. Дегенмен, ертелі-кеш балалар сүйікті балабақшаларымен қайта қауышады. Қазіргі таңда балабақшаларда балаларды қабылдауға жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда біз аудан орталығындағы балабақшалардың бірі №1 бөбекжай-балабақшасына барып, ондағы жағдаймен танысып, меңгерушісі Гүлмира Данияровамен сұхбаттасқан едік.
Гүлмира Рахмашқызы 2006 жылдан бастап осы салада қызмет етіп келеді. Оның ішінде 10 жыл «Боралдай» балабақшасында меңгерушілік етсе, 2015 жылдың қараша айынан бері №1 балабақшада басшылық етуде. Дені сау, саналы, рухты ұрпақ тәрбиелеуді өмірлік ұстанымы еткен тәжірибелі, білікті педагог басшылық ететін балабақша ұжымы тәрбиелеген бүлдіршіндер білімді, дарынды ұл-қыз болып есеюде.
-Гүлмира Рахмашқызы, Сіз басқарып отырған балабақшада қанша бала тәрбиеленуде, қанша топ, қанша қызметкер бар?
-Балабақшамызда алты топта 145 бала тәрбиеленуде. Оның ішінде екеуі орыс тілді топтар.
21 педагог, 23 кіші қызметкерлеріміз бар. Педагогтарымыздың ішінде ата-аналар мен балалардың ыстық ықыласына бөленген Шынар Аюбаева, Гүлнар Әмірәлиева, Хуршуд Исмаилова, Пачиза Аллахвердиева сынды тәрбиешілеріміз бен Айман Орынбаева, Фатима Досова сынды тәжірибелі тәрбиешілердің көмекшілері бар.
-Балабақшадағы бала үшін ең маңыздысы – тәрбиешілердің ықыласы, өнер-білімге үйрету әдісі, балабақша тамағының дәмді, сапалы болуы. Бұл жөнінен балабақшада жұмыс қалай ұйымдастырылады? Баланың балабақшадағы бір күні қалай өтеді?
-Ең алдымен, таңертең тәрбиешілермен бірге медбикеміз балаларды қарсы алады. Медбике балалардың денсаулығын, көңіл-күйіне, ауа райына байланысты киген киіміне, тазалығына қарайды. Кей балалар ұйқысы қанбай келеді. Оларды төсекке жатқызып ұйықтатып алады. Әрі қарай балалар таңғы жаттығу жасап, таңғы ас ішеді. Балабақша болғандықтан барлық тәрбие-білім ойын арқылы үйретіледі. Балалардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін бүлдіршіндерді ауылдық балалар кітапханасына алып барамыз. Табиғат аясына серуен жасатамыз. Балаларды еңбекке баулу әрі көкөністің қалай өсетінін көрсету мақсатында әр топқа арнайы жер бөліп беріп, сол жерлерге түрлі көкөністер егіп, күтіп-баптаймыз.
Жоғарғы топ бүлдіршіндерін мектеппен таныстыру мақсатында №1 мектеп-гимназиямен келісіп мектепке, отансүйгіштікке, тарихымызды танып-білуге баулу мақсатында мұражайға алып барамыз. Қысқасы, баланы саналы, жан-жақты тәрбиелеу мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргіземіз.
Ал балаларға берілетін тамақ мәселесіне келсек, жеке кәсіпкер азық-түліктерді алып келгенде жауапты мамандар бірге басы-қасында болып талапқа сай ма, рұқсат қағаздары бар ма барлығын тексеріп қабылдаймыз. Балаларға күніне үш рет тамақ беріледі. Әр күнге әртүрлі ас мәзірі дайындалады. Тамақтың сапалы, дәмді болуын медбикеміз Ақмарал Рахманқұлова қатаң бақылайды. Тамақ дайын болғанда да медбикеміз көріп, таратуға рұқсат береді. Балалардың тамағы жағынан ешқандай ата-аналар тарапынан шағым түскен емес. Біз ата-аналарға үнемі «егер балаларыңызға берілетін тамаққа көңілдеріңіз толмаса, балабақшаға келіп, бұл мәселеге қатысуға толық мүмкіндіктеріңіз бар» деп айтып отырамыз.
Жаздыгүні балаларға тамақ төрт мезгіл беріледі. Жаз мезгілінде дәрумендермен, яғни көбінде жеміс-жидектермен, көкөністермен тамақтандыруға тырысамыз.
Тамаққа таза табиғи көкөністерді пайдалану мақсатында кішігірім бау-бақшамызда өсірілген көкөністерімізден салаттар жасаймыз. Бақшамызда өскен алма, алхоры, шие, алмұрттан түрлі тәтті сусындар жасап береміз.
