Basty bet
“…Мәңгілігін ойлаған ел ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін себеді”
Аудандық мәдениет үйінде облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен “Бала қауіпсіздігі – қоғамның басты міндеті” тақырыбында ата-аналармен кездесу өтті.
Баланың қауіпсіздігін қоғам болып қорғау, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатындағы кездесуге құқық қорғау органдары, аудандық мәслихаттың депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ауылдық округ әкімдері, аудандық билер, қоғамдық кеңес, ардагерлер, әкелер, аналар алқасының мүшелері, 39 білім беру мекемелерінің директорлары, құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтары, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағалары, мектеп психологтары, аудандық орталық аурухананың “Сенім” жастар орталығының жауапты қызметкерлері қатысты.
Кедесуді аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, сөз кезегін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбекке берді. Мейірхан Азатұлы бала тәрбиесі ата-ана мен мектеп ғана емес, бүкіл қоғам болып көңіл бөлуді қажет етіп отырған нәзік әрі күрделі мәселе екенін айта келіп, Шымкент қаласынан арнайы шақырылған кездесудің қонағы, психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкаяға сөз кезегін берді.
Гүлжан Ералықызы өз тәжірибесінде ата-аналар мен балалармен жұмыс барысында жиі кездесетін жағдайларды зерделей келе, ата-аналармен көптеген ағартушылық жұмыстарды атқару қажеттігін баса айтты. Гүлжан Ералықызының дәрісінің қатысушыларға берері көп болғандықтан дәрісті толық беруді жөн санадық.
-Құрметті ата-аналар! Бүгінгі кездесуімізде менің жасайтын баяндамамның басты мақсаты – ата-аналар қоғамына кішігірім психологиялық ағарту жұмыстарын жүргізу. Әрбір бала ерекше, дегенмен, жалпы балалардың психикалық дамуында белгілі бір заңдылықтар мен ортақ ережелер бар. Бала психологиясын ғалымдар ғасырлар бойы зерттеп келеді, сондықтан, көптеген сұрақтарға бүгінгі күні жауаптар бар.
1. Баланың эмоционалды қажеттіліктері.
Бес жылдан астам балалар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлық мәселесін зерттей келе, менің байқағаным, көп ата-аналар, келесі қателіктерді жіберген. Әдейі емес әрине:
Баланың негізгі қажеттіліктерін елемеу. Тамақтану мен киім кию сияқты материалдық қажеттіліктерден бөлек балада эмоционалды, әлеуметтік және интеллектуалды қажеттіліктер бар. Көп ата-аналар оларды назардан тыс қалдырып, баласын тамақ, киіммен қамтамасыз еткенін жеткілікті деп санайды.
Эмоционалды қажеттіліктерге қауіпсіз байланыс пен жылулық кіреді. Бала өзіні ата-анасы үшін маңызды, сүйікті және мақтауға лайықты екенін сезінгісі келеді. Ата-ана балаға қажетті назар аудармаса, бала өзін олар үшін маңызды емес деп сезініп, бұл қажеттілігін теріс мінез-құлық арқылы қанағаттандырады, яғни жаман әрекеттермен болсын, өзіне назар аударуға мүжбүр етеді.
Әлеуметтік қажеттіліктердің негізінде, бала отбасы мүшелері арқылы үлкен өмірдегі қоғамға бейімделуді үйренеді. Отбасында қарым-қатынас құруды, кикілжіңдерден шығуды, кез келген мәселе туындағанда оны шешу жолдарын үйренеді. Кейде ата-анасының өзі дұрыс қарым-қатынас құрудың орнына, дауларды ұрыс-керіс, біріне бірі айқайлау немесе мүлдем қол көтеру арқылы ғана шешуді үйрете алады.
Сонымен қатар, мәселе туындаған кезде оны шешу жолдарын емес, бірін бірі айыптауға, өзін қорғап, ақтауға көшетіні шындық. Мұндай отбасылар әрине бейімделудің теріс жолдарын үйретеді.
Интеллектуалды қажеттіліктерге баланың бойындағы табиғи ізденімпаздығы, айналасын зерттеу қажеттілігі кіреді. Оларды қанағаттандыру үшін баламен жиі сұхбаттасып, ой-өрісін, көзқарастары мен пікірлерін талқылап дамытуға көмектесу керек. «Не туралы ойлап отырсың?», «Мына жағдай туралы қандай пікірдесің?», «Не сезіп тұрсың?», «Сен бақыттысың ба?» деген сұрақтар арқылы, баланың бойындағы ойлау, өңдеу, өз пікірімен бөлісу дағдыларын қалыптастыру қажет.
Жалпы кез келген бала өзінің сезімдерін, қажеттіліктері мен пікірін ашық түрде айтуды үйренуі керек, сонда арадағы реніш, өкпе, айыптаулар азаяды.
2. Тәрбиеде кездесетін қиындықтарды шешу.
Бала тәрбиесі оңай шаруа емес, сондықтан, оны жеңілдету үшін көп ата-аналар ең оңай жолды таңдайды – қорқыту, күш көрсету, теріс баға беру, яғни сын айтып отыру. Алайда, бұл әдістер дәл қазір керекті нәтижені бергенімен, ұзақ мерзімде теріс әсерін тигізеді. Бала тек қорыққаннан ғана сыйлайтын болады, айқай мен жұдырыққа еті үйреніп, жай сөзбен айтқанды түсінбейтін, сонымен қатар, өзі де болашақта дегеніне қол жеткізу үшін тек күш пен айқайды ғана қолданады, ал қоғамға мұндай адамдар ұнамайды, сондықтан, жүрген жерінде ортаға сыймайтын болады.
Баланы тәрбиелеу барысында оған зиян келтірмеу үшін ең алдымен ата-ана өздері үшін қатаң ережелерді бекітіп алу керек. Қандай жағдай орын алмасын, ол ережелерді бұзбайтын шешімдер іздейтін болады. Ережелердің мысалы:
1. Балаға қол көтермеу;
2. Намысын қорламау, үстінен күлмеу;
3. Ешкіммен салыстырмау;
4. Баланың өзіне теріс баға бермеу, тек оның әрекеттерін ғана бағалау
5. Кез келген мәселеде баланың ғана пайдасын ойлап, шешім қабылдау, туысқандар, өздерінің абыройы немесе жұрттың сөзін емес.
6. Қиындық туындағанда ең алдымен «Кім кінәлі?» емес, «Қандай шешімі бар?» деген сұрақ қою
7. Жағдаят күрделі болса, оны шешу үшін өздеріне уақыт беріп, мәселеге қадалып қалмау.
Осындай ережелер ата-ананы қателіктерден сақтап, алаңдау деңгейін төмендетіп, өзіндік бағалауларын да қалыпқа келтіреді, сондықтан, бұл ережелер отбасы мүшелерінің барлығына пайдалы.
Құлақ салмайтын, айтқанды тыңдамайтын бала тәрбиесі жөнінде де көптеген әдістер бар және мұндай баламен қарым-қатынастың маңызды белгілері бар.
• Бала өмірге қолындағы бар құралдарымен бейімделеді, егер сіздің балаңыз ұрыс-керіс, ренжіп кету сияқты әдістерді қолданса, ол да бейімделу механизмі. Басқа жолдарын үйрету керек.
• Қарсы шығу – баланың табиғи қажеттілігі екенін түсініп, мұндай мінез-құлықтың дамуына кедергі жасамауымыз керек, себебі оған үлкен өмірде бұл қабілет қатты қажет болады.
• Айтқаннан шықпайтын, берген тапсырманы құлшыныспен орындап, жоқ деп айта алмайтын, бала болашақта көптеген невротикалық, алаңдаушылық мәселесіне жолығады. Ол қазір сізге «Жоқ» деп айтудан қорықса, болашақта басқаларға да айта алмайды, сондықтан, көп артық міндеттемелерді жүктеп алып, өмірден тез шаршайды.
• Баладан мінсіз болуды да талап ету – үлкен қателік, себебі мінсіз адам адамзат тарихында болмаған. Жалпы балаға орындай алмайтын талапты қою дұрыс емес, себебі ол үнемі жеңіліп, өзін төмен бағалайтын болады, өзін лайықты емес, сәтсіз деп сезінеді.