-№1 балабақша ғимараты ескі ғимараттардың бірі. Алайда жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Жөндеу жұмыстарына байланысты алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?
-Төрт топтың және балабақша әкімшілігінің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі топқа ванна бөлмесі жабдықталды. Енді төрт топқа ванна бөлмесін жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Ғимаратқа күрделі жөндеуді өткізу де жоспарланған. Бұл мәселе 2021 жылға қалдырылып отыр. Биылғы жылы барлық аулаға брусчатка төселу жоспарлануда.
Сонымен бірге, айта кетерлік мәселе мектепке дейінгі даярлық топтарына баратын балалары бар жұмыс істейтін ата-аналар тарапынан мектепте балаларымыз сағат 11-ден кейін босап қалады. Әрі қарай балаларымызды қайда алып барарымызды білмей қаламыз. Сондықтан мектепке дейінгі даярлық топтары балабақшада, сіздерде болса деп өтініш айтып жатады. Оған біздің мүмкіндігіміз бар. Яғни, бос тұрған ғимараттарымыз бар. Егер аудан әкімі қолдау білдірсе, топ ашып, қызмет көрсетуге біздің қызметкерлердің мүмкіндігі жетеді.
-Карантин режімі аяқталғаннан кейінгі жұмысқа дайындықтарыңыз қалай? Жалпы, жұмыс барысында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
-Карантин режімінен кейін әр топқа уақытша 15 баладан ғана қабылданады. Ең бірінші жұмыс істейтін ата-аналардың балалары қабылданады.
Қазіргі таңда балабақшада ішкі-сыртқы тазалық, әрлеу-сырлау жұмыстары жасалып, балаларды қуанышпен қабылдауға жағдай жасалуда. Бұл жұмыстар аяқталып та қалды. Әр топта, әр бөлмеде антисептиктер қойылған.
Балаларды қабылдамас бұрын олардың отбасы мүшелері індетпен ауырғандармен ешқандай байланыста болмағандығы туралы ауруханадан анықтама алсақ деген жоспарымыз бар. Жұмыс басталғанда сақтық шаралары қатаң сақталады. Ата-аналар ішке кіргізілмейді. Балаларға қазір онлайн түрде қолдарын қалай жуу керек, қалай қорғану керектігін үйретіп жатсақ, балабақшаға келгенде көзбе-көз күнделікті үйрететін боламыз. Сұйық сабындар, мата сүлгі емес, қағаз сүлгілер, ылғалды майлықтар пайдаланылады. Бұрын топтарда күніне үш рет ылғалды жинау жүргізілсе, енді алты рет, яғни әр екі сағат сайын ылғалды жинау жүргізіледі. Сонымен бірге, бөлме жиі желдетіліп, алты рет кварцталады.
-1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнін қалай атап өтуді жоспарлаудасыздар?
-Жылда орталық алаңға балаларды алып барып, ерекше сән-салтанатымен атап өтуші едік. Сахнаның құдіреттілігі сол балаларымыз сахнаға шығып жайнап, өз өнерлерін көрсетіп, шат-шадыман болушы едік. Биыл өкінішке орай балалар үйде отбасымен атап өтеді. Алайда ең бастысы, балалардың саулығы, қауіпсіздігі. Алда әлі-ақ, мерекелерді бірге шат-шадыман күйде атап өтетін боламыз. Балалар бізді, біз балаларды сағындық. Балабақшаның, жалпы өмірдің мәні де, сәні де – балалар. Балабақшамыздың іші-сыртынан баланың сыңғырлаған күлкісі мен былдырлаған даусы естіліп, базар болатын күнге жетуге бәріміз асықпыз. Карантин режімі ұзартылуына байланысты 1 маусым күні республикалық «Бақытты балалық шақ» акциясы аясында «Бала және отбасы» қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Акция аясында аз қамтылған және жартылай жетім балалардың үйлеріне барып, сыйлықтар беріп, балаларды құттықтап, көңілдерін көтергіміз келеді. Мақсатымыз – қолдан келгенінше бар жақсылықты, бар қуанышты балаларға сыйлау.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев індетті ертерек жеңу мақсатында жүйелі түрде үлкен жұмыстарды атқаруда. Тәртіп пен бірліктің арқасында індетті жеңіп, бұрынғыдан да жарқын күнге жететінімізге сеніміміз мол.
-Әңгімеңізге рақмет! Елімізде қуанышты, мерейлі күндер көп болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»
Фотосуреттер балабақшаның мұрағатынан алынды.