Жалпы бұл тақырыпта көп маңызды білімдер бар, оларды білу ата-анаға бақытты бала тәрбиелеп өсіруге көмек береді. Ізденіңіздер, өздеріңіздің ата-аналық қабілеттеріңізді дамытыңыздар.
Келесі кезекте облыстық психикалық денсаулық орталығының суициодологы Сәуле Борашева “Жасөспірімдер арасында көңіл күйдің қобалжу түрлері” тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы өмірде көптеген ата-аналар аңдамай сөйлеу арқылы өз баласының бойындағы жақсы қасиеттерді өшіріп тастайтыны, бұл үлкен қателік екенін “астын сызып” айтты. Сонымен бірге бала ата-ананың сөзінен емес, іс-әрекетінен тәрбие алатыны, сондықтан ата-ана баласын қандай болғанын қаласа, өзі сондай болуға тырысуы маңызды екенін жеткізді.
Кездесуді жүргізген Мейірхан Азатұлы облыста облыс басшысының қолдауымен “Құндылыққа негізделген білім беру” атты бағдарламамен жұмысты қолға алғалы отырғанын жеткізді.
-Мәселен, алдымен сәлемдесу құндылығымен белгілі бір уақыт аралығында жұмыс жасалады. Себебі, көптеген мектептерде балалар үлкендермен сәлемдеспейді. Сондықтан балаға сәлемдесу арқылы өзі қаншама жақсылыққа кенелетінін үйретіп, санасына сіңіру керек. Әрі қарай құрмет, денсаулық т.б құндылықтар сіңіріледі.
Аталған бағдарлама аясында әр ауданнан бір-бір мектеп және Тараз қаласынан екі мектеп, жалпы 12 мектептің әрқайсысынан 24 педагогтан оқытылады. Әрі қарай ол мектеп басқа мектептерге үйретеді. Сонымен бірге 270-ке жуық психолог мамандарды оқытуды жоспарлап отырмыз,- деді басқарма басшысы.
Ата-аналардың үлкен қателікке жол беруінің алдын алу үшін облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев өмірімен қоштасқан баланың қоштасу хатын оқып берді. Мұхит Аманқұлұлы соңынан “Бала тәрбиесінде біз бір-бірімізді айыптаудан арылып, күш біріктірейікші. Себебі, айыптау арқылы көптеген құндылықтарымыздан, басты байлығымыз баламыздан айырылып қалудамыз. Керісінше, бір-бірімізді тыңдап, сырласып, көмек беруге дағдыланайық.
Бала тәрбиесі, ата-ана болу деген – өзінше бір ғылым. Сондықтан бұл мәселеге байыппен қарап, әрқайсысымыз өз үлесімізді қосайық.
Біз баланың көз алдында әрдайым жақсы жағынан көрініп, үлгі болайық. Айтайын дегенім, балалармен жұмыс барысында бір баладан “Сен ішімдікті неге ішіп көргің келді?” деген сұрағымызға мынадай жауап алдық: “Үйге қонақтар келеді. Олар дастарқан басында арақ ішеді. Соңынан ата-анам бізді шақырып, бізге тілек айтқызып, артынан арақ ішеді. Сосын мен де ішіп көргім келді” дейді. Кейбір әкелер баласына арақ ішпе, темекі шекпе деп ақыл айтады да, өзі баласын арақ, темекі әкелуге жұмсайды. Бала оны алып келе жатып өзінде де қызығушылық оянады. Қолына ұстап көріп, оны пайдалану қалыпты жағдай деп ойлайды. Сондықтан ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін көтеру маңызды” деген пікірімен бөлісті.
Келесі кезекте “Сенім Болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжанов “Ұрпақ бақытының кепілі – саналы ата-ананың тәрбиесінде” атты баяндамасымен бөлісті.
-Қоғамда нашақорлыққа тәуелділікке бой алдырған жастармен жұмыс жасағанда олардың 95 пайызы бұл теріс жолға қызығушылықпен келгенін айтады. “Не болады екен?” деген қызығушылықпен келген жас қалай есірткіге тәуелді болып қалғанын білмей жатады. Тағы бір қиыны – бір нашақор табыс үшін өзінің қатарына жеті жасты тартады. Бала көкейіндегі сұрақтың жауабын телефонның, компьютердің ар жағындағы қаскөйден алмауы үшін баламен ата-ана жиі сырласуы керек.
Ата-аналар форумында белгілі бір тұлғалы азамат ата-аналарға “Бала бұ дүниеге не үшін келеді?” деген сұрақ қойды. Ата-аналар өз жауаптарын айтты. Әлгі азамат “Әрине, барлықтарыңыздың жауаптарыңызбен келісемін дей келіп, өзінің жауабын айтты: бала бұл өмірге ата-ананың мәдениеті мен тәрбиесін сынау үшін келеді” деді. Сондықтан қымбатты қатысушылар, біз балаға көп уақытымызды арнайық, дер кезінде мән берейік. Себебі, өміріміздің мәні де, еліміздің болашағы да – бала. Бүгінгі жиналыс әрі қарай “Бала мейіріммен өсуі керек! Бөтен бала жоқ!” дегендей ұранмен жалғасын тапса,- деді Дәурен Орайұлы.
Мейірхан Азатұлы республикалық ата-аналар форумында айтылған даналық сөздерге мән берді.
-“Мейірім жоғалған үйде – әлемде жамандық күшейеді”, “Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді, мәңгілігін ойлаған халық ұрпағының санасына ізгіліктің дәнін себеді”. Сондықтан біз жақсылықты көбірек насихаттауымыз керек. Мектеп басшылары ата-аналар мен балаларды байланыстыратын іс-шараларды көбірек ұйымдастыру қажет. Мәселен, ата-анамен бірге гүл өсіремін немесе ағаш егемін, анасымен бірге ертегі оқу немесе анаға, әкеге хат деген сияқты шараларды көбірек ұйымдастыру керек.
Буллинг деген – балаға күш көрсету. Оның да алдын алу үшін, яғни баланың қауіпсіздігін қорғау үшін жұмыстың әдіс-тәсілдерін ойлап табыңыздар.
Қысқасы, баланың жүрегіне жол тауып, мейіріммен қарап, ізігілік нұрын сепсек, бала тәрбиесінде күш біріктірсек, үлкен нәтижеге қол жеткіземіз,- деді Мейірхан Азатұлы.
Кездесу соңынан “Сенім Болашақ” республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының психологы Марал Хантөре сахнаға төрт әкені шақырып, психологиялық тренинг өткізді. Психолог маман тренинг арқылы ата-аналарға баланың жүрегіне сөз арқылы жара салудың, ашумен шешім қабылдаудың салдары, баланы мақтаудың, ата-ананың сенімі мен мейірімінің бала үшін қаншалықты маңызды екенін, қандай биікке жетелейтінін түсіндірді. Тренинг соңынан ата-аналарды айналасына үнемі жылу беріп, жақсылықтың жаршысы болып жүруге шақырды.
Кездесуді аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы қорытындылады.
-Бұл өмірде бала тәрбиесінен маңызды тақырып жоқ. Себебі, бала – болашағымыз, еліміздің ертеңі. Бала тәрбиесін уақыттың тапшылығына немесе тұрмыстық тапшылыққа тіреп қоюға болмайды.
Баланың тәрбиесі – ана-ананың айнасы. Сондықтан ата-ананың жауапкершілігін көтеру керек. Ал, мектеп ата-ананы толықтырып, тығырықтан шығуға бағыт-бағдар беруі қажет.
Бүгін қаншама білімді мамандар арнайы келіп өз тәжірибелерімен бөлісіп, қаншама қажетті, пайдалы мағлұматтар берді. Бұл өте пайдалы, тағылымды кездесу болды. Сондықтан осы кездесуді ұйымдастырған облыс әкімдігінің білім басқармасына үлкен алығысымды білдіремін.
Екіншіден, бүгінгі кездесуге қатысқан барша жерлестер сіздерден бүгінгі алған ақыл-кеңес, пайдалы білімдеріңізбен үлкен жауапкершілікпен, жанашырлық, патриоттық сезіммен өз орталарыңызда, өз ауылдарыңызда бөлісулеріңізді сұранамын,- деді Жалғас Әлижанұлы.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